Бірлескен істе береке бар
Бірлескен істе береке бар
Халқымызда: «Жалғыздың – үні, жаяудың – шаңы шықпас» деген сөз текке айтылмаса керек. Ауылда егін егіп, мал өсіретін жеке тұлғалар мен ұсақ шаруашылықтар осыған дейін өндірген өнімін лайықты бағасына өткере алмай, делдалдарға жем болып келді. Шаруашылықтарын өркендете алмай қатты қиналды. Бұл тығырықтан шығудың жолын Елбасы өзі көрсетіп берді. Мемлекет басшысы өткен және үстіміздегі жылдардағы Жолдауларында жеке тұлғаларды және ұсақ шаруашылықтарды кооперативке біріктіруге, оларға қолдау көрсетуге тапсырма берді. Меркі ауданында өткен жылы жеке тұлғалардың бірігуімен – 5, ұсақ шаруашылықтармен осы мөлшерде ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылған. Сүт бағытындағы «Талдыбұлақ–2017», «Ерхан-Дильназ–2017», «Айша Меркі–2017» және «Береке-Бірлік–2017» кооперативтерінің құрамында 102 жеке тұлға бар. Агроқұрылымдардағы 280 бас сауын сиырдан күнделікті орта есеппен 2130 килограмм сүт сауылып, ол «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС-на өткізіледі. Олардың теңгерімінде сүт салқындататын танкерлер бар. Ет өндіру бағытында құрылған «Ақтоған–2017» АШӨК құрамына 70 жеке тұлғаны топтастырып отыр. Теңгеріміндегі мал сою алаңына өз қаражаттарына тоңазытқыш сатып алған. Мемлекет оның жарты қаржысын арнайы бағдарлама арқылы жауып беретін болады. Сондай-ақ ауданда былтыр құрылған «Molbal-Agro», «ЮКМ», «Нұрлы ауыл–2017», «Аспара» және «Трансфер-2017» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне 68 шаруа қожалығы қосылды. Олардың қарамағында 59350 гектар жер бар. Агроқұрылымдар егін және мал өсірумен шұғылданады. Олар «Игілік» және «Береке» бағдарламаларымен мүйізді ірі қара мал және құрал-жабдықтар сатып алу үшін «Қазагро несие» АҚ арқылы екінші деңгейлі банктерден несие алуға әрекет жасауда. Келешекте өндірген өнімдерін өңдеуді де жоспарлауда. – Биыл қой өсіретін 20 шаруа қожалығын біріктіріп, олардың өндірген етін экспорттау үшін «Меркі ет комбинаты» жанынан ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құру көзделуде. Бұл – кооператив және комбинат үшін де тиімді болады, – дейді аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Болатхан Тәнекей.
Ақылжан МАМЫТ,
Меркі ауданы