Саясат

Еңбегі ерен дәрігер

Еңбегі ерен дәрігер

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын қолға алып, еліміздің тәуелсіздігі жылдарында толайым табысқа жеткен азаматтардың сан тарау өмір жолындағы өрелі ісін өскелең ұрпаққа үлгі ету қажет екенін атап көрсеткен болатын.

Осыған орай жаңа жоба жасалып, үздіктерді көпшілік өзі іріктеген еді. Тізімге Әулиеата өңірінен де өмірі көпке үлгі бірнеше азаматтың есімі енді. Солардың қатарында Шу аудандық орталық ауруханасында табан аудармай 35 жыл қызмет еткен онколог дәрігер Серікжан Оралбаев та бар.

Серікжан Докторбекұлы Қордай ауданының тумасы екен. Красногор ауылындағы орта мектепте оқып жүрген бозбала шағында алтын қолды дәрігер атануды армандаған. Тек армандап қана қойған жоқ, бойындағы таудай талабын шыңдап, алдына биік мақсат қойды. Осылайша 1982 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтының емдеу ісі факультетіне оқуға түсіп, еңбек жолын алғаш 1983 жылы Шу аудандық орталық ауруханасында хирург болып бастады. Алдынан талай науқас дертіне шипа тапқан білікті маман 2004 жылдан биылға дейін осы аурухананың хирургия бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарып, зейнетке шықты. Медицина саласына ширек ғасырдан аса уақыт қалтқысыз қызметкен еткен ол – бірінші санатты хирургі денсаулық сақтау ісінің үздігі С.Оралбаев тәуелсіздікпен бірге келген көптеген реформалардың куәсі болды. Отандық медицинаның қазіргі қол жеткізген табыстары сол жаңашыл өзгерістердің арқасы деп бағалайды. Дәрігер әр ісімен жас буынға үлгі көрсете алды. Жоғары кәсіби біліктілігімен, бұлжымас ұстанымымен дараланды. Соның арқасында бүгінде шулықтар мен ақ халаттылар арасында үлкен құрметке ие. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр», делінген. Расымен де, бүгінге дейін талай тұрғынның өміріне араша түсіп, талай жанды ажалдан аман алып қалған кейіпкеріміз қаншама алуан тағдыр иесін қайта қатарға қосты десеңізші. Қазір зейнетке шыққан Серікжан Оралбаев Алматы қаласына қоныс аударыпты. «Зейнетке шыққан соң жұмысты қойдым. Алайда бірқатар қалалардан жұмысқа шақыртулар келіп жатыр. Енді осы салада біліктілігімді одан әрі шыңдап, жас мамандарға көрген-білгенімді үйретіп, жол көрсетуді жөн санап отырмын», дейді ол. Ол – көптеген шәкірт тәрбиелеген білікті ұстаз. Қазір Шу аудандық орталық ауруханасындағы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі болып жұмыс істейтін Мейірман Ережепов осындай тәжірибелі маманның тәлімін көрген. Тәуелсіздік жылдарында ел экономикасы аса сындарлы кезеңнен өткені белгілі. Сол тұста әлеуметтік саланың ауқымды бір бөлігі – отандық медицинаның алдында тұрған көптеген күрмеулі мәселелерді шешудің оңайға соқпағаны анық. Десек те өтпелі қиындықтарға дес бермей, елімізде медицина саласының әлемдік стандарттарға сай жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізіп, хирургиялық және қатерлі ісіктерді емдеу мен диагностика жасаудың заманауи әдістерін қолданып, халыққа жоғары сапада қызмет көрсету ісінде үздіктердің қатарында болған жерлесіміз Серікжан Оралбаевтың еңбегін ел-жұрты ерекше бағалайды.

Ерғали Қартайған

Шу ауданы