Жоспарланған жобалар ауқымды
Жоспарланған жобалар ауқымды
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы Мемлекет басшысының «Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері » атты Қазақстан халқына Жолдауын және Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын іске асыру мақсатында әзірленгені белгілі. Бағдарлама 2014 жылға дейінгі мемлекеттік Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасын іске асыру тетіктерінің бірі болып табылады. Экономиканың шикізаттық емес секторларындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз етуді, сонымен қатар бар жұмыс орындарын сақтау және тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын құруды көздейді.
Аталған бағдарламаның екі кезеңде жүзеге асырылуы белгіленген. Бірінші кезеңі 2010-2014 жылдар аралығын қамтыды. Алғашқы жылдарға жаңа бизнес бастамаларды қолдау, кәсіпкерлік секторды сауықтыру, шетелге тауар шығарушыларды қолдау сияқты үш бағыт бойынша іске асырылатын қанатқақты жобалар қарастырылған-ды. Ал 2011-2014 жылдар аралығында міндеттемелердің шешілуі жаңа бағдарламаларды, шетелге тауар шығарушыларды қолдау сияқты екі бағыт бойынша іске асырыла бастады. Ал екінші кезең – 2015-2020 жылдар аралығындағы жұмыстар жаңа бағдарламалар мен шетелге тауар шығарушыларды қолдау сияқты бағыттар бойынша өрбіді. Міне, осы бизнесті қолдау мен дамыту бағдарламасының біздің өңірімізде өркенді істердің жүзеге асуына тигізген септігі мол-ақ. Кәсіпкерлер ғана емес, көптеген қарапайым тұрғындар да оның игілігін көруде. Ауыл мен қаланың гүлденіп, көркеюі, жекелеген отбасылар бақуаттылығының артуы да соның арқасы. Өйткені жаңа нысандар пайдаланылуға берілуіне байланысты жаңа жұмыс орындары да көптеп ашылады емес пе?! Бір ғана мысал, аталған бағдарлама біздің өңірімізде жүзеге асырыла бастағалы бері барлық қаржы құралдары арқылы жалпы сомасы 96,8 миллиард теңгені құрайтын 996 жоба, оның ішінде 841-і бағдарламаның бірінші және екінші бағыттарындағы «Пайыздық ставканы субсидиялау» тетігі бойынша жүзеге асты. Бұл іске қаржы институттары мен банктер де қомақты үлестерін қосуда. «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ның бір өзі 206 жобаны қаржыландырып, облысымыздағы екінші деңгейдегі банктер көшін бастап отыр. Алдыңғы «үштікке» кіретін «БанкЦентрКредит» АҚ – 89, «АТФ банк» АҚ 67 жобаны қаржыландыруға қол жеткізген. «Банк кредиттері бойынша кепілдік беру» құралы бойынша, жалпы кепілдік сомасы 3206,8 миллион теңгені құрайтын 271 жоба жүзеге асырылу үстінде. Аталған жобалардың ішінде 249-ы субсидиялау арқылы қолдауға, ал жиырма екісі тек қана кепілдікке ие болды. Ал «Өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды дамыту» құралы бойынша, жалпы құны 11,3 миллиард теңгені құрайтын 82 жоба мақұлданып, жүзеге асырылуда. 2013 жылы сәуір айынан бастап облысымызда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік гранттарды қаржыландыру тетігі жүзеге асырыла бастағаны белгілі. Осыған байланысты кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге мақсатты мемлекеттік гранттар ұсыну да қарастырылып отыр. Бүгінгі таңда жоғарыда аталған құрал бойынша Аймақтық үйлестіру кеңесінің шешімімен қаржыландыруға жалпы сомасы 140,3 миллион теңгені құрайтын 50 кәсіпкердің жобалары мақұлданды. Түйіндеп айтқанда, еліміз аумағындағы шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың аса маңызды тетіктерінің бірі «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы болып отыр. Ол ойдағыдай жүзеге асырылар болса, еліміздегі, оның ішінде өңіріміздегі шағын және орта бизнес саласының әлеуеті бұдан әрі де арта түсері анық. Тек осынау мүмкіндікті тиімді пайдалана білгеніміз жөн.
Дархан НАЗАРБЕКОВ, облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы