«Буревестник – 1» командасы жеңімпаз атанды
«Буревестник – 1» командасы жеңімпаз атанды
Тараз төрінде Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған волейболдан ардагерлер арасында халықаралық турнир өтті. Бірнеше күнге созылған жарысқа елімізден және көршілес Қырғыз бен Өзбекстан мемлекеттерінен барлығы 10 команда қатысып, жарыс көркін қыздырды. Ардагерлер әр ойында жеңіс жолында жанкештілік танытып жатқаны бізді қуантты. Доданың ашылу салтанатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков сөз сөйлеп, алты алаштың ардақты абызына айналған, ел басқару ісінде өзіндік ізін қалдырған Дінмұхамед Қонаевтың азаматтық бейнесі мен тұлғалық қасиеті жұрт жадынан ешқашан өшпейтінін тілге тиек етіп, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі. Бұдан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев сөз алып, қазақтың аяулы перзенті болған Дінмұхамед Ахметұлының кісілік келбеті туралы естеліктерімен бөлісті. Адалдық пен ақиқаттың шырақшысындай болған Димекеңнің ізгі қасиеттері туралы тебірене әңгімеледі. Сондай-ақ КСРО спорт шебері, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев, «Семей машина құрылыс» зауытының бас директоры Нұрлан Омаров жарыс туралы өз ойларымен бөлісіп, тұлға атындағы турнирдің жоғары деңгейде өтуіне ниеттестіктерін білдірді. Сонымен қатар Нұрлан Омаров облыс әкімі Асқар Мырзахметовке арнайы әкелген сый-сияпатын облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Серікбекұлына табыстады. Мәртебелі меймандар турнирдің өтуіне ұйытқы болған азаматтарға алғыстарын жеткізді. Кейіннен жарыс басталып кетті. Бірнеше күнге созылған турнир кезінде ардагерлердің ширақ қимылдап, әдемі ойын өрнегін көрсеткені «Тараз Арена» спорт кешеніне жиналған жанкүйерлерді сүйсінтті. Әр ойын тартысқа толы болды. Ешбір команда жеңіске жету үшін аянып қалған жоқ. Жарыс қорытындысында тамаша ойынымен көзге түскен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Буревестник – 1» командасы жеңіс тұғырының биік сатысынан көрінсе, «Тараз ардагерлері» командасы екінші орынды иеленді. Жүлделі үшінші орын «Семей машина құрылыс» командасы мен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Буревестник-2» командасына бұйырды. Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері қаржылай сыйлықтарға ие болды. Бірінші орынға берілген қомақты қаржылай сыйақыны облыс әкімі Асқар Мырзахметов тағайындағанын айта кету керек.
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан