Әлеумет

Инновациялық идеялар – ел игілігіне

Инновациялық идеялар – ел игілігіне

Елбасы Н. Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында білім берудің жаңа сапасына мән беру керектігін баса айтып, әсіресе жоғары оқу орындары шетелдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және трансұлттық корпорацияларымен бірлескен жобаларды белсенді түрде іске асыруы қажеттігін атап көрсеткені белгілі.

Өңіріміздегі бірегей білім және ғылым ордасы – М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті өз жұмысында, міне, осы талаптарды басшылыққа алып, үйлестіруде. Аталған оқу орны жанынан инновация және кәсіпкерлік орталығы ашылған. Университет ректоры Махметғали Сарыбеков мұның білім ордасы үшін тарихи оқиға екенін, орталық студенттерге, магистранттар және оқытушыларға арналғанын, әсіресе инженерлік мамандықта оқитындардың кәсіпкерлік қабілеттерін дамытуда елеулі рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, былтырғы жылдан бастау алған, Қазақстан, Армения, Беларусь және Грузия елдерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын қолдау, университеттер арасындағы өзара әріптестік ынтымақтастықты нығайту және инновациялық идеяларды коммерцияландыру мақсатын көздеген «Erasmus» жобасы аясында ТарМУ-да қолға алынған жұмыстардың алғашқы жылы сәтті аяқталып, енді тәжірибелік кезеңіне аяқ басып отыр екен. Болашақта аймақтық ғылыми-әдістемелік орталық ретінде өз қызметін одан әрі жалғастыра беретін болады. Салтанатты рәсімде Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС директоры Мұқаш Ескендіров өңір кәсіпкерлері атынан құттықтау сөз сөйлеп, студент жастардың кәсіби біліктіліктерін арттырудың өте-мөте қажеттігін атап өтті. Осы күні Тараз мемлекеттік университеті аталған жоба тобының мүшелерімен бірлесе инженерлік саласында инновациялық біліктілік пен кәсіпкерлік машықты жетілдіру бойынша студенттер, магистранттар және докторанттар арасында жариялаған байқау ережелері таныстырылды. Байқауға қатысуды тіркеу арнайы сайт арқылы жүзеге асырылады. Тіркелу – биылғы 5-30 наурыз, инновациялық жобалардың таныстырылымы – 1-10 сәуір аралықтарына, жеңімпаздарды жариялау 12 сәуірге белгіленіп отыр. Оған қатысатын үміткерлердің аталған орталық арқылы тегін кеңестер алуына да мүмкіндіктері бар. Орталықтың кіреберіс фойесінде ұйымдастырылған студенттердің техникалық, биологиялық, ақпарат және технология, наноқұрылымдау салаларындағы инновациялық жобаларының таныстырылымы қатысушылардың айрықша қызығушылығын тудырды. Мысалы, олар ұсынған үй жылыту, пәтерді электр жарығымен қамтамасыз ету құралдары, жылыжай шаруашылығын дамытуда тиімділігі зор микробақылаушы қондырғысы, желден қуат өндіруге арналған осьтік жел турбинасы, фитошай, сусабын өнімдері, тағы басқалары – тездетіп өндіріске енгізуге сұранып-ақ тұрған дүниелер. «Erasmus» жобасы аясында бірлесе жұмыс жүргізуді бастаған төрт бірдей серіктестің ел арасындағы білім, ғылым саласындағы әріптестік ынтымақтастығы бұдан әрі де нығая бермек.

Баймаханбет АХМЕТ