Әлеумет

Тұрғын үйлер жаңа үлгіде салынады

Тұрғын үйлер жаңа үлгіде салынады

Экономикамыз қарыштап дамып, халықтың тұрмысы түзелген сайын еліміз алып құрылыс алаңына айналуда. Кейінгі кезде Елбасының тапсырмасымен әлеуметтік нысандар, оның ішінде, тұрғын үйлер көптеп салынуда.

Бұл бағытта бірнеше бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Баспананың қолжетімділігін арттыруға әсіресе «Нұрлы жер» бағдарламасында айрықша көңіл бөлінгені белгілі. Ауданда халық санының артуына байланысты тұрғын үйге сұраныс көбейе түсуде. Бүгінде мұнда жер теліміне 3 мыңға жуық, ал пәтер кезегінде 415 адам тұр. Олардың қажеттілігін қанағаттандыру жолында елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Құлан ауылында жер теліміне кезекке тұрған адам саны – 2740. Ауылдың бас жоспарына сәйкес оларға жер телімдері 3 кезеңмен бөлініп беріледі. «Арай» тұрғын алқабындағы бірінші кезекте берілетін 524 жер теліміне 2014 жылы ауызсу және жол құрылысы жүргізілген. Электр желісі тартылған 154 телім кезекке тұрғандарға берілген. Қалған телімдерге электр желісін тарту биыл толық аяқталады. Луговой ауылында да бас жоспарға сәйкес жер телімдерін 3 кезеңде беру қарастырылған. Елді мекен маңында тиісті алқапқа инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізілген соң, тұрғындарға жеке үй құрылысы үшін бірінші кезеңде 237, ал екінші кезеңде 284 жер телімін беру көзделуде. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттары жасалып, қажетті қаржы бөлінуде. Мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасымен Құлан ауылының қасындағы «Арай» алқабында 80 пәтерлік екі көп қабатты тұрғын үй салынады. Қазір екі үйдің жобалық-сметалық құжаттары жасалуда.

Мирзоян ТАСЫБАЕВ, аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және

құрылыс бөлімінің басшысы

Т.Рысқұлов ауданы