Жаңалықтар

«Орыстардан» ұялғанымыз-ай!

«Орыстардан» ұялғанымыз-ай!

Өткен ғасырдың 80-жылдары Ленинградтағы кәсіподақтың жоғары мектебіне оқуға барған едім. Қызылжардан облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Сәкен деген жігіт екеуміз сенбі күні қаланы аралауға шықтық. Жаспыз. Автобусқа мініп, орталыққа бет алдық. Орындықта орыс қыздары отырды. Үріп ауызға салғандай. Сәкеннің: – Шіркін, мына екі сұлуды құшақтап, сүйіп алса ғой, – дегені сол еді, қыздың біреуі жұлып алғандай таза қазақ тілінде: – Шіркіндердің дәмесінің зорын, осылай армандай беріңіздер, ағайлар, – дегені. Менің екі бетім ду етіп, ұялғаннан автобустың есігіне тұра ұмтылдым. Сәкен болса, аузы ашылып, не дерін білмей тұрып қалды. * * * Тағы бірде Сәкен екеуміз Ленинградтағы Гатчино қаласындағы құс фабрикасына барып, кәсіподақ ұйымының жұмыс тәжірибесімен танысып қайту үшін жолға шықтық. Автовокзалдың жанында көп таксилер тұр екен, 10 сомға келісіп апарып тастайтын болды. Рөлде орта жасқа келіп қалған еңгезердей орыс жігіті отыр. Артқы орындыққа жайғасып, Сәкен екеуміз әңгімені соғып келеміз. Орыс әйелдерінің сұлулығын, көркін, өздерін еркін ұстайтынын, біздің қыз-келіншектердей ұяң еместігін, ал орыс жігіттерінің өрескел, дөрекі, ішкіш келетінін біраз «айтып» тастағанбыз. Бір кезде рөлдегі орыс жігіті артына бұрылып: – Әй, жігіттер, орыстың еркектері мен өздеріңнің әйелдеріңді сонша жерге тыққан­дарың не? – дегенде не істерімізді білмей: – Кешіріңіз ағай, – деппіз. Сөйткен, жүргі­зуші Шымкенттің маңында туып-өскен жігіт екен. * * * Өткен ғасырдың 70-жылдары жанымда семейлік Жансерік деген жігіт бар, Москва-Ленинград пойызының купесіне орналасқанымыз сол еді, жасы 50-ге жақындаған өте семіз орыс әйелі қасымызға келіп жайғасты. Жансерік: – Осы әйелдер не жеп семіреді екен? – деп маған қарағаны сол еді, жаңағы әйел: – Шошқаның еті мен майын жеп семіреді де, – деп қазақша жауап бергені. Ұялғаннан жерге кіріп кете жаздадық. Сөйтсек, ол өзіміздің Жуалыдан екен.

Мәскеу НОКРАБЕКОВ,

зейнеткер.