Біліммен қаруланған ел жат пиғылдыларға төтеп береді
Біліммен қаруланған ел жат пиғылдыларға төтеп береді
XX ғасыр ғылым мен технологияның өркендеу негізі басталған кезең ғана емес, сонымен қатар 100 миллионға тарта адам құрбан болған дүниежүзілік соғыстардың, қанды қырғындар мен төңкерістердің, көтерілістер мен апаттардың да ғасырына айналғаны ақиқат. Ұлттық империалистік мақсаттарды көздеген мемлекеттер соғыс үстіне соғыс ашқанымен, нәтижесінде өздері опат болып жатты. Ал XXI ғасырды «ақпараттық ғасыр» деушілермен бірге, «психологиялық соғыстардың ғасыры» дейтіндер де бар.
Қазіргі кезде бұқаралық ақпарат құралдары, көптеген түрлі деңгейдегі саясаткерлер терроризмді «XXI ғасырдың апаты» деп бағалап жатқаны жасырын емес. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Терроризмнің айдаһары қашан да болған және өз қарсыластарына ұдайы арамзалықпен соққы беріп отырған. Алайда дәл қазіргідей ашық та ауқымды болып көрген емес. Халықаралық терроризм осы уақытқа дейін болған және қазіргі ғаламдық қауіпсіздіктің бәрін торпедалап бітті» – дейді. Шынтуайтында солай. Талайдың жүйкесін тітіркенткен терроризм атаулы пәлекеттің тамыры тым тереңде жатыр. Бірақ оның «гүлдену» дәуірі XX ғасырдан бастау алған. Дерекпен айтсақ, 1972 жылы 5-маусымда АҚШ-тың Лос-Анджелес театрындағы Украинаның би ансамблінің гастролі кезінде театрға жарылғыш зат қойылды. Ал 1975 жылы БҰҰ жанындағы КСРО-ның тұрақты өкілдігі де оның әсерінен тыс қала алмады. Сонымен қатар 1981 жылы қысқа мерзім ішінде Нью-Йоркте, Вашингтонда бес рет террористік пиғылдағы әрекеттер ұйымдастырылды. Бірақ мұның барлығы «кеңестік антисемитизмге қарсы күрес», «еврейлердің құқын қорғау» деген түрлі атаулармен аталды. Осылайша қоғамның дамуында ұлтаралық қатынастардың дұрыс шешілмеуінен, халықтың әлеуметтік проблемаларының заңды түрде толық шешімін таппағандығынан күштеу, зорлау, үрейлендіру әрекеттері әлі күнге бәсеңдемей жалғасуда. Ал қазіргі кездегі терроризм – кешегі терроризм емес. Оның көптеген сан түрлі анықтамалары бар. Біреулер терроризмді әлеуметтік құбылыс деп санаса, келесілері басқа пікір айтады. Шындығында, бүгінгі терроризм белгілі бір мақсат пен міндетті жүзеге асыру үшін күш көрсету идеологиясын тұғыр етеді. Терроризм – көзқарастар мен идеялардың емес, әрекеттердің жүйесі, өйткені ол қара бастың қамын күйттемейді. Ол өзінен-өзі әлеуметтік құндылық бола алмайды, алайда қызмет көрсетудің бір түрі ретінде айтарлықтай әрекетшілдік пен сұранысқа ие. Қазіргі терроризмнің маңызды ерекшелігі, оның жақсы құрылымы мен ұйымдасушылығы болып табылады. Террористік ұйымдар бірыңғай басқару органын, басқару жүйесін, жоспарлайтын бөлімшелер құрады. Ірі ұйымдар басшыларының кездесулері, мәжілістері өткізіліп тұрады. Әртүрлі ұлттық ұйымдардың қызметі үйлестіріледі. Моральдық-психологиялық эффект орнату мен қоғамдық ой енгізу үшін ақпараттық-насихаттау жұмысы жолға қойылған. Өздерінің жолын қуатын адамдарды таңдауға көп көңіл бөледі. Әсіресе, ұлттық, экономикалық дағдарыс шиеленіскен жерлерде осы мақсатта жүргізілген жұмыстар олар үшін оң нәтижесін беруде. Бұл, әлбетте, баршамыз үшін өте өкінішті. Терроризммен күрес тиімді болу үшін мемлекеттік дәрежеде лаңкестік атаулыға қарсы әрекетті ұйымдастыруды үнемі жүргізіп отыру керек. Терроризммен күрес оның пайда болу кезінде, жоспарлау мен дайындау кезеңінде жойылуға тиіс. Лаңкестерді құртудың алғышарты олардың қаржыландыру көзін тұқыртудан басталуы қажет. Терроршы мемлекет болмайды, әлгіндей арам пиғылды адамдар, топтар болады. Сол себепті, мұндай лас әрекет үшінші дүниежүзілік соғыс өртін ешқашан тұтата алмақ емес. Бұл енді анық жағдай деп айтуға болады. Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы қоғамда тағатты діни сананы және радикалдық идеологияға деген иммунитетті қалыптастыруға бағытталған діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шараларын жетілдіру, оның көріністерін, соның ішінде арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметін қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру жолымен анықтау мен жолын кесудің тиімділігін арттыру, экстремистік және террористік әрекеттердің салдарын азайту және жою шараларының жүйесін жетілдіру секілді жұмыстар мықтап қолға алынған. Жалпы алғанда, лаңкестікке апарар жолға тосқауыл қою – әрбіріміздің басты мақсатымызға айналуы тиіс. Өйткені Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде бейбітшілік пен зайырлылық қағидаттарын ұстанады. Қалай болған күнде де әрқайсымыз жалаң мақтаншақтықпен емес, терең біліммен қарулансақ, ешқашан адасушылардың артынан ермейтініміз ақиқат. Салмақты ойлай алатын адам барлық жағдайды парықтай, бақылай алады. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома іспеттес.
Альбина СЕМБЕКОВА, облыстық Оңалту орталығының басшысы