Әлеумет

Жерге сіңген жақсылық жерде қалмайды

Жерге сіңген жақсылық жерде қалмайды

Ал оны көздің қарашығындай сақтау – жергілікті әкімдер мен тиісті құрылым басшыларының парызы әрі міндеті

«Жер-ана» дейміз, «Жер тағдыры – ел тағдыры» деген де қағида бар. Әйтеуір адамзаттың тағдыры тікелей жермен байланысты болған соң онсыз күн көру мүмкін емес екені дәлелдеуді қажет етпейді. Сондықтан да ата-бабаларымыз небір жаугершілік заманда аттың жалында жүріп осынша ұлан-ғайыр жерді жан-жақтан анталаған жаудан қорғап, кейінгі ұрпаққа аманаттап кетті. Кеңес заманында да кең-байтақ жерімізге көз сүзгендер аз болған жоқ. Азаттықтың ақ таңы арайлап атқан шақта – тәуелсіздіктің елең-алаңында-ақ Мемлекет басшысы көрші елдермен шекара мәселесін шешіп, заңдастырып алды. Ұшқан құстың қанаты, шапқан тұлпардың тұяғы талатын жер – қазақстандықтардың аса зор байлығы.

Байлықты бағалай білу керек. Оның ішінде жердің байлығының құдіреті сонша – үстіндегі адамды асырайды. Егін ексең де, жайқалтып бау-бақша өсірсең де, төрт түлік мал бақсаң да. Құдайға шүкір, Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарымен шектесіп жатқан біздің облыста да жер жетеді. Мәселен, облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасының мәліметі бойынша былтырғы 1 қарашада өңірдегі жер қоры 14426,4 мың гектарды құраған. Оның ішінде ауыл шаруашылық мақсатындағы жер – 4448,3, елді мекен жерлері – 463,1, өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс мақсатындағы жерлер – 152,5, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жері – 12, орман қорларының жерлері – 4430,7, су қорының жерлері – 335,9 мың гектар, ал босалқы жерлер 2094,6 мың гектарды алып жатыр. Бұдан бөлек, басқа мемлекеттер жалға алып отырған жердің көлемі 2492,7 мың гектар көрінеді. Оның ішінде, Сарысу ауданының аумағында Ресеймен арадағы хаттамаға сәйкес, Қазақстан Республикасына қайтарылатын жердің аумағы 300 гектарды құрапты. Дегенмен өмірдің бір орында тұрмайтынындай, жер есебінде де өзгеріс болып тұрады. Мәселен, ауыл шаруашылық жерлері кемітіліп, елді мекен жерлері шамалы болса да ұлғайған. Орман қоры да біршама артыпты. Әр жылдары жерді түгендеу жұмыстары жүргізіледі. Мәселен 2011 жылы жұмыс топтарын құру жолымен жүргізілген тексеру барысында 484,5 мың гектар жердің игерусіз жатқаны анықталса, 2012-2014 жылдар аралығында ел қазынасынан бөлінген 85 миллион теңгеге атқарылған шара барысында ауыл шаруашылық мақсатындағы 106,6 мың гектар жердің игерусіз жатқаны анықталған. Осы шаралар барысында барлығы 591,2 мың гектар жер анықталып, 553,1 мың гектары мемлекет иелігіне қайтарылып, 539,1 мың гектары қайта айналымға қосылған. Облыс әкімдігінің жер инспекциясына 38,1 мың гектар жердің материалдары тапсырылыпты. 2015-2016 жылдары облыстық бюджет есебінен босалқы жерлерге түгендеу жұмыстары жүргізіліп, тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін айналымға жататын 24,9 мың гектар егістік жер анықталса, оның 4,7 мың гектары суармалы жер болып шыққан. Бүлінген жерлердің есебі де алынып тұратын көрінеді. 2011-2012 жылдары жергілікті бюджет есебінен қаралған қаржыға атқарылған шара барысында облыс аумағында 6278 гектар осындай жер анықталған. Алайда 2013 жылдан бері аудандық бюджетте бұл жұмысқа қаржы қарастырылмағандықтан, жерді қалпына келтіруге бағытталған шаралар қолға алынбай келеді. Жерге де күтім керек екенін ескерсек, бұл мәселе аудан басшыларын ойландыруы тиіс. – 2016-2020 жылдары облысты дамытудың бағдарламасына жылма-жыл пайдаланусыз жатқан және босалқы жерлер құрамы есебінен 70 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін айналымға тарту индикаторлық көрсеткіш ретінде енгізілген. 2016 жылы 146,5 мың гектар жер айналымға енгізіліп, жоспар артығымен орындалса, өткен жылы ауыл шаруашылық жерлеріне жарияланған мораторийге байланысты жерді жалға беру бойынша конкурстар өткізілмегендіктен, индикаторлық көрсеткіштерге қол жеткізілген жоқ. Осы орайда ауыл шаруашылық жерлерін конкурс арқылы жалға беру шараларын жүргізу аудан әкімдеріне бірнеше рет тапсырылғанымен нәтижесіз қалды. Дегенмен аудандар бойынша биылғы жылға 108,6 мың гектар 392 жер учаскесі дайындалуда, – дейді облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасының басшысы Бейбітбек Жайлыбаев. Мемлекет басшысы былтырғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «...Жерді пайдалану тиімділігін арттыруға тиіспіз. Суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40 пайызға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу қажет» деп атап көрсетті. Оны орындау – барлық деңгейдегі әкімдермен бірге, тиісті мекеме басшыларының міндеті. Облыс бойынша суармалы егіс алқабының көлемі 184,4 мың гектарды құрайтын көрінеді. Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында 2017-2018 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітіліп, суармалы егістік былтыр 1176 гектарға, биыл 1502 гектарға ұлғайтылуы тиіс болатын. Алайда Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай және Т.Рысқұлов аудандары суармалы жерді 976 гектарға ұлғайтқанымен, Сарысу, Талас аудандары тиісті жоспарды орындай алмаған. Рас бұл екі ауданда өзге өңірлерге қарағанда су тапшы. Дегенмен Елбасы міндет жүктеді ме, ол сөзсіз орындалуы тиіс. Облыс әкімдігінің жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасы тарапынан былтыр өңірде жер заңнамасының нормалары мен талаптарының сақталуына 350 рет тексеру жүргізіліп, 148 заң бұзушылық анықталыпты. Заң талаптарын бұзғандарға 128 ескерту беріліп, 20 тұлғаға 4,72 миллион теңге айыппұл салынған. Былтырғы 4 ауыл шаруашылығы есебі негізінде игерілмеген егістік көлемі 12,7 мың гектарды құрайтын 111 жер учаскесі бойынша жер иелері мен жер пайдаланушыларға ескерту және бір тұлғаға айыппұл салыныпты. Былтыр 4 ауыл шаруашылығы статистикалық есебі негізінде облыс аудандарынан жалпы көлемі 9778,8 гектарды құрайтын 244 жер учаскесіне қатысты тексеруге сұраныс жасалыпты. Зерделеу барысында мәліметтерінің дұрыс болмауынан, қайта рәсімделген немесе тарап кеткен шаруашылықтардың болуы және жерлерін өткізгендіктен, 3560 гектарды құрайтын 78 жер учаскесі бойынша тексеру жүргізілмейтіндігі анықталған. Сонымен барлығы 6218,5 гектарды құрайтын 166 жер учаскесі тексеруден өткізілген. Заң бұзушылық 4371,7 гектарды құрайтын 109 жер учаскесінде анықталып, әкімшілік шара қолданылған. Жалпы тиісті басқарма тарапынан жердің пайдалануын және қорғалуын бақылауда тиянақты жұмыс атқарылып жатқанын атап өтуге болады. Алайда заң бұзушылық фактілерін алғашқы анықтау құзыреттері Жер кодексінің талаптарына сәйкес әкімдіктердің жер қатынастар бөлімдеріне жүктелгенімен, олардың тарапынан мардымды жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Мәселен аудандық әкімдіктердің жер қатынастар бөлімдері 2011 жылы өздеріне берілген заң бұзушылықты анықтау құзыретіне осы күнге дейін жеткілікті көңіл бөлмей отырған көрінеді. Мұндай бөлімдер статистика және ауыл шаруашылығы бөлімдерімен бірлесіп, пайдаланбаған жерлердің санын, көлемін анықтауда үйлесімді жұмыс атқармауынан және жұмыстарын камералды түрде жүргізуінен игерілмеген жерлер туралы нақты мәлімет қалыптастыра алмауда. 4 ауыл шаруашылығы статистикалық есебі бойынша аса маңызды графикалық есеп дайындау мәселесі ұмыт қалған. Бұл жағдай тиісті бөлімдер тарапынан егістік жерлерді пайдаланудың нақты көрінісін қалыптастыра алмауда. Аудандық әкімдіктер көптеген жылдар бойы ағын су тапшылығы мен басқа да кері факторлардың әсерінен айналымнан шыққан егістік жерлерді өз құзыреті шегінде егістік құрамынан шығару немесе қайта айналымға қосу бойынша жұмыстарды толыққанды орындамай келеді. Жер – адамға берілген баға жетпес құндылық. Сондықтан оны көздің қарашығындай сақтау керек. Жерге жанашырлық таныту тек қана облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасы мен жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының ғана міндеті деп ойлайтындар қателеседі. Қала, аудан, ауыл әкімдері, ауыл шаруашылығына қатысты барлық құрылымдардың басшылары, шаруашылық жетекшілері болып жұмылғанда ғана Жер-ана тозудан аман болады.

Амангелді ӘБІЛ