Аудан әкімдері ұйқылы-ояу отыр
Аудан әкімдері ұйқылы-ояу отыр
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев аппарат кеңесінде тапсырманы орындамағандарға мәселені төтесінен қойды
Бизнесті дамыту – әкімдердің ең басты міндеті
Облыс әкімі аппаратының селекторлық режімдегі кезекті кеңесіне облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев төрағалық етіп, «Шағын және орта бизнесті дамыту мәселесі» қаралды. Тақырып бойынша облыстық әкімдіктің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Досан Рымтаев хабарлама жасады.
Оның сөзіне қарағанда облыста шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері, өндірген өнім көлемі, олардағы жұмысшылардың саны жылдан-жылға артып келеді. Соңғы үш жылда белсенді жұмыс жасайтын шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 16 пайызға ұлғайып, қазір осы салада еңбек етіп жүргендердің саны 120 мың адамға жеткен. Облыста жалпы өңірлік өнім көлемінде шағын және орта бизнестің үлесі 24,3 пайызды құрап, республикалық көрсеткіштен 20 пайыздан артық болған. Дегенмен, Қордай ауданында -275, Шуда- 155,8 және Т.Рысқұлов ауданында 106,3 пайызға артса, Байзақ – 93,4, Жамбыл - 46,8, Жуалы- 94,8, Меркі -43,5, Мойынқұм - 96,2, Сарысу -73,7 және Талас аудандарының кәсіпорындары -96,4 пайыз, яғни өткен жылдың деңгейіне жетпеген. Байзақ және Жуалы аудандарында шағын кәсіпорындардың өнім көлемі, Жамбыл ауданында «Амангелді Газ» ЖШС-да мұнай өнімдерінің өндірісі төмендеген, Меркі ауданында «ЦАСК» ЖШС Меркі қант зауыты филиалы тоқтап тұр. Сонымен қатар, «Алтыналмас» АҚ асыл түсті металл өндірісінің, Сарысу ауданында ұсақталған фосфат шикізатын өндіру, Талас ауданында «АГПЗ» ЖШС мұнай өнімдерінің өндіріc көлемдері төмендеген. «Осыған байланысты аудан, қала әкімдері өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысын тұрақтандыруға бар мүмкіншіліктерді пайдалану қажет» деді Д.Рымтаев. Басқарма басшысы Д.Рымтаевтың жұмысына көңілі толмаған облыс әкімі оның тарапына біршама сын айтып, жарты жылдықтың аяқталуына бар болғаны бір-ақ апта қалғанын еске салып, күн тәртібіне шығарылып отырған мәселеге ерекше назар аударуды облыс әкімінің орынбасары Ғали Есқалиевқа жүктеді. «Аудан әкімдері не істеп отыр?» деп мәселені қабырғасынан қойған Кәрім Нәсбекұлы Меркі ауданындағы Қант зауыты неліктен тоқтап тұрғанын аудан әкімі Бақтияр Көпбосыновтан сұрады. Мардымды жауап бере алмаған әкімге зауытқа барып, осы мәселемен айналысуды тапсырды. Мойынқұм ауданындағы «Альбасар» гранит өңдеу кәсіпорны да жұмысын тоқтатыпты. Жуалы, Жамбыл, Талас , Мойынқұм аудандарының әкімдері Батырбек Құлекеев, Рүстем Дәулет, Болат Рысмендиев және Болат Мәдікенов өндіріс көлемінің төмендеуін әртүрлі себептермен түсіндірген болып, алты айдың қорытындысында 100 пайыздық көрсеткішке шығатындарын айтып, сендірді. Одан әрі облыс әкімі облыс бойынша салық департаментінің басшысы Азамат Мелдебековтен салық түсімдерінің жай-күйін сұрады. Облыстың бас салықшысының жауабына қарағанда ел қазынасына да, облыс бюджетіне де салық түсімдерінің болжамы орындалған. Сонда да Кәрім Нәсбекұлы өңірде жұмыс жасап жатқан кейбір іргелі кәсіпорындар салықты Алматы қаласының бюджетіне төлейтініне алаңдаушылық білдірді. Байзақ ауданының әкімі Мұратхан Шүкеев қанша салық түсімі түскенін дөп басып айта алмай ыңғайсыз жағдайда қалды. «Бюджет қаржысын санамағанда не санап отырсың?» деп облыс әкімі оның атына ащы сын айтты. Меркі ауданының әкімі Бақтияр Көпбосынов та байзақтық әріптесінің жолын құшты. Тіпті, аудан бойынша салық басқармасының басшысы Мұрат Сырлыбаевтың өзі де бюджетке түсіп жатқан салық мөлшерін айта алмады. К.Көкірекбаев облыс бойынша салық департаментінің басшысы А.Мелдебековке М.Сырлыбаевты қызметінен босатуды тапсырды. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Абдалы Нұралиев «Облыс агроқұрылымдарын ірілендіру мәселесі» бойынша қосымша хабарлама жасады. Ол жеке қосалқы шаруашылықтар санының көп болғаны жағдайында ірі индустриялық ауылшаруашылығы кәсіпорындарын құрумен қатар, осы саланың ұсақ тауарлығы мәселесін шешудің ең ұтымды жолы ірілендіру болып табылатындығын слайд арқылы кеңінен мәлім етті. Бүгінгі күнге тіркелген 17000 шаруа қожалығының 12495-де жер көлемі 100 гектарға дейін. Бұл мәліметтен шаруашылықтардың 73 пайызы әлі күнге ұсақ шаруашылық екенін аңғаруға болады. Былтыр басқарма тарапынан «2013-2020 жылдарға арналған Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы құрылымдарын ірілендіру» бағдарламасы әзірленіп, облыстық мәслихаттың сессиясында бекітілгенін еске салған А.Нұралиев бағдарлама аясында әр ауданда атқарылған жұмыстарға жеке-жеке тоқталып өтті. Кәрім Нәсбекұлы ауылшаруашылығы саласына да үнемі жіті көңіл бөлініп отырғанын еске сала келе, бағдарлама бойынша әлі де бірде-бір ауданда нақты жұмыс жоқ екенін атап көрсетті. «Қолымнан келмейді деген әңгіме болмауы тиіс» деп аудан әкімдеріне қатаң талап қойды. Қарағанды облысы шегірткеден бас көтере алмай жатқанын еске сала келе, ол өңірдің біздің облысқа жақын екенін ескертті. Ана жылы Мойынқұм ауданының аумағында аспаннан шегіртке жауғанына тоқталып, Алматы қаласында жапырақ жейтін жасыл шегірткенің пайда болғанын жеткізді. Ол экологияға да, ауылшаруашылығына да, ең бастысы адам денсаулығына зиян екенін еске салып, облыс әкімінің орынбасары Мұратбай Жолдасбаевқа және тиісті мекеме басшыларына осы мәселемен түбегейлі айналысуды жүктеді.
Бала – бақыт, бала – болашақ…
Облыстық әкімдіктің білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова «Балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар туралы» хабарлама жасады. Қазіргі таңда 18 жасқа дейін 384784 бала бар, бұл – облыс тұрғындарының 35,4 пайызы. Оның 165744-і мектеп жасына дейінгі, 185191-і мектеп жасында, ал 33849-ы 18 жасқа дейінгі балалар екен. С.Құрманбекова мүмкіндігі шектеулі балаларға жасалып жатқан қамқорлық жайын да қозғады. Облыста 7324 баланың даму мүмкіндігі шектеулі болса, оның 5389-ы оқумен қамтылған. 2787 бала мүгедек. Олар білім, денсаулық сақтау және жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларына қарасты мекемелерде тәрбиеленуде. Білім бөлімінің басшысы оқушылар арасында тәрбие жұмыстарында жүргізіліп жатқан іс-шараларды да, құқық қорғау органдарымен бірлескен оперативтік алдын алу жұмыстарын да кеңінен сөз етіп, облыс әкімінен бала құқығын қорғау мәселесімен айналысатын мамандар санын көбейтуге ықпал етуді сұранды. Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков күн тәртібіне шығарылған мәселе бойынша қосымша хабарлама жасады. Облыс әкімі ана жылы Мемлекет басшысымен болған «тікелей эфир» кезінде тараздық ата-ана «баламызды мектепке жіберуге қорқамыз» деп айтқанын еске сала келе, мектеп инспекторларын басқа жұмысқа жегу фактілерінің жиі орын алатынын алға тартты. Дегенмен, облыстық ішкі істер департаментінің жауапты қызметкерлерінің де, облыстың бас педагогының да мәлімдеуіне қарағанда жасөспірімдер арасында қылмыстық оқиғалар азайған. Кәрім Нәсбекұлы мектеп оқушыларына темекі өнімдерін сатқызбау үшін облыстық білім, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармалары және ішкі істер департаментімен бірлесіп комиссия құрып, жұмыс жасауды тапсырды. Сонымен қатар, Кәрім Нәсбекұлын «қиын балалар» мен іздеуде жүрген жасөспірімнің тағдыры алаңдатты. Тараз қаласындағы шағын спорт алаңдары бос тұрмауын ескертті. К. Көкірекбаев облыс әкімі аппаратының кеңесін қорытындылай келе, Тараз қаласында тұсауын кескен «Қаратау сарыны» фестивалі мен жұма күні Шу ауданында шымылдығын түретін Балуан Шолақтың 150 жылдығын, алда отыз күн оразаның басталарын еске салып, және алдағы демалыс күндері Алматы қаласында өтетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымшылдықпен өткізуді облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков және облыс әкімінің орынбасары Мұратбай Жолдасбаевқа жүктеді. Қаратау қаласы мен Тамды ауылы арасындағы жолды шұғыл жөндеуді аудан әкімі Болат Рысмендиев пен құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Рахманқұл Байтелиевке тапсырды. Жаңатас қаласында да тапсырылған жұмыс тез арада аяқталу керек. Мұны аудан әкімі Қанатбек Мәдібекке міндеттеді. «Терісащыбұлақ», «Киров» және «Тасөткел» су қоймаларында судың былтырғы осы мезгілге қарағанда азайып кеткеніне де алаңдаушылық білдіріп, бұл мәселені зерделеуді облыс әкімінің орынбасары М. Жолдасбаевқа жүктеді. Облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетоваға және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларына мемлекеттік бағдарламалардың ауыл тұрғындарына жетуі үшін басылым беттерінде жүйелі түрде жазып, жергілікті телеарнадан көрсетіп тұруды тапсырды.
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».