Спорт және туризм

Көш басында – қазынашылар

Көш басында – қазынашылар

Халықаралық әйелдер күні мен Астана қаласының 20 жылдығына орай мемлекеттік қызметтегі арулар арасында үстел теннисінен облыстық турнир өтті. Жарысты Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Мақсұт Нәлібаев кіріспе сөзбен ашып, мереке иелерін құттықтап, сәттілік тіледі. Аталмыш департамент пен облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп өткізген додаға облыстық деңгейдегі департамент, басқармалардан және Тараз қаласы мен аудандардан 40-қа жуық теннисші қатысып, бақ сынасты. Турнир барысында арулар аянып қалған жоқ. Әсіресе, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Ақмарал Нарматова алғашқы ойындарын сәтті өткізіп, қазынашылық департаментінің өкілі Айгүл Нүрпейісоваға ширек финалда жол берді. Жуалылық Нағима Тілешова да ширек финалдан аса алмады. Осылайша, бірқатар мықтылар жарыс жолынан шығып қалып жатты. Шешуші сынға Айгүл Нұрпейісова мен Назкен Қайболдиева (екеуі де қазынашылық департаментінен) шығып, алғашқысы ұпай санымен жеңіске жетті. Үшінші орын облыстық кірістер департаментінің бас маманы Әсел Жаңабаеваға бұйырды. Ол жүлделі орын үшін таласта өзінің әріптесі Раушан Сейдәзімовадан басым түсті. Командалық есепте облыстық қазынашылық департаменті көш бастаса, облыстық кірістер департаменті екінші орыннан көрінді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы басқармасының ұжымы да үздіктер қатарынан табылды. Жеңімпаздарды облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков пен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, даңқты спортшы Зүлфия Ғабидуллина марапаттап, медальдар мен дипломдарды, арнайы сыйлықтарды табыс етті.

Есет ДОСАЛЫ