Әлеумет

Шөпшек сүйген Тәжікүл әже

Шөпшек сүйген Тәжікүл әже

«Ана» деген – қастерлі де, ардақты есім. «Жұмақ ананың аяғының астында» деп жазылған хадисте. Осы сөзді Тараз қаласында, Қарой аумағында тұратын Тәжікүл Ілденбаеваның перзенттері мықтап түйген саналарына. Екі ғасырдың куәсі болған, жүзден асқан анасына ұл-қыздары жылы сөйлеп, әрқашан қамқор болып жүреді.

Тәжікүл әже биыл 106 жасқа толып отыр. Ол 1912 жылы Талас ауданы Үшарал ауылында өзі салған мешітте имам болған Ысқақ деген молданың отбасында өмірге келген екен. Әкесі сонау Қарнаққа барып, мұсылманша білім алған кісі болыпты. Жас кезінде көп қалаларды аралап, орысша тіл білген деседі. Содан болар, Тәжікүл апа да арабша хат таныған. «Ғасыр әже» туып-өскен Үшарал – ауылынан сонау XVIII-XIX ғасырларда Ұлбике ақын, Саңырық батыр, Жалаңбас батыр, Сапақ датқа, Дөненбай датқа, Тоқберген датқа, Үмбет болыс, айтыскер ақын Төреқожа, одан бері Кеңес заманында он үш Еңбек Ері шыққан. Өкім Жайлауов, Әбдірахман Асылбеков, Серік Әбдірайымов, Сейітқазы Досымов, Күләш Ахметова сынды белгілі азаматтар да өсіп-өнген. Тәжікүл апа 17 жасқа толғанда Бектібай Ілденбаев деген шаруа жігітке тұрмысқа шығады. Кейінірек Бектібай жақын ағайыны Жолшы Сыздықов екеуі қалаға көшіп келіп, Әулиеата темір жолында қырық жыл жұмыс істейді. Жолшы Сыздықов Еңбек Ері атағын алса, Бектібай Ілденбаев Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Құдай қосқан қосағы Бектібай ағамыз 1992 жылы 92 жасында қайтыс болыпты. Он құрсақ көтеріп, жетеуін аман-есен жетілдіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған Тәжікүл апа – бүгінде үлкен бір әулеттің анасы. Қазір төртінші ұрпағының қызығын көруде. 30 немере, 40 шөбере, 10 шөпшек сүйіп отыр. Бір қызығы, Қария әлі күнге дейін «билікті» келіндеріне бермей, зейнетақысын өзі жаратып, алдына келген балаларының бәріне ақшасын бөліп беріп, мәз-мейрам болып отырады. «Он үш жасымнан намазға жығылып, ораза ұстауымнан болар, Алла маған нұрын жаудырып, бала-шағамның қызығын көрсетіп, осы жасқа жеткізді», – дейді ол.

Жақсылық Досаев, қалалық ардагерлер ұйымы аумақтық округінің төрағасы

Тараз қаласы