Әлеумет

Қуаныш сыйла, Ұлыстың ұлы күні!

Қуаныш сыйла, Ұлыстың ұлы күні!

[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="62999,62998,62997,62996"]

Наурыз – халқымыз үшін ұлттық болмысымызды ұлықтай түсетін ең ерекше мереке. Биыл облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қолдауымен Ұлыстың ұлы күнін қасиетті Әулиеата өңірі 9 күн бойы тойлайды. Бұл бастама көп­шілікті қуанышқа бөлеуде.

Мейірім мерекесі

Бейсенбі күні облыс әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №4 балаларды оңалту мекемесінде Наурыз тойы аясында Мейірім күні аталып өтті. Бұл шараға облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысып, балалармен бірге мереке қызығын бөлісті. Мейірім күніне арналған мереке­лік концерт өнерпаз Жақсыгүл Дәрібаеваның орындауындағы «Наурыз-думан» әнімен басталды. Мұнан соң мекеме қызметкерлері қазақтың ұлттық биін мың бұрала билесе, өзбек биі де көпшіліктің көңілінен шықты. Мекеме тәрбиеленушілері орындаған «Түнгі лирика» әні көңілдерді сырлы сазымен баурады. Аталған мекеменің жанынан құрылған әжелер ансамблі халық әндерін орындады. Кейін мекеме қамқорлығындағы 200 бала мен келушілерге наурыз көже таратылып, ұлттық тағамдар ұсынылды. Шараның жоғары деңгейде өтуіне қызметкерлер белсенді атсалысты. – Мейірімділік – адам бойындағы ең асыл қасиет. Сондықтан осындай шуақты күнде мекемеде тәрбиеленіп жатқан балаларға қуаныш сыйлағымыз келді. Шараға қатысқан барлық адамның жүзінен қуаныш көрдік. Бұл – халқымыздың Наурыз тойына деген ерекше ықыласы, – дейді облыс әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Арубаев.

Есет ДОСАЛЫ

Суреттерді түсірген Виктор Барбаш

Тағзым күнінің тағылымы

16 наурыз – Тағзым күні аясында өңірімізде бірқатар іс-шаралар өтті. Һибатулла Тарази атындағы орталық мешітте жұма намазға жиналған жұртшылық бұл күні бабалар рухына құран бағышталды.

Орталық мешіттің найб имамы Бақтияр Әлмереков жиында Наурыз мерекесінің мұсылман жұртшылығы үшін маңызы аса зор екенін айтып, діни хадистерден мысалдар келтірді. Алла үйіне жиналған жұртшы­лық дін қызметкерлері­нің деректерге бай уағыз­дарын ұйып тыңдады. Жұма намазынан кейін басталған құран бағыштау рәсімінде алақан жайған қалалықтардың жүзінен бабаларға деген үлкен құрмет байқалып тұрды. Мұндай шара қаладағы, аудандардағы барлық мешіттерде бір мезетте жалғасын тапты. Өз кезегінде имамдар мешітке жиналған жамағаттың жүрегіне иман нұрын ұялататын мәнді, мазмұнды әңгімелер айтып отырды. Осы күні қала жастары бір уақытта «Даңқ» мемориалы, «Мәңгілік алау», Б.Момышұлы, А.Сухамбаев және Ы.Сүлейменов ескерткіштері мен «Жеңіс» стелласына гүл шоқтарын қойып, ұлтының ұстыны болған бабалар рухына тағзым етті. Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты жастар ресурстық орталығы ұйытқы болған ізгі шараға қаладағы арнаулы орта және жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушылар қатысты. Жалпы 1500-ге жетеқабыл азамат белсенділік танытты. – Біз батыр бабаларымызға қашанда қарыздармыз. Бүгінгі есті ұрпақ қарызын парызбен өтеуі тиіс. Осы тұрғыдан келгенде Тағзым күнінде мұндай шараның қолға алынғаны бізді қуантады. Қазақ халқы: «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөзді текке айтпаған. Ендеше, батыр бабалардың ерлігіне әрдайым құрмет көрсету – асыл борышымыз, – дейді қалалық жастар орталығының бөлім басшысы Айбек Қадырәлиев. Иә, бабалар ерлігін ұлықтаған жас ұрпақтың ескерткіштер маңын алқызыл гүлмен көмкергені – тағзымның белгісі. Ал елі үшін мұз жастанып, қар кешкен бабалар есімі мәңгілік жадымыздан өшпек емес.

Т. Махатұлы

Тараз қаласы