Әлеумет

Сырғытпа жауап – мәселе шешімі емес

Сырғытпа жауап – мәселе шешімі емес

Жаратылысымыз солай ма, әйтеуір көп жағдайда кез келген кемшін тұсымызды жасырып, «бәрі жақсы» деуге дайын тұрамыз. Шын мәнінде солай болса, әрине жақсы. Алайда тұтас бір ауданда айтарлықтай ешбір мәселе жоқ, бәрі жақсы дегенге илану қиындау секілді... Бұлай деуімізге «Жамбыл ауданының 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы» жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен өткен брифингтегі аудан әкімі Бақыт Қазанбасовтың есебі түрткі болды. Бақыт Алпысбайұлының сөзіне сүйенсек, аталған ауданда былтыр экономиканың барлық бағыттары бойынша тұрақты өсім байқалған. Өнеркәсіп өнімі 114 пайызға орындалып, ауыл шаруашылығы саласының өнімі 1,1, құрылыс жұмыстарының көлемі 22,8, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 17,7 пайызға артығымен орындалған. Ет, сүт, жұмыртқа өндіру көлемі де артқан. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 1 миллиард 171 миллион теңгенің 17 жобасына қолдау көрсетіліп, 105 жаңа жұмыс орны құрылған. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 2868 адам жұмыспен қамтылған. Осы бағдарлама шеңберінде, сондай-ақ Аса ауылындағы Жеңістің 30 жылдығы атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп, 13 орта, 1 бастауыш мектепке, 1 балабақша мен 2 шағын орталыққа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Брифинг барысында аудан әкімі өткен жылдың көрсеткіштерімен қатар, биылғы жоспарларға да тоқталды. Биыл ауыл шаруашылығы саласы бойынша 15 инвестициялық жоба іске аспақ. Бүгінде 13 елді мекенге табиғи газ жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Жоба аяқталған соң ауданның 88 пайызы «көгілдір отынмен» қамтылмақ. Мұнымен қоса, 4 жекеменшік балабақша ашылып, ол аудандағы балабақшамен қамту көрсеткішін 72 пайыздан 94 пайызға дейін көтермек. Аудандық жобалық офис тарапынан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша барлығы 14 кіші жоба әзірленіп, оның 8-і былтыр жүзеге асса, биыл 6 кіші жоба қолға алынбақ. Оның ішінде «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында меценаттар қолдауымен Бесжылдық және Бектөбе ауылдарында спорттық алаң салу көзделіп отыр. Аудандағы оң нәтижелерге ғана тоқталған Бақыт Қазанбасов осылайша ешбір түйткілді мәселені атап өтпеді. Тек журналистер тарапынан қойылған сұрақтар арқылы ауданда дәрігерлер тапшылығы, мал жайылымының жетіспеушілігі бар екендігін, былтыр 11 бала өлімі тіркелгенін білдік. Ал жұмыссыздық деңгейі 2016 жылмен салыстырғанда көбейгені немесе азайғаны, жол, көпір сынды өзге де өзекті мәселелер жайлы сұрағанымызда, аудан басшысынан «Ондай майда-шүйде мәселелер жұмыс барысында шешіле береді» деген сырғытпа жауап алдық. Қазақта «Ауруын жасырған өледі» деп бекер айтпаған. Шешімін күткен мәселе жасыру арқылы жойылмайтынын, күні ертең ол алдымен өзіміздің басымызға таяқ болып тиетінін ескере бермейтініміз өкінішті.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА