«Рола-7» өнімдеріне ресейліктер де риза
«Рола-7» өнімдеріне ресейліктер де риза
Бүгінде байзақтық Нұрбаевтар отбасы іске қосқан отандық бизнестің табысты дамуының үлгісіне айналған, кідіріссіз жұмыс істейтін кеспе және макарон цехының аты алысқа танылып үлгерді. Ол жоғары сапалы өнім шығару әлеуетіне ие.
Елімізде белсенді дамып отырған ұн өнімдері өндірісіндегі қатаң бәсекелестікке қарамастан, отбасылық кәсіпорынның өнімдері бүгінде жамбылдықтардың ғана емес, еліміздегі өзге де өңірлер тұрғындарының үлкен сұранысына ие болуда. Бастапқыда ісін 25 қызметкер еңбек еткен цехта «Чабрец» кеспесін шығарудан бастаған кәсіпорын бүгінде қандай да бір химиялық қоспаларсыз, оған қоса, жүз пайыздық қазақстандық үлесі бар табиғи ұн өнімдерін шығаруға қол жеткізіп отыр. Барлығы 130 адам ауысымдық режіммен жұмыс істейді. Олар үшін 3 рет тамақтану ұйымдастырылған, толық әлеуметтік пакет бар.
«Рола-7» ЖШС-ның жетекшісі Тұрсымбек Нұрбаевтың айтуынша, кәсіпорынның қалыптасып, дамып, бүгінгі, деңгейге жетуі оңайға түспеген. Мұнда қазір тез дайындалатын макарон өнімдерінің бірнеше түрі шығарылады. Кәсіпорын аумағында 4 цех, сондай-ақ диірмен, көлік, бөлшектеп өлшеу цехтары, қазандық, сауда бөлімі жұмыс істеуде. Мекеме «Бизнестің жол картасы–2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Пайыздық мөлшерлемелерді қаржыландыру»» механизмі арқылы несиеге 165,5 миллион теңге алған. Бұл қаржы жаңа цехтың құрылысына, айналым қаражатты толықтыруға және жаңа жабдықтар сатып алуға жұмсалыпты. Серіктестік өнімдері Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Ақтау, Атырау, Қызылорда, Семей, Аягөз, Павлодар қалалары тұрғындарына өткерілуде. Макарон өнімдері арнайы көліктермен облысымыздың аудан, ауылдарына да жеткізіледі. «Мұның бәрі ұзақ мерзімге несиелендіруді жүзеге асырып отырған «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасына қатысудың арқасында мүмкін болды», – дейді Т.Нұрбаев. Былтыр мұнда Индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы аясында Қытай елі инвесторымен бірлесе «СП. «Рола Ян» серіктестігінің макарон өнімдерін шығаратын цехын жаңарту жобасы жүзеге асырылған. Ұдайы ізденісте жүретін кәсіпорын жетекшісі енді жаңа жобаны қолға алып отыр. Биыл «Рола-7» ЖШС-нда Оңтүстік Корея инвесторлары көмегімен жалпы сомасы 4 миллион долларды, аумағы 3 гектарды құрайтын өнеркәсіптік жылыжай кешенінің құрылыс жұмыстары жүзеге асырылмақ. Кәсіпорын 2013 жылы ел нарығында сатудың жоғары көрсеткіштері мен өнімдерінің тамаша сапасы үшін «Кәсіпорынды дағдарысқа қарсы басқару» халықаралық экономикалық форумында «Қазақстан көшбасшысы» атанса, оның басшысы «Қазақстан даңқы» орденіне лайық деп танылды, 2014 жылы «Үздік кәсіпкер», «Парыз» байқауларының жүлдегері атанды. Өткен жыл да кәсіпорын үшін табысты болды. Атап айтқанда, серіктестік басшысы Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Елбасының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалін өңіріне тақты. Сондай-ақ серіктестік көрші ел компанияларымен жасасқан мәмілеге сай оларды жалпыресейлік «Рола» бренді аясында өз өнімдерімен қамтамасыз етуде де жемісті жұмыстар атқаруда. Соған сай ЖШС-ға сұраныс та мол түсуде екен. Демек, ресейліктер де «Рола-7» өнімдеріне дән риза. Серіктестік ұжымы алдағы уақытта өздерінің алға қойған мақсаттарына жету жолында ерен еңбек үлгісін таныта бермек.
Баймаханбет Ахмет Байзақ ауданы