Екі турнирде топ жарды
Екі турнирде топ жарды
Болашағынан үлкен үміт күттіретін жас боксшының бірі – Батырхан Серікхан. 40 килограмм салмақта жұдырықтасып жүрген ол небәрі 12 жаста. Батырхан жақында екі бірдей ірі турнирді ұтып, шеберлігі шыңдалып келе жатқанын байқатты. Әуелі Алматы облысының Іле ауданында жасөпірімдер арасындағы сында қарсыластарынан айласын асырып, турнирдің «Үздік боксшысы» атанды. Араға екі апта салып Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында жасөспірімдер арасында өткен халықаралық турнирдің чемпионы болды. Бұл додаға Өзбекстан, Қырғыз Республикаларынан үміткерлер қатысқан болатын. Жарыстың ақтық шайқасында қызылордалық қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Төрешілер оны тағы да «Үздік боксшы» деп таныды. «Шәкіртім өте жылдам қимылдайды. Екінші нөмірде ойнап, қарсыласын күтіп алудың шебері. Болашақта Олимпиада, әлем чемпионы болуды армандайды. Сол жеңіс жолында тер төгеміз», – дейді бапкері Ермек Серкебаев. Батырхан кішкентай кезінде Геннадий Головкиннің жекпе-жектерін жиі көріп, боксқа құштарлығы оянғанын айтады. Оның үстіне, әкесі Айдос та жас кезінде бокспен шұғылданған көрінеді. Облыстық бокс федерациясы екі бірдей турнирден чемпион болып оралған оғланды қабылдап, алғысын білдірді. Кездесу кезінде ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Феликс Цой, Жамбыл бокс клубының директоры Марат Мәзімбаев, №6 облыстық спорт мектебінің директоры Бақтияр Тілегенов боксшыға ізгі тілектерін арнап, облыстық бокс федерациясының арнайы сыйлығын табыс етті.
Есет ДОСАЛЫ