Луис Суарес 2 жылға футболдан шеттетілуі мүмкін
Луис Суарес 2 жылға футболдан шеттетілуі мүмкін
Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) Бразилияда өтіп жатқан әлем чемпионатының топтық кезеңінің матчында Италия командасының қорғаушысы Джорджио Кьеллиниді тістеп алған Уругвай құрамасының шабуылшысы Луис Суареске қатысты тәртіптік іс қозғады. Бұл туралы федерацияның сайтында хабарланды.
FIFA ережелеріне сәйкес, осындай тәртіп бұзушылық үшін футболшыға 24 матчқа, яғни 2 жылға дейін ойыннан шеттету жазасы қолданылады. Сарапшылар өте қатаң жаза қолданылмайды және Суаресті бұдан әлдеқайда жеңіл айып күтіп тұр деп топшылауда. Айта кетейік, уругвайлық шабуылшы бұған дейін де өз қарсыластарына бірнеше рет тіс батырып көрген. Осыған ұқсас оқиға бірінші рет 2010 жылы болды. Ол кезде Голландияның «Аякс» командасы сапында ойнап жүрген Суарес ПСВ ойыншысы Отман Баккалды тістеп алды. Кейін Англияның «Ливерпуль» командасына ауысқан шабуылшы 2013 жылы «Челсидің» қорғаушысы Бранислав Ивановичті иығынан тістеп алды. Сол үшін Англия футбол қауымдастығы Суаресті он матчқа қатыстырмай қойған болатын.
Ақпарат көзі: www.kazinform.kz