- Advertisement -

Сары май жеймін деп…

134

- Advertisement -

Жатақханадан орын тимей, пәтерде тұрып жатқанмын. Университетке күнде барам. Мақсат – дайындық сабағына қатысып, білімді пысықтау. Одан кейінгі ойым білімгерлер асханасындағы арзан тамаққа тойып алу.
Сондай бір күні тағамдарымды пәтінөспен үстелге жеткізіп алып, енді ішуге кіріскелі жатқанымда алдымдағы тәрелке толы сары майға көзім түсіп кеткені. Мен алған тамақтың ішінде сары май жоқ сияқты еді. Демек мұнда сары май тегін болғаны ғой. Әй, айналайын өкімет-ай, білімгерлердің жағдайын ойлаған-ақ екен да!
«Ет дегенде бет бар ма», сары майға қасықты сүңгіте салдым да нанның бетіне қалыңдата жақтым. Сонсоң аузымды толтыра асап кеп жіберейін. Сөйтсем, әлгі сары майдың «срогы» өтіп кеткен бе, әлде ішіне басқа қоспа араластырған ба, бірдеңе тілімді қуырып, алып барады. Тіпті, аузымның іші өртеніп жатқандай. Екі көзден жас кетті парлап. Түкіріп тастауға ұят. Айналам толған адам. Ой, сасқаным-ай! Екі көзден парлаған жасқа қосылып ағыл-тегіл тер де кетті өн бойдан. Апыл-ғұпыл өңештен өткізіп, ары қарай жөнелттім. Енді өрт ішімді жайлады. Далаға атып шығатын есік жақын жерде емес. Тамағымды біреу тартып алтындай есіктен алыстау отырыппын қас қылғанда. Бірақ ақшаға келген дүние ғой, алған тамағымды түк қалдырмай жалап-жұқтап жеп алдым. Астың артынан кисель кетті. Онысы да қоймалжың бірдеңе. Бірақ әлгі «майдың» ашуын ол да баса алмады.
Сөйтсем, менің қомағайлана асағаным сары май емес, «горчица» деген тәбет ашар болып шықты. Ол шіркінді ас алдында қасықтың ұшымен ғана іліп алып, нанға жағады екен. «Білмеген адам у ішер» деген, қазір сары майдың өзін сақтана жейтін болдым.

Болат Жаппарұлы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support