Бастау
Бастау
Елбасының өмірі мен қызметі тақырыбына қалам тартып жүргенімді көзі қарақты оқырман жақсы біледі деп ойлаймын. Соның ішінде осы мақалада қамтылатын кезең сөз етілген жарияланымдарым да бар. Жақында редакция тарапынан бұл мәселеге бүгінгі күннің тұрғысынан қайта қарау жөнінде өтініш айтылды. Ойланып, толғанып, қолға қайтадан қалам алдым. Расында да, әлі де басын аша, толықтыра түсетін жайлар, бұған дейін айналымға түсірілмеген фактілер бар екен. Мұның өзі Елбасының елі үшін еткен еңбегінің ерендігіне тағы бір дәлел.
Бүгінде өз азаматтарына бейбіт әрі берекелі өмірді қамтамасыз етіп отырған, жетілген нарықтық экономикасы бар, қазіргі заманғы демократиялық мемлекет ретінде қалыптасқан тәуелсіз Қазақстан өз болашағына сеніммен қарайды. Тарихи тұрғыдан алғанда оның қысқа, бірақ оқиғаларға мейлінше толы жылнамасында ірілі-ұсақты жеңістер жетіп артылады. Оның бәрін санамалап шыға да алмайсың. Ал осының бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайлануынан бастау алып еді-ау, мұның өзі сол кездің саяси жүйесінің координатында оның республиканың бірінші басшысы болып бекітілгенін білдіретін. Сондықтан да бүгінгі осы жарияланым арқылы азаматтарымыздың зердесіндегі сол жылдардың басты деректері мен жағдаяттарын тағы бір рет жаңғыртқымыз келіп еді.
1985 жылы КСРО басшылығына КОКП Орталық комитетінің жас та жігерлі жаңа Бас хатшысы Михаил Горбачевтің келуін және ол жариялаған қайта құру, жариялылық пен жеделдету бағытын жұртшылық ыстық ықыласпен қарсы алып еді. Одан Нұрсұлтан Назарбаев та шет қала алмады. Өйтпегенде ше, қайта құру жария еткен билік шешімдерін қабылдаудағы барынша ашықтық, кәсіпорындардың өзін-өзі басқаруы мен еңбек ұжымдарының өндірістік және әлеуметтік басқарудағы құқықтарын кеңейту, жергілікті кеңестердің өкілеттіктерін нығайту, нарық элементтерін енгізу арқылы экономикалық тиімділікті арттыру қажеттілігі туралы идеялар – оның өз сенімдерімен де, көңіл-күйімен де үндес еді. Оның үстіне, дүниетанымы 1960-шы жылдардағы Хрущевтің жылымығы мен Косыгиннің реформалары тұсында қалыптасқан Нұрсұлтан Әбішұлы бұл кезде жаңа қадамды жас талап қана емес, кеңестік саяси құрылым мен экономикадағы ахуалдың мән-жайынан жақсы хабардар, кемеліне келіп үлгерген басшы да еді.
1984 жылы 44 жастағы Н.Ә. Назарбаев КСРО-дағы ең жас республика Премьер-министрі болған кезінде ол қазақстандықтардың Мәскеуден қамқорлық, жеңілдіктер мен артықшылықтар емес, бар болғаны өздеріне деген әділ көзқарасты ғана күткенін жақсы түсінді. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, білім беру мен ғылым салаларында қалыптасқан ахуал байыпты да сыни талдауды, шаруашылық жүргізудің жаңа деңгейіне көшу үшін түбегейлі шаралар қабылдауды талап етті. Жағдайды терең зерделеп, талдап-таразылай келе әрі мәліметтердің ресми насихатталуы мен нақты статистика арасында таң қаларлықтай алшақтықтардың бар екеніне көзі жеткен сайын Нұрсұлтан Назарбаев мұның өзі мұзтаудың тек су бетіндегі бөлігі екенін және түбегейлі де шешуші іс-қимыл уақытының жеткенін түсінді. Кешеуілдеуге болмайтын еді. 1986 жылдың ақпанында болған Қазақстан Компартиясының ХVІ съезінде кертартпа жүйеге қарсы алғашқы жариялы соққы берудің сәті келді. Съезде күтілген жып-жылмағай есептер мен дәстүрлі насихаттық қызыл сөздің орнына өткір әрі ең маңыздысы, бұдан әрі төзуге болмайтын тоқыраулы және келеңсіз құбылыстардың бәрі жөнінде нақты иесі аталып көрсетілген сын айтылды. Съездегі «басты шырық бұзушы» басқа емес, нақ республика Министрлер Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев болды. Сын ауыл шаруашылығы мен экономиканың басқа да шешуші секторларындағы біліксіздік, ысырапшылдық, ұрлық-қарлық, көзбояушылық пен алаяқтықтың сорақы фактілерін түйреді. Әсіресе, қарқынының баяулауы бюджет қаражатын көрікті құрылыстарға, қала сыртындағы резиденцияларға бұрып әкетумен тікелей байланысты тұрғын үй құрылысындағы ахуалға өткір сын айтылды. Е.Н. Әуелбеков, В.П. Демиденко, А.Г. Коркин, М.Р. Сағдиев секілді басқа да жетекшілердің сөздерін де азусыз деуге болмас, өйткені, съездің барысының өзі де өзгеше еді. Дегенмен, сол күндердің басты дем берушісі болу Н.Ә.Назарбаевтың үлесіне тиген еді. Бұл туралы көп жылдар өткеннен кейін еске алған кезде, сол ерекше съездің оқиғалары бейресми қоғамдық пікірде сан-саққа жүгіртіле сөз болғанын айта аламын. Ол кезде тәуелсіз БАҚ-тар да, өзгеше ойлайтын басқа заңды пікірталас алаңдары да болмағандықтан, әрине, ондай жорамал-топшылаулар «дастарқан басында» ғана сөз етіліп жататын. Біреулер ол съезді Бас хатшы іс пен пікірталастарда «бейқамдық пен жайбарақаттық» ахуалынан арылуды талап еткен КОКП Орталық комитеті Саяси бюросының жаңа бағытына шырай таныту деп есептеді. Екінші біреулерге ол Мәскеу жақтағы бас көрерменнің көңілінен шығуға есептелген өзіндік саяси қойылым болып көрінді. Үшінші біреулер «орталық» осындай форма арқылы бірінші хатшы Дінмұхамед Қонаевтың орнынан үміткер саяси күштердің байқауын өткізді деген болжамды ұсынды. Алайда, мұның бәрі қияли болжаулар ғана еді. Нақты жағдай одан біршама күрделі әрі драматизмге толы болатын. Назарбаевты көптен білетіндерге оның жігерлі күрескерлік мінезі де жақсы мәлім. Ол бұрыннан-ақ мәймөңкелікті білмейтін әрі ойын жасырмай айтатын батыл еді, ал 1985 жылы басталған жариялылық кезеңі оның күресін партиялық-аппараттық құпиялылықтың тұмшамалы ақпараттық ноқтасынан арылтып, барша қоғам үшін жарқыратып көрсетіп берді. Бұл жерде ол үндемей қала алмады. Қарсы әрекет те көп күттірген жоқ. «Бас көтерушіге» қарсы қатаң қысыммен бірге нағыз оқшаулау әрекеті де ұйымдастырылды. Н.Ә. Назарбаевтың қаржылық жағдайын тексеруге, сондай-ақ, оның қызмет бабын теріс пайдаланып, мемлекет қаржысын жеке мүддесін қанағаттандыруға немесе еңбексіз табыс табуға пайдаланып жүрген-жүрмегенін анықтау жөнінде арнайы қызмет органдарына міндеттер жүктелді. Нұрсұлтан Әбішұлының бақытына қарай оған күйе жағатын материалдарды «жерден қазу» ешкімнің қолынан келе қоймады. Біршама алға озыңқырап барып айтар болсақ, небәрі 2 жыл өткенде Н.Ә.Назарбаевқа қарсы мұндай шабуылды бірінші хатшы Д.А. Қонаевтың орнына келген Геннадий Колбин де қолданып көрді. Колбин КОКП Орталық комитеті мен КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіндегі байланыстарын пайдалана отырып, үйреншікті әдістерін қолданғанымен, ол Н.Ә.Назарбаевты қорқытып, беделін түсіре де алмады, «кұрметті» жоғарылату жолымен республикадан кетіре де алмады, онысының бәрі де сәтсіздікке ұшырады. Үлкен төзімділік әрі кәдімгі адами әдептілік таныта отырып, Нұрсұлтан Әбішұлының өз басы тап болған сол бір қырсықтар туралы кейіннен қысқа ғана қайыратынына таң қаласыз. 1989 жылы одан сұхбат алуға Алматыға келген «Известияның» арнаулы тілшісі Павел Гутионтовтың өзіне: «1986 жылы Сіз Қазақстанның сол кездегі партия басшылығына алғашқы болып қарсы шықпап па едіңіз?» деген сұрағына Н.Ә. Назарбаев: «Мен қазір ол туралы айтпай-ақ қойсам деймін… Айтарым, тоқырау кезеңінде республика басшылығында қалыптасқан стиль мен әдістердегі елеулі кемшіліктер туралы өзім мінберінен ашық айтқан республикалық партсъезден кейін басыма бұлт үйірілді. Алайда, бірнеше айға созылған қысымға төзіп бақтым. Оның үстіне жинақтаған тәжірибем – тым тәуелсіз болу мені бұрыннан да «өз ұстанымымды сақтай білетіндей» етіп шыңдаған», деп жауап берді. 1986 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің «18 минөттік пленум» деген атышулы атауға ие болған ұйымдастыру пленумында Д.А.Қонаев бірінші хатшы қызметінен босатылып, оның орынтағына Г.В.Колбин отырғызылды. Қайта құру үдерісі басталмай жатып-ақ іс жүзінде өз ұрандарының қадірін өзі кетірді. Озық ойлы өкілдерінің пікірі арқылы кезекті кадр өзгерістерімен келіспеушілік танытқан қазақстандықтар үшін қысылтаяң кезең басталды. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары мен қазақ халқының басына түскен ауыр сынақ туралы аз жазылған жоқ. Алайда, мен бұл арада танымал құқықтанушы және тарихшы, академик Ғ.С.Сапарғалиев жасаған мына бір тұжырымды келтірейін: «…Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің жаңа бірінші хатшысын тағайындау туралы КОКП Орталық комитетінің шешіміне наразы болған жастар республика астанасындағы алаңға шыққанда оларға қарсы қару қолданылды, одан кейін өлім жазасына дейін үкім шығаруға барып, қатысушыларының көбін соттады. Сонысымен Коммунистік партия өзіне-өзі үкім шығарды, көп адам одан сырт айналды. Партияны таратқан кезде халық наразылық танытқан жоқ. Сөйтіп, Коммунистік партия мен Кеңес мемлекетінің тағдырына тарихи нүкте қойылды». Сол кездегі проблемалар үшін мен бар жауапкершілікті бір Колбиннің басына үйіп-төгу ойынан аулақпын. Олар оған дейін де, одан кейін де бастан асып жататын. Басты мәселе осындай іс жағдайын қалыптастырған саяси жүйенің өзінде еді. Тіпті, сондай жүйенің өзі де кадр тағайындауда қатты қателескенін мойындауға мәжбүр болды. Бұрынғы үстірт қадамдардан бір айырмашылығы: бұл жолы Мәскеу республикада жабық социологиялық зерттеу сияқты бейресми бірдеңені жүргізген болды. Өздерінің ой-ниетін ашық жария етпей де, сондай-ақ оны онша жасырмай да, арнайы уәкілетті адамдар түрлі саланың айтулы тұлғалары арасында сол кездегі партия-кеңес басшыларынан Орталық комитеттің бірінші хатшысы ретінде кімге көңілдері ауатынын білу мақсатында сауалнама жүргізді. Сол жылдардың қоғамдық-саяси лексиконында «рейтинг» деген сөз болмаса да, неғұрлым сәтті де оптимистік диаграммалар Назарбаевқа келіп тоқайласа берген. * * * Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып Қазақстан Компартиясы ОК ХV пленумында сайланды. Сол бір тарихи оқиғаларға орала отырып, өз пайымдауымша, оның кәдуілгі сыпайыгершілік сөздері мен рәсімдік жақтарын қағаберіс қалдырып, ең басты эпизодтарына ғана көңіл аударып, мұрағат материалдарын тірілтіп көрейін. Пленумда алғашқы болып Саяси бюроның мүшесі, КОКП Орталық комитетінің хатшысы Виктор Чебриков сөз алды. «Орталық комитеттің Саяси бюросы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметіне кандидатура туралы мәселені жан-жақты талқылады. Бұл орайда, Орталық комитеттің Бюро мүшелерінің пікірі де ескерілді. Нәтижесінде біз мынадай қорытындыға келдік: сіздерге, пленумға, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы етіп Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты сайлауды ұсынамын, – деді ол. – Ұсынылған кандидаттың өмірбаянын айтып беруімнің қажеті болмас – бірге жұмыс істегендіктен сіздер оны білесіздер. Н.Ә.Назарбаев осында, республикада үлкен мектептен өтті, не істелгенін, бұдан әрі республикада қайта құруды мақсатқа сай әрі дәйекті түрде өрістете дамыту үшін не істеу керектігін өте жақсы біледі. Н.Ә.Назарбаевты Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлау туралы Саяси бюроның ұсынымын қолдауды өтінемін». Пленумда сөз сөйлегендердің көпшілігі Нұрсұлтан Әбішұлын «Қазақстандағы қайта құрудың басты сәулетшілерінің бірі ретінде» сипаттады және байыпты өмір мектебінен өткен, жұмысшы әрі саясаткер ретінде шыңдалған ол нағыз лидерге айналды деген пікірлер олардың сөйлеген сөздеріне арқау болды. Әсіресе, теміртаулық ардагер-металлург С.В.Дрожжиннің: «Мен Нұрсұлтан Әбішұлын 18 жылдан бері білемін. Қарағанды металлургия комбинатының қалыптасуының қиын жылдарында ол бізде партия комитетінің хатшысы болып жұмыс істеді. Мен жұмысшы адаммын, ол – партия қызметкері, бірақ біздің арамызда ешқашан кедергі болған емес. Партком хатшысы кабинетінің есігі бәріміз үшін әрдайым ашық болатын. Алайда, оның жұмыс орны көбіне кабинет емес, комбинаттың жалынды цехтары еді. Ал мен қарапайым жұмысшы ретінде айтайын: мұндай адаммен жұмыс істеу жеңіл де жақсы болмақ», деген сөзі айрықша әсер қалдырды. Пікір алмасылғаннан кейін, Орталық комитет пленумдарының бүкіл тарихында тұңғыш рет бұл мәселе жабық, жасырын дауысқа салынды. Оған Орталық комитеттің 158 мүшесі қатысты. Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайлануына 154 адам дауыс берді. 4 кісі қарсы болды. Пленум жабық жасырын дауыс берудің хаттамасын бекітті. Осылайша, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. * * * Н.Ә.Назарбаевтың Қазақ КСР басшысы лауазымындағы қызметінің басталуы аса бір қолайсыз жағдайларда өтті дей салсақ, бұл ешнәрсе айтпағандық болар еді. Ол халық тағдыры мен оның халқының болашағы таразыға тартылған күрделі өзгерістер уақыты болатын. Жаңа басталған қайта құру өзіне жүктелген үлкен үмітті, бірінші кезекте – экономиканы сауықтыру мен адамдар өмірін жақсартуды ақтамады. 1980-ші жылдардың соңына қарай экономикадағы дағдарыс құбылыстары жедел асқына түсті. Одақтық орталық пен республикалар арасындағы қайшылықтар, КОКП-ның тереңдей түскен идеологиялық дағдарысы, ушыққан этносаралық қатынастар, қоғамдағы әлеуметтік күйзелістер өрши түскен сайын басқа да шешілуі қиын проблемалардың ауқымы жылымықта аунатылған қар домбағындай өсе бастады. Бүкіл Кеңес Одағы сияқты, Қазақстан да «митингілік демократия» сатысына кірді. Кейде адамдардың әлеуметтік наразылығы Жаңаөзендегі сияқты стихиялы жанжалдар, сондай-ақ, бірқатар облыстардың ірі өнеркәсіп орындарында болған ереуілдер түрінде бой көрсетті. Оның үстіне сол уақытта Кавказда, Өзбекстанда, Приднестровье мен Балтық жағалауында азаматтық және этносаралық текетірестер іспетті бұрын болмаған қауіпті оқиғалар орын алып жатты. Нұрсұлтан Әбішұлының абыройына қарай, мұндай қиын сәттерде ол жұртшылықпен батыл жүздесе білді, оларға не айтатынын да білетін. Дегенмен, кейін сол кездерде ол өзін «қыздырылған табадағыдай» сезінгенін де жасырмай айтып жүрді. Сол кездің көптеген саясаткерлерінің аясында оның азаматтығы мен адами адалдығы ерекше байқалып тұратын. Проблемалар қаншалықты өткір болғанымен де, ол ешқашан сол мәселелерді ашу-ызасы шегіне жеткен адамдармен ашық талқылаудан бой тартқан емес. Сол кезде наразылық қарсылықтары мейлінше бұқаралық әрі ұйымдасқан сипатқа ие шахтерлер мен металлург жұмысшылар арасында оның жолдастық мәнерде ашық әрі сондай-ақ әке айтатындай салиқалы сөз саптауы көптің аузынан шығып жататын аузыңнан ақ май ағызамын дейтін құрғақ уәделерден қилы қымбат бағаланатын. Осындай көзбе-көз кездесулер мен әңгімелесулерден кейін қарапайым жұмысшылардың, бригадирлер мен цех мастерлерінің: «Бізді түсінгені әрі құрметтегені үшін рахмет. Кезекті өтірікпен тойдырмай, бізге ащы шындықты айтып бергені үшін рахмет» деген моральдық қанағат сезіммен тарайтындықтарына таңданатын ештеңе жоқ. Проблемалар мен оларды шешу жолдары туралы тұжырымын Нұрсұлтан Назарбаев сол 1989 жылы Мәскеуде болған КСРО халық депутаттары І съезінің мінберінен мейлінше нақты әрі дәлелді түрде баяндап берді. Оның сол сөйлеген сөзі қысқа әрі тұжырымдық баяндауда жедел шешілуді қажет ететін, өзара байланысты мынадай 12 айқындамадан тұрды: 1) кеңес азаматтарының әл-ауқатына әсер ететін тауар тапшылығын жойып, баға өсімін тоқтату; 2) жалпы көрсеткіштер жалаң ғана өсіп, іс жүзінде тауар өндірісі тұтынушылар сұранысын қанағаттандырмай отырғандықтан, елдің қаржы жүйесіндегі теңгерімсіздікті реттеу; 3) бұқараның іс-тәжірибесіне сүйенбей және аумақтық ерекшеліктер ескерілмей әзірленген шаруашылық есеп әдістерін жетілдіру; 4) республикаларға одақтық министрліктер мен ведомостволардың өктемдігін, КСРО әскери-өнеркәсіптік кешенінің монополиялық әрі бақылаусыз қызметін тоқтату; 5) Арал мен Семейдегі экологиялық апатқа, ядролық, әскери және бактериологиялық полигондар мен зертханалардың зиянды әсеріне байланысты проблемаларды шешу; 6) кірістердің одақтық және республикалық бюджеттер арасында әділетті бөлінуін қамтамасыз ету; 7) одақтық ведомстволардың жалпыодақтық стратегиялық нысандарда жергілікті халыққа кемсіте қараушылығы сияқты (мәселен, Байқоңырда, Майқайыңда және т.б.) залалды көзқарастан арылу; 8) жергілікті атқарушы органдарға кең өкілеттіктер беру мақсатында жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру; 9) тұрақсыздық қаупінің алдын алу, қоғамдағы тәртіптік талаптарды күшейту; 10) халықтар достығы мен шынайы интернационализм рухын сақтау, тоталитаризмнен онсыз да басқалардан көп зардап шеккен орыс ұлты мен Ресей халқын тоталитаризмнің қылмыстарымен шатастырмау; 11) республикалар мен олардың өкілдіктерінің жалпыодақтық органдардағы өкілеттіктерін кеңейту; 12) 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларынан кейін ұлтшыл деп әділетсіз әрі дәлелсіз айыпталған қазақ халқының ар-ожданын қорғап қалу. Әрі бұл сөздердің Мәскеуде – әлі де құдіретті, бәрін де билеп-төстеуші одақтық орталық басшылығының алдында айтылғанын атап көрсеткен жөн. Сөйтіп, сол уақыттың күрделі де қайшылықты жағдайында Н.Ә.Назарбаев өзінің барлық күш-жігерін ол кезде күн тәртібінде тұрған басты түйінді проблемаларды шешуге: түбегейлі экономикалық реформалар бағдарламасын іске асыру мен адамдардың тұрмысын жақсартуға, одақтық орталық пен республика арасындағы өкілеттіктерді нақты бөлуге, әлеуметтік тұрақтылық пен этносаралық келісімді нығайтуға шоғырландырды. * * * Экономиканың күрт құлдырауы, Одақ өңірлері арасындағы шаруашылық байланыстардың үзілуі, одақтық орталықтың дәйексіз іс-әрекетінің аясындағы өндірісті ұйымдастыру мен олардың арасындағы кірісті бөлудегі сұмдық теңгерімсіздіктің сақталуы халықтың толық кедейленуіне, тауарлық әрі азық-түліктік тапшылығына душар етіп, күннен күнге өрісін кеңейте түскен бей-берекеттікті тоқтата алмады. Бұл ретте Қазақстанның жағдайы КСРО-ның халық шаруашылығы кешені құрылымында оған шикізаттық рөл берілгендігімен күрделілене түсті. Соның салдарынан республика өндірілген астықтың жартысына жуығын, еттің 1/3-ін, шикі мұнайдың 90%-тен астамын, көмір мен қара металл кендерінің 3/4-ін, түсті металл мен қорытпалардың 2/3-ін сыртқа шығарды, мұның бәрі адам айтқысыз төмен бағамен сатқызылды. Сонымен бір мезгілде, Қазақстанға жеңіл өнеркәсіп пен теміржол көлігіне арналған жабдықтардың 95%-іне дейін, металл кесетін станоктардың 2/3-ін, тоқыма бұйымдары мен мақта маталарының 45%-ін, автомобильдерді, ауыл шаруашылығы техникасын, тұрмыстық техниканы – толық, халық тұтынатын тауарлардың басым бөлігін сырттан әкелуге тура келді. Соның нәтижесінде, баламасыз айырбас салдарынан Қазақстан дотация берілетін республика деген кемсітулі күйге түсті. Қалыптасқан дағдарысты жағдайда Н.Ә.Назарбаев өндірісті тұрақтандыру, республика экономикасының шикізаттық бағытын еңсеру, одақтың ішіндегі көлбеу экономикалық байланыстарды нығайту, бірыңғай экономикалық кеңістікті сақтау жөнінде батыл шешімдер қабылдады. Алайда, орталықтың мықты өктемдігі сақталған, кейде ақыл-ойға сыймаса да одақтас республикаларға қандай да бір жол беруді қаламайтын, олардың арасындағы өкілеттіктердің аражігі нақты ажыратылмаған ахуалда экономиканы реформалаудағы барлық қолға алынған істер мәні жағынан оң нәтижеге жеткізбей, ұзақ уақыт ырғалып-жырғалуға әкеліп тірейтін. Бұл жағдаят Кеңес Одағында жаңа Одақтық шарт жобасының айналасында өрбіген талас-тартысты көбіне-көп ушықтыра түсті. Нұрсұлтан Әбішұлы республикалардың орталықпен қағидатты жаңа негіздегі өзара қарым-қатынасқа көшуінің негізгі идеологтарының бірі болды. Ол Одақтық шартқа жеделдете қол қою – түпкі мақсат емес, сан алуан проблемалардың, ең алдымен, экономикалық проблемалардың түйінін шешудің алғышарты екенін бірнеше мәрте қадап тұрып айтқан-ды. Н.Ә. Назарбаев, әлбетте, орталық партаппарат функционерлері, әскери-өнеркәсіп кешенінің, одақтық министрліктер мен ведомстволардың басшылары тарапынан одақтық төрешілдіктің белсенді де өте пәрменді қарсылығына тап болды. Дегенмен, Нұрсұлтан Әбішұлы прагматик ретінде кейін шегінер жолдың жоқ екенін де айқын пайымдады. Өздерінің жайлы мәртебесін сақтап қалуға мүдделі, қасаң қағиданы ұстануда олардан кем түспейтін әрі саны жағынан біршама көп топ Қазақстанның өзінде де бар еді. Белгілі дипломат, қоғам қайраткері және публицист М.И.Есенәлиев кейіннен бұл жөнінде былай деп жазды: «…Әскерилер, орталықтың одақтық филиалдарының жобалаушылары – ондаған жылдар бойы жалақы, медициналық қызметті пайдалану және басқа да мәселелер жағынан ерекше жағдайда болды. Олар Мәскеуге бағынып, республиканың, соның ішінде, қазақтардың мұң-мұқтажын айтпағанның өзінде, жергілікті билікті көзге ілмей, «темір шымылдықтың» арғы жағында өмір сүрді. Далада жақсы мектептердің, ауруханалардың, клубтардың жоққа тән екенінде олардың жұмысы да болған емес… Сондықтан, республика егемендігінен шахтерлер, металлургтер, химиктер, мұнайшылар «қорықпайды». Олар дербес егемен республикада жағдайлары нашар болмайтынын түсінеді. Ал қорғаныс саласының өкілдері, одақтық жобалау институттарының «ақ жағалылары» жайлы өмірден айырылып қалудан сескенеді. Оларға Қазақстанда өмір сүріп, жұмыс істеу, бірақ Мәскеуге бағыну өте ұнайды. Бұл қолайлы еді». Кейінірек, КСРО-да Одақтық шарттың жобасымен белсенді жұмыс жүре бастағанда, Нұрсұлтан Әбішұлы мәселенің маңыздылығын пайымдай отырып, өзіміздің қазақстандық нұсқаны әзірлеуге бастамашылық жасады. Оның өзегінде жатқан негізгі ойлар 1990 жылғы 10 қыркүйекте Қазақ теледидары арқылы берілген «Бірлік пен топтасу үшін» деп аталатын Қазақстан халқына арнаған Үндеуінде нақты белгіленген болатын. «Біз мүлдем жаңа негізде – Егемен мемлекеттер одағында өмір сүруді бастаймыз. Оның мәні айдан анық: республикалар өз аумағындағы ұлттық байлықты иеленуге, пайдалануға әрі билік етуге айрықша құқық алады. Бұған мемлекеттік егемендіктің материалдық негізі болып табылатын – жер, оның қойнауы, су, әуе кеңістігі мен басқа да табиғи ресурстары, бүкіл экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуеті кіреді. Одақтың өзі республикалардың еріктілік, өзара мүдделілік және тең құқықты әріптестік бастауларына негізделеді. Республикалар өкілеттіктерінің бір бөлігін өз қалауынша Одақтың өздері құрған жаңа басқару органдарына беруіне де болады. Бұл сипаты жағынан ел ауқымында біртұтас басшылықты талап ететін қызмет салалары: іргелі зерттеулер, қорғаныс бағдарламалары, атом өнеркәсібі, ғарыш жүйелері және т.б. болмақ». Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының КСРО-ның беделді әрі ықпалды саясаткерлері қатарында көрініп, халық арасында көп танымал бола бастаған кезі екені еш таңданыс туғызбаса керек. Жылдар өте келе, ол бедел енді басқа тарихи жағдайларда сақталып қана қоймай, сонымен бірге, халықаралық деңгейде елеулі өсе түсті. Бұл феноменнің өзегінде Нұрсұлтан Әбішұлының бойындағы дұрыс прагматизм сипаты жатыр.1980-ші жылдардың аяғындағы жаңа Одақтық шарттың қол қойылуына қатысты оның көзқарасына тап осы прагматизм әсер етті. Кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістіктегі интеграция мәселелеріндегі оның бірізді саясатын да осы прагматизм айқындайды. Еуразиялық интеграцияны мемлекеттің тұрақты дамуының ықпалды тетіктерінің бірі ретінде қарастыра отырып, ол 1994 жылдың өзінде, КСРО-ның үйіндісінің үстінде бұрынғы кеңестік республикалар өз тәуелсіздігін орнықтыруға әрекеттеніп жатқан кезде Еуразиялық одақты құру жөніндегі идеяны ұсынды. Назарбаевтың берік сенімінше, қауырт жаһанданып жатқан әлемде болашақ ірі интеграциялық бірлестіктерге тиесілі. Бұған балама жоқ. Арада 20 жыл өткенде, үстіміздегі 2014 жылдың 29 мамырында еліміздің елордасы Астанада Қазақстан, Ресей және Беларусь өзінің маңызы жөнінен тарихи Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойған кезде біздің бәріміз Қазақстан басшысы идеясының тамаша жүзеге асуының куәсі болдық. Салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы құрылған одақ тек қана экономикалық болып табылатынын, қатысушы мемлекеттердің тәуелсіздігі мен саяси егемендігі мәселелеріне ешқандай да әсер етпейтінін мәлімдеп, Қазақстанның бұл істегі көзқарасын берік әрі шегендеп белгілеп берді. «Біздің бірлестігімізде саяси егемендік берік әрі мызғымастай. Бұл аксиома. Ол, ол ма, экономикалық интеграция тап осы ұлттық мемлекеттілікті нығайтып, тұрақты экономика арқылы оны едәуір бекемірек ету үшін дамытылуда», деп атап айтты Президент.
1980-ші жылдардың соңы бұрынғы КСРО-ның барлық халықтарының арасында этнизм дүрбелеңі мен бұрын-соңды болмаған ұлттың өзін-өзі тануындағы рухани серпілісімен ерекшеленетін еді. Ондаған жылдар бойғы тыйым салулардан кейін адамдар ұлттық дамудың маңызды проблемалары: жалпыкеңестік жасанды мәдениеттің бір ізге салынушылығының зардаптары, терең ассимиляциялық үдерістер, ұлттық ерекшеліктерін, салт-дәстүрлерін жоғалту, ана тілдердің жойылу қаупі туралы ашықтан ашық айтылып жатты. Алайда, аталған үдеріс 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларынан кейін және соның ізінше қазақ халқына қатысты басталған қуғын-сүргіннен соң Қазақстанда қалыптасқан аса күрделі моральдық-психологиялық жағдайда өтіп жатты. КОКП Орталық комитетінің 1987 жылдың шілдесінде қабылданған қаулысында қазақ халқына «қазақ ұлтшылдығы» деген қиянатты да дәлелсіз айып тағылды, ал басқаша ойлауға тәуекелі жеткен басқару орындардағы жергілікті кадрларға, мұндайда ұлты қазақ болмаса да, кемсіту мен қоқан-лоққы көрсету науқаны қанат жайды. Сондықтан азаматтар арасында өзара сенімділікті қалпына келтірмей тұрып, көп ұлтты республикадағы өзге істердің табысты жүруі мүлде мүмкін емес болатын. Мұндай жағдайда тілдер туралы заң жобасының қоғамда өткір пікірталастар туғызуы түсінікті ахуал еді. Осыларды терең сезіне отырып, Нұрсұлтан Әбішұлы пікірталастың барлық тараптар құқын бір қалыпқа түсіретін әрі тілдердің бір де біріне артықшылық беруге жол бермейтін, салмақты, центристік көзқарастың жақтаушысы ретінде заң жобасын әзірлеуге және оны алға жылжытуға белсенді араласты. Сондықтан парламенттік пікірталастар басталмас бұрын өзінің сөйлеген сөздерінің бірінде Н.Ә. Назарбаев заң жобасын алдын ала халқымызға былайша түсіндіріп берді: «Таяуда баспасөзде тілдер туралы Қазақ КСР заңының жобасы жарық көреді, оны республика ғалымдары мен мамандарының, мәдениет қайраткерлерінің үлкен тобы ұзақ уақыт бойы дайындады. Бұл құжатқа түбегейлі баға беріп жатқым келмейді, бұл – бүкіл қазақстандықтардың ісі. Тек жобаның құқықтық тұжырымдамасының басқа республикаларда қабылданған осы тақылеттес заңдар тұжырымдамаларынан, атап айтқанда, оның интернационалдық мәнін күшейту тұрғысынан айтарлықтай ерекшеленетініне назар аударғым келеді. Жаңа заңның авторлары басшылыққа алған басты өлшемдердің бірі республикаға атын берген халықтың шынайы өркен жаюына басқа ұлттар адамдарының құқықтары мен бостандықтарына қысым жасау есебінен қол жеткізуге болмайтындығы туралы терең ой болатын. Жергілікті ұлт тілінің нақты қорғалуын барша жұртшылық түбегейлі шарадан – оған мемлекеттік мәртебенің заңды түрде бекітіліп берілуінен шын мәнінде әділ аңғарып отыр. Алайда, осындай қадам жасала отырып, барлық халықтар тілдерінің еркін дамуына да заңнамалық жолмен кепілдік берілетін болады. Бұл орайда орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі ретіндегі өз функцияларын лайықты атқара беретін болады, ол бұрынғыдай әрбір халықтың, әрбір адамның қуатты зияткерлік әлеуеті рөлін сақтап қалады». Салмақты көзқарастың арқасында 1989 жылдың қыркүйегінде қабылданған «Тілдер туралы» Қазақ КСР-інің Заңы белгілі бір дәрежеде этносаралық қарым-қатынастардың өткірлігін төмендетіп, республикадағы тұрақтылықты нығайтуға септігін тигізді. Нұрсұлтан Назарбаев қазақ ұлтының шынайы өрлеуі Қазақстан халқын құрайтын барлық этностардың бір мезгілде әрі жан-жақты ұлттық-мәдени дамуы жағдайында ғана мүмкін екенін үнемі атап көрсетіп отырды. Нәтижесінде республикада 1989 жылдан, кейіннен 1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының түп негізі болған ұлттық-мәдени орталықтар ашыла бастады. Көптеген этностық топтар, соның ішінде бір кездері Қазақстанға мәжбүрлеп жер аударылған немістер, корейлер, поляктар, литвалықтар, қырым татарлары, месхет түріктері, вайнахтар, қарашайлар мен балқарлар, гректер және басқалар өздерінің тарихи отандарымен үзілген байланысты қайта жаңғыртуға кірісті. Қазақ ұлтының бағзы замандардан бергі табиғи ошағы бола отырып, Қазақстан әлемге тарыдай шашылып кеткен қазақ диаспорасын жинай бастады, 1992 жылы құрылған Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы соның орталық ұйымына айналды. Нұрсұлтан Әбішұлының көне замандардан тамыр тартатын Наурыз мейрамын қалпына келтіру жөніндегі күш-жігеріне де осы тұрғыдан келген жөн. Қазақстанда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін бұл мейрам 1980-ші жылдарға дейін 60 жылдан астам уақыт бойы халықтың өмірінен «шет қалғанына», біреулер атап өтсе де – жасырын, шағын отбасылық аяда, көбіне өз шаңырағының мұқият жабылған есігінің арғы жағында атап өткеніне қазіргі жастар, сірә, таңғалатын шығар. Қайта құру кезінде Қазақстанда Наурызды қалпына келтіруді ұйғарғанда, ертеде оны қалай өткізгенін әңгімелеп бере алатын ақсақалдар көп бола қойған жоқ. Осыған байланысты Нұрсұлтан Әбішұлы тарихшы-ғалымдарды, әдебиетшілерді, өнер қайраткерлерін жұмылдырды. Біздің өмірімізге табиғаттың өзі тарту еткен Жаңа жылдың келуі салтанаты осылайша оралған болатын, ол уақыт өте келе ұлттардың бәрі бірдей қосылып қазақстандықтар атап өтетін бүкілхалықтық мерекеге айналды. Өзінің тарихы мен мәдениетіне мұндай ұқыпты әрі мұқият көзқарас көп жыл өткен кезде Президенттің «Мәдени мұра» ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарламасы туралы бастамасынан көрініс табады. Оны жұртшылыққа таныстыра келе, Н.Ә.Назарбаев әңгіме ұлттың өзін өзі ұстауының патриархалдық пішіндерін қалпына келтіру туралы емес, бізге рухани күш беретін, тарихтың буырқанған толқынында өзімізді сақтап қалуға көмектесетін көне заманғы және қазіргі заманғы үлгілері туралы болып отырғанын айтқан болатын. Ұлт мәселесін дұрыс та ашық шешу бағытын дәйекті іске асыра отырып, Н.Ә. Назарбаев алғашқы кезектегі істердің бірі ретінде КОКП Орталық комитетінің 1987 жылғы шілдеде қабылданған атышулы «қазақ ұлтшылдығы» туралы қаулысының күшін жоюға қол жеткізу мақсатын қойды. Сөйтіп, КОКП Орталық комитетінің 1989 жылғы 19 қыркүйекте өткен пленумында сөз сөйлей келіп, Н.Ә. Назарбаев осы құжат туралы былай деді: «Онда дәлелсіз ғана емес, халықтың ар-намысына тиетін тұжырым-сымақтар да жіберілген. Мысалға, «қазақ ұлтшылдығы» деген түсінік бой көрсетеді. Бірақ, принципінде, қандай да бір тұтас халыққа осындай ізгілікке жат белгілер тән болуы мүмкін бе? Әлбетте, жоқ! Әрі мен оған кәміл сенімдімін. Және ұлттық демократияның болмайтыны секілді, қазақ, орыс, өзбек, латыш және тағы сол сияқтылардың ұлтшылдығы дегеннің болуы да мүмкін емес. Республика коммунистері мен жұртшылығының пікірін білдіре келіп, Орталық комитеттен қазақ халқының адалдығы мен ар-намысына нұқсан келтіретін, оның интернационалистік мәніне көлеңке түсіретін қаулының қате қағидаларын қайта қарауды сұраймын». Ақыр аяғында намысқа тиетін сол қаулының күші жойылды. Сонымен бір мезгілде, Желтоқсан оқиғаларынан зардап шеккендерді ақтау ісі басталды: оған қатысушылардың көбінің құқықтары қалпына келтіріліп, қалыпты өмірге қайта оралды. Бұл жұмыстың әлдебір жерде емес, Нұрсұлтан Назарбаев басқарып отырған дәл сол Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің ғимаратында басталғанын көп адам біле де бермейді. Желтоқсан оқиғаларын зерттеу комиссиясын 2 рет құруға тура келгені белгілі. Алайда, болған істің нақты бейнесін қалпына келтіру қажет еді. Сол алғашқы кезеңнің басты қорытындысын Елбасы өзінің «Жадымызда жатталсын, татулық дәйім сақталсын» атты мақаласында шығарды: «…Сол жылдардағы саясатшылар «халықтар достығына нұқсан келген жоқ», «кеңестік интернационализм ауыр сында төзімділік танытты» деген сарындас әбден жауыр болған жаттанды тіркестерді дұға сөзіндей жалықпастан қайталаумен болды. Алайда, адамдар достыққа сызат түскенін, түрлі ұлт өкілдері арасындағы қарым-қатынаста айтарлықтай салқындықтың пайда болғанын, әрқайсыларының өзді-өзі болып оқшаулануға бейімділік таныта бастағанын аңдамай қалған жоқ. Жағдайды партия және мемлекеттік органдардың орашолақ іс-қимылы одан сайын ушықтыра түсті, олар оңтайлы да нысаналы жұмыс жүргізудің орнына мәтібиліктің бәз-баяғы дәстүрлеріне басып, материалдық жағынан да, ұйымдық жағынан да дәйектелмеген ұзын-сонар «іс-шараларының жоспарын» жасаумен шектеліп жүріп жатты. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана елімізде қазақ халқының тілін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін шындап қалпына келтіруді мақсат тұтқан рухани өрлеу басталды. Сонымен, тоталитарлық жүйе қорлық көрсетіп, жәбірлеген халыққа, сайып келгенде, Қазақстанды мекен еткен басқа да халықтарға қысым жасау тыйылды. Мәңгілікке тыйылды деп сенемін». Сол кезде тоталитарлық жүйенің қылмыстық қызметінің бұдан да басқа сорақы фактілері ашылғанын атап өтуіміз қажет. Арал теңізі алабындағы экологиялық апат пен Семей ядролық полигоны туралы ақпарат жалпыға жария етілді. Осындай жағдайда 1989 жылғы 27 ақпанда жасалған ядролық жарылыстың салдарынан қоршаған ортаға таралған радиоактивтік шығарынды туралы хабар жұртшылықты дүр сілкіндіріп, оларды ядролық сынақтарға қарсы бағытталған қуатты «Невада-Семей» қозғалысына ұласқан наразылық акциясына алып шықты. Айтқандай, Қазақста