Әлеумет

Жаңа бағдарлама бойынша ипотекалық несиелер биылғы жылдың екінші жартысынан беріле бастайды 

Жаңа бағдарлама бойынша ипотекалық несиелер биылғы жылдың екінші жартысынан беріле бастайды 

Елбасы жариялаған бес әлеуметтік бастама аясында «7 – 20 – 25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» жаңа бағдарламасы бойынша ипотекалық несиелерді банктер биылғы жылдың екінші жартысынан бере бастайды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен брифингте Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков айтты.

Сондай-ақ ол өңірлердегі тұрғын үй бағасын ескерумен жасаған болжамдарымен бөлісті. Мәселен, өңірлерде орташа бір пәтердің бағасы 7-10 млн теңгеге жуық. Құны 10 млн теңге тұратын пәтерді алған қарыз алушының қарыз көлемі бастапқы жарнаны ескергенде 7 млн теңге болса, ол ай сайын 50 мың теңге үстінде төлем жасауы тиіс.

Бұдан өзге, аталған бағдарламаны іске асыру үшін заңнамада нақтылауды талап ететін мәселелер бар. Оның шешімін табу мақсатында Ұлттық банк наурыз айында заңнамалық түзетулер пакетін ұсынуы тиіс.

Сондай-ақ ол «7 – 20 – 25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағдарламасының шарттары алғашқы баспананы алуды қарастыратынын айтты. Банк «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша да жұмыс істеуді жоспарлаған.

Еске салайық, ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев наурыз айының басында жариялаған бес бастаманың бірінде тұрғын үй алу үшін азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейту қарастырылған. Ол үшін «7 – 20 – 25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағдарламасы іске асырылады. Бағдарлама мына шарттармен жұмыс істейтін болады: ипотекалық несиенің жылдық мөлшерлемесі — 7%, берілетін мерзімі — 25 жыл, ал бастапқы жарна баспана құнының 20% қамтуы тиіс. 

Дереккөз:primeminister.kz