Шағын шаһардағы жарық «жыры»
Шағын шаһардағы жарық «жыры»
Немесе Шудағы электр стансасының құрылысы неге аяқталмай қалды?
Жуырда Шу ауданының тұрғындары облыстың бас басылымы «Aq jol»-дың аудандағы қосынына қайырылып, өздерінің түйінді түйткілдерін жеткізген еді. Мәселенің мәнісі мынадай. 40 мыңға жуық тұрғыны бар қаланың қайсыбір шағын аудандары бүгінде электр қуатының сенімді көзіне зәру болып отыр. Еліміз цифрлық технологияға көшуді бастап жатқан тұста мұны ауызға алудың өзі ұят, енді. Шулықтар жоғары жылдамдықты ғаламтор желісінің емес, қарапайым ғана электр жарығының тұрақты берілуін қалайды.
Шу қаласының тұрғыны Ғалия Әбітаеваның айтуынша, шағын шаһардағы тұрғын үйлердің жарығы жиі өшеді екен. «Біздің тиісті мекемелерге деген өкпеміз қара қазандай. Тіпті күнде жарығымыз түбі өшіп қалады-ау деп, оған тастүйін дайын болып отыратын жағдайға жеттік», – дейді ол. Әрине, электр қуатына деген тәуелділік күннен-күнге артып келе жатқан уақытта күнделікті тіршілікті бір сәтке болса да қуат көзінсіз елестету мүмкін емес. Десек те қала тұрғындары бүгінде осындай жайсыз жағдайды бастан өткеруде. Түрлі техникалық жағдайларға байланысты жарықтың жиі өшуіне орай тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілсе дұрыс болар еді. Ал мұндай жағдай үйреншікті көрініске айналса, неше жерден мықты болса да, жұрттың жүйкесінің сыр берері сөзсіз. Оған ауданға іргелес жатқан елді мекендерден қалаға күн сайын қаншама адам келетінін, олардың кейбір жұмысын тындыра алмай, босқа әуре болатынын және қосыңыз. Осы тұрғыдағы тұрғындар талап-тілегіне орай «Шу қалалық электр қуатын тарату жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің меңгерушісі Бақытжан Елеуовке қайырылған едік. Оның айтуынша, қолда бар жалғыз ғана қосалқы стансаның қуаты қаланы түгелдей қамтуға жеткіліксіз. – Қазіргі уақытта қаланы электр қуатымен 35/10 қосалқы стансасы қамтамасыз етіп отыр. Онда екі трансформатор жұмыс істейді. Бұл құрылғылар өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бері қолданыста. Екеуінің қуаттылығын қосқанда, шамамен 12 мегаватт болады. Осыдан 20-30 жыл бұрын бұл станса қаланы қуат көзімен толық қамтамасыз етуге қауқарлы болатын. Ал бүгінгі күні ауданымыз күннен-күнге өркендеп, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсаруда. Тиісінше электр қуатына деген қажеттілік те арта түсті. Қысқасы, электр қуатымен жұмыс істейтін тұрмыстық техникалар көбейіп, осыдан ширек ғасыр бұрынғы жарыққа деген қажеттілік қазір екі есеге дейін өсіп отыр. Осыған орай, алдағы уақытта аталмыш қосалқы стансадағы бір трансформатор істен шығып қалатын болса, қаланың тең жартысы жарықсыз қалмақ, – дейді ол. Тағы бір айта кетерлігі, осыдан бірнеше жыл бұрын қала маңынан жер телімдерін алып, баспана салып алғандар көбейді. Олардың қатары әлі де толыға түспек. Осы ретте бұл үйлерді жарықпен қамтамасыз ету мәселесі туындайды. Ал бұл іс әлі күнге күрделі күйінде қалып отыр. Тоқетері, қалада тағы бір қосалқы станса салу қажет-ақ. «Бірнеше жыл бұрын бұл мақсатқа мемлекеттен 600 миллион теңгедей қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар қолға алынған болатын. Соған сенім артып, жаңадан салынған үйлерге ескі стансадан электр қуатын тартуға рұқсат берген едік. Алайда жаңа стансаның құрылысы 90 пайызға орындалғанымен, белгілі себептермен аяқталмай қалды. Міне, содан бері бес жыл өтті. Жабулы қазан жабулы күйінде тұр. Соның кесірінен қазіргі қосалқы стансаның қуаттылығы қаланы толық қамтамасыз етуге жетпей отыр. Содан барып электр желілерінен ақаулар шығып, зардабын қарапайым тұрғындар тартады», – дейді Бақытжан Мектепбайұлы. Мәселенің себеп-салдарын анықтағанымызбен, ай сайын электр шығындарын уақтылы төлеп отыратын тұрғындардың жарықты себепсіз жиі сөндіре беретін жауапты мекемеге айтар өкпелері азаймайтыны белгілі. Қалай десек те, пайдаланылған жарық үшін ешкімнің ешқандай берешегі болмаса да, жұрттың электр қуатына жарымай отырғаны қынжылтады. Сөздің тоқетері шағын шаһардағы жарық «жыры» бүгін-ертең бітпейтін секілді. Бұған аудан әкімі Қайрат Досаев не дейді екен?
Ерғали ҚАРТАЙҒАН
Шу қаласы