Әлеумет

Ұлыстың ұлы күнін қалай тойлаған дұрыс?

Ұлыстың ұлы күнін қалай тойлаған дұрыс?

Бүгінде Наурыз мейрамын тойлау төңірегінде түрлі пікірлер айтылуда. Олардың дені Ұлыстың ұлы күні байырғыдай тойланбайды деген көзқараста. Жалпыхалықтық мереке қарсаңында біз де ел ішіне шығып, тақырыптағы сауалды тұрғындарға қойған едік.

Жаңару айын жақсы ниетпен қарсы алайық!

 width=Жапар Сатылғанов, құсбегі, этнограф

Бұл – тіршілік атаулының қайта жаңаратын кезі. Сондықтан халық Наурызды асыға күткен. Біздің барлық ұлттық салт-дәстүрімізді барынша көрсете алатын мерекеміз де осы Наурыз. Ертеректе Ұлыстың ұлы күнін тойлау 13-інен басталған. Ол күн 1 наурыз болып есептеледі. Содан келер ай туғанша, бір ай – отыз күн тойлаған. Ал наурыздағы көрісу бір-бірінің қуанышын, көктем, көк шыққандағы, жаңарған кездегі қызықты бөлісу болып есептелген. Ертеде ауыл арасы шалғай, қазіргідей ағылып жатқан көлік жоқ болғандықтан, наурыздың кезінде барлығы бір жерге жиналып, «қыстан аман шықтың ба?» деп, жағдай сұрасқан. Жаңару айын, жаңару күнін жақсы ниетпен қарсы алайық деген. Бұл әр халықта бар. Орыстарда «Русская зима» деген болады. Оларда қыстың, аяздың кезінде қыс жұмсақ болса екен деп бір той өткізеді. Сонда әр халықтың ойында табиғатқа сыйыну көрінісі бар. Табиғаттан көмек, күш алу, сол арқылы өзінің өміріне, тіршілігіне жақсы күндер келсе деген тілек тұрады арғы жағында. Наурызды діни мереке деп жаңсақ пікір айтқандар да болған. Бірақ мұның ислам дініне ешқандай қатысы жоқ. Бізге ислам діні жетінші ғасырдың ортасында келді. Ал Наурызды одан бұрын көшпенділер тойлаған. Қазір шүкір, мереке өз деңгейінде жақсы тойланып жатыр, халық риза.

Мойынқұм ауданы

Ұлттық ойындарды ұмыт қалдырмайық

 width=Дәнен БЕЙСЕНБАЕВА, ардагер ұстаз

Бүгінде жастардың басым бөлігі Наурыз мейрамында ойналатын ойындардың көбісінен бейхабар. Өткенге сәл шегініс жасасақ, ойындардың түрі өте көп болған. Солардың ішіндегі ең бір әсерлісін түсіндіріп өтсем, жастардың сол ұлттық ойынға деген қызығушылықтарының оянуына септігі тиер. Ұлыстың ұлы күні үйдің үлкендері жолаушылап кеткенде қыз-жігіттер бір үйге жиналып, дастарқан жайып, думандатып, бастаңғы жасаған. Қас қарайғанда «Ақсүйек» ойнап, таңды бірге қарсы алған. Жігіттер жағы «Селтеткізерге» тазалықтың, пәктіктің нышаны ретінде айна, тарақ, иіссу сыйласа, «Селтеткізерін» сүр еттей сақтаған сайыпқырандар ұяң қыздардың «Ұйқыашарынан» ауыз тиген. Қыздар бозбаланы көңілі хош көрсе, жас малдың етіне уыз қосып, дәмдеп тағам пісірген. Аталған дәмнің «Ұйқыашар» аталуы да бекер емес. Неге десеңіз, наурыздың 21-інен 22-сіне қараған түні халық көз ілмей, жаңа жылдың алғашқы таңын күтеді.

Шу ауданы

Дәстүрді жаңғырту - жалпы міндет

 width=Шакизат ШОНАТАЕВА,Ш.Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Наурыз – түркі жұртына тән Жаңа жыл мерекесі. Ол – көнеден келе жатқан төл мерекелердің бірі ретінде құнды. Қазір барлық жерде Наурыз тойы тойланатыны белгілі. Міне, сол арқылы жастарымыз мерекенің құндылығын, қасиетін, жаңа жылдың не екенін біліп өседі. Қазақтың көптеген салт-дәстүрлері осы мерекеде орындалады. Оны тойлаудағы басты мақсат – елдің амандығын, жердің бүтіндігін, қыстан аман-есен шыққанын көрсетіп, көрісу. Мұғалімдеріміз 14 наурыз – «Көрісу күнінде» төс қағыстырып, думан жасап, мерекелейді. Осыны көрген оқушыларымыз көрісудің, амалдың не екенін біліп өседі деп ойлаймын. Екі жылдан бері мектеп ұстаздары дәстүрімізді жаңғырту мақсатында наурыз айы бастала салысымен сабаққа қазақша көкірекшелерін киіп келеді. Осылайша оқушыларымызға наурыздың мәні мен маңызын, жаңару мерекесі екенін түсіндіреміз.

Т. Рысқұлов ауданы

Қазақы нақыштағы киімдер кисек...

 width=Қайырым ӘНУАРБЕК,мұғалім

«Достық» білім беру ерекше орталығы жыл сайын әз Наурызды ерекше тойлайды. Мерекеде наурыз көже пісіріп, арқан тартыс, күрес, гір көтеруден жарыс ұйымдастырамыз. Осындай шаралар Наурыз мерекесі қарсаңында кез келген мекемеде өткізілсе деймін. Мысалы, Тәуелсіздік мерекесін өткізе салып, ертеңіне қаланы Жаңа жыл мерекесіне сай безендіру туралы талап қойылады. Сол сияқты, Наурыз мерекесіне де көңіл бөлу керек. Сондай қарқынмен оның мәнін арттырамыз. Наурызда киіз үй тігіліп, мереке қарсаңында бір-екі апта қазақы нақышта ою-өрнекпен тігілген костюмдер кисек, дәстүр-салтымыз жаңғыра түсер еді. Бұл күн – жаңа жылдың, жаңа күннің бастауы, яғни жанды дүние дүр сілкінетін кез. Осы мерекенің мәнін кейінгі буынның бойына сіңіргеніміз жөн. Ал ұлттық рух, ұлттық идея, идеология деп құр сөзбен айта берудің ешқандай пайдасы болмайды.

Тараз қаласы

Әзірлеген Камила Борашова