Тәртіп сақшыларының тірлігі теңге жинау ма?
Тәртіп сақшыларының тірлігі теңге жинау ма?
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысында ішкі істер органдарындағы сыбайлас жемқорлық фактілерінің жиілеп кеткендігі қатаң сынға алынды.
Құрылымдағы сыбайлас жемқорлық-тың алдын алу бағытында атқарған шараларды мәлімдеген облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Тілеген Маткеновтің баяндамасы өңір басшысының көңілінен шықпады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыс бойынша департаментінің бастығы Мұрат Қарымсақов тәртіп сақшыларының пара алуға келгенде алдына жан салмайтынын жасырмады. Оның айтуынша, өңірдегі мамандандырылған күзет басқармасының орта деңгейдегі басшыларының ақша жинаумен ашық түрде айналысып жатқанын тілге тиек етті. Облыс прокуроры Ибраһим Иманов та полиция қызметкерлерінің әрекетіне көңіл толмайтынын жеткізіп, мүмкіндігінше «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің алдын алу қажеттігін ескертті. Өз кезегінде облыстық ішкі істер департаментінің бастығы қалыптасқан жайттың себебін полиция қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі мен білімінің төмендігімен байланыстырды. Соның салдарынан өткен жылы тәртіп сақшыларының сапын толықтыруға ниет еткен 800 үміткердің 35 пайызы ғана полиция формасын киюге мүмкіндік алыпты. Дегенмен облыс әкімі полиция қызметкерлерінің қай кезде де халыққа қызмет етуі керек екенін баса айтты. Сондай-ақ Асқар Исабекұлы өңір тәртіп сақшыларының әлі күнге бейнетіркеу құралымен қамтамасыз етілмегенін тілге тиек етті. Ал оған себеп аталған құралдарды алуға қажетті мемлекеттік сатып алу конкурсы рәсімінің сиырқұйымшақтанып кетуі болып отыр. Жиында бұл мәселенің шешімі табылды. Өңір басшысы жергілікті полиция қызметіне қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу жұмыстарын облыс әкімі аппаратына жүктеді. Мұнан бөлек, облыс әкімі ішкі істер департаменті қызметін ұйымдастыруға бөлінген қаржының небәрі 30 пайызының жергілікті полиция қызметіне бөлінетінін сын тезіне алды. Облыс бюджетімен қамтамасыз етіліп отырған күштік құрылымның әрекетіне әкімдіктің бақылау жасай алмауының себебін зерделеу мәселесі де өңір басшысының назарынан тыс қалмады. Жиында полиция қызметкерлерінің жемқорлыққа жол беруін болдырмаудың нақты ұсыныстары айтылды. Мәселен, басшылар тарапынан ақша бопсалау, қысым көрсету сынды оқиғаларды анықтау мақсатында ішкі істер органдарының қызметкерлері арасында жасырын сауалнама алынбақшы. Сондай-ақ тәртіп сақшыларының ауысым бойынша есеп беруі мен кадр іріктеу шараларына қоғамдық ұйымдар мен жергілікті билік өкілдерін қатыстыру ұсынылды. Мұнан бөлек, мектептегі «Адал ұрпақ» жобасының ауқымы кеңейтіліп, мектептегі полиция инспекторлары мен ата-аналар, педагогтермен тығыз қарым-қатынас орнатуға көңіл бөлінеді. Алдағы уақытта сыбайлас жемқорлық-қа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі облыстық комиссияның отырысында аудандарда атқарылған жұмыстардың да есебі талқыланатын болады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі