Жаңалықтар

Аналар кеңесі құрметке лайық

Аналар кеңесі құрметке лайық

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі кеңейтілген отырысын өткізді. Тараз қаласындағы «Достық» үйінде өткен жиын «Рухани жаңғыру – жетістіктер тарихы» тақырыбына арналды. Жиынды кеңес төрайымы Мухаботхон Миражапова ашып, жүргізіп отырды. Өз сөзінде Мухаботхон Сайдуллақызы Кеңес мүшелерін мерекелерімен құттықтап өтті. – Жылдың ең шырайлы кездерінің бірі – наурыз айы алғашқы күнінен-ақ мерекемен бастау алады. Бұл айда тойланатын барлық мейрам ізгілік пен жақсылықтың, мейірім мен жылылықтың тойы деп айтсақ, артық болмас. Осы ретте құрметті аналарымызды мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын, – деді М.Миражапова. Басқосу барысында Тараз қаласы мен аудандардан жиналған кеңес мүшелері қоғамның рухани жаңғыруы, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдерді кәсіпкерлікке тарту мәселелері турасында баяндамалар жасады. Сонан соң жиын қатысушылары аталған тақырыптар турасында ойларымен бөлісіп, туындаған сұрақтарды талқыға салды. Сондай-ақ кеңейтілген отырыс нәтижесінде қалыптасқан ұсыныс жобасын қабылдады. Жиын соңында Мухаботхон Миражапова кеңес мүшелеріне арнайы дайындалған сый-сияпатын табыстады.

Мұратхан Әлімхан