Тоғызқұмалақтан дәстүрлі турнир өтуде
Тоғызқұмалақтан дәстүрлі турнир өтуде
Кеше Тараз қаласындағы №53 мектепте облыстық «Ақ жол» газетінің жүлдесі үшін тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі республикалық турнир басталды. Биыл осымен он тоғызыншы мәрте өткізіліп отырған жарысқа облысымыздан және еліміздің бірқатар өңірлерінен барлығы 126 ойыншы қатысуда. Турнирдің ашылу салтанатында облыстық «Ақ жол» газеті Бас редакторының бірінші орынбасары Құрманбек Әлімжан жарысқа қатысушыларға сәт сапар тілей отырып, осы жарыстардың қалыптасу тарихынан аз-кем сөз қозғады. 1996 жылы алғашқы турнир небәрі 14 ойыншымен өткен болса, осынау ұлттық ойынымызға құмартушылар қатары жыл сайын артып келеді. 2000 жылдан бастап турнир республикалық-рейтингтік мәртебесін иеленді. Бұл жарыстарда көптеген ойыншылар республикалық және халықаралық дәрежедегі жеңімпаздық тұғырларынан көрініп жүр. Олардың арасында облыс намысын табысты қорғай білген Дүниежүзі және Азия чемпионы Айдос Сейітжанов пен Азия чемпионы Жандос Мейрамқұл сынды жерлестерімізді мақтан тұтамыз. Ал оншақты жамбылдық өрендер республика чемпиондары атанды.
Биылғы жарысқа да біздің облысымыздан жеті команда қатысуда. Олар негізінен Тараз қаласынан, Сарысу, Қордай, Байзақ аудандарынан. Қонақтардан сонау Батыс Қазақстан, Алматы, Қызылорда, Қарағанды, Атырау, Қостанай облыстарынан келгендер бар. Міне осылай, Жамбыл облыстық қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – «Ақ жол» газеті өз өңірімізбен қатар бүкіл елімізде ұмыт бола бастаған ұлттық спорт ойынымыз – тоғызқұмалақтың жасөспірімдер арасында дамытылуына лайықты үлесін қосуда. Турнир ұйымдастырылған алғашқы күннен оның бас жаттықтырушысы болып келген тоғызқұмалақтан спорт шебері Мейрамқұл Ноғайбаев Алматы қаласындағы «Спорт және туризм» академиясына тоғызқұмалақ бойынша бапкерлер дайындау қызметіне өсіп жатыр екен. Бұл да болса біздің турнирдің жас спортшыларды ғана емес, бапкерлердің де шыңдалу мектебіне айналғанын көрсетсе керек. Енді оның Тараздағы бастаған ісін шәкірті, спорт шебері Ербол Нұрханов жалғастыратын болады. Тоғызқұмалақшылар он төрт жасқа дейінгі және одан жоғары болып ұлдар және қыздар командаларына бөлініп сайысқа түседі. Жеңімпаздар балдық жүйемен анықталады. Төрт күндік жарыстардың қорытындысы 26 маусым күні шығарылады.
Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.