«Қызыл перілер» жеңді
«Қызыл перілер» жеңді
Аса тартысты өткен матчтардың бірі – Н тобындағы Ресей мен Бельгия кездесуі. Корейлермен болған кездесуде ұпай бөлісуге мәжбүр болған ресейліктер үшін үш ұпай алудың маңызы зор. Ал «қызыл перілерге» плей-офқа баратын жолдаманы еншілеу керек. Алдарына осындай мақсат қойған қос құрама фуболшылары мейлінше, қателік жібермеуге тырысты. 80 минут бойы бір-бірін ала алмады. Бірақ, соңына дейін шайқасып баққан бельгиялықтар ақыры көздегендеріне жетті. Акинфеев қорғаған қақпада 88-ші минутта Дивого Оригидің соққан добы тулап жатты.
Бір сөзбен айтқанда, жастар жеңді. Бұлай деуіміздің өзіндік себебі бар. Өйткені, Ресей құрамасы осы әлем чемпионатына қатысып жатқан командалардың ішінде футболшыларының орташа жасы жөнінен ең кәрілердің қатарына, ал бельгиялықтар ең жас құрамалардың қатарына жатады екен. Жастың аты жас емес пе, соңғы сәттерде «қызыл перілер» шабуылды үдетіп, ресейліктерді тізе бүктірді. Бұл топта плей-офқа талассыз өткен – Бельгия құрамасы. Солтүстіктегі көршілеріміздің әлі де бір мүмкіндігі бар. Үшінші ойынды сәтті өткізіп, жексенбі күні Оңтүстік Кореямен ойнап, алғашқы үш ұпайына қол жеткізген алжирліктерді ұтуы керек. Корейлердің де жағдайы дәл осындай.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».