Әке мен бала бір-бірін көрмей өмірден өтті
Әке мен бала бір-бірін көрмей өмірден өтті
Кешегі Ұлы Отан соғысында қан майданға аттанып, туған жерге қайтпай қалған боздақтың бірі Рәтай Дарынбаев еді. 1920 жылы Жақаш ауылында дүниеге келген ол алғашқы колхозшылардың бірі болды. Ауылдан ашылған алғашқы жеті жылдық мектепте білім алып, сауатын ашады. Фрунзе ұжымшарына мүше болып кіріп, шаруашылықтың сан-салалы жұмысына белсене араласады. Тепсе темір үзетін, көзі ашық, көкірегі ояу жас аудан жастарының арасында алғашқы комсомол белсенділерінің бірі болады. Әспет атты арумен бас қосып, үлкен армандардың жетегінде өмір сүріп жатқан жас Рәтай бақытты жастың бірі еді. Алайда, бұрқ ете қалған соғыс есіл жастың арманын қиып түскендей болды. Алғашқылардың бірі болып Отанды қорғауға майдан даласына аттанды. Ол І-ші Беларуссия майданында барлаушы болып ұрысқа кіреді. Құдай қосқан қосағы Әспеттің аяғы ауыр еді. Көп ұзамай өмірге маңдайы торсықтай ұл келді. Қан майданда жүрген Рәтайға тілектес болсын деген ырыммен жас сәби Тілеулес атанды. Әспет 1944 жылға дейін Рәтайдан хат алып тұрған. Ол сарғайған хаттар әлі күнге сақтаулы. Онда Рәтайдың жалғыз ұлы Тілеулесінің амандығын сақтап, қорғауын сұрағаны жазылыпты. Аман-есен оралуға уәдесін де берген. Енді бұл тілек сол кездегі қай сарбаздың арманы болмады. Бәрі бірдей жауды жеңіп, Отанына оралғысы келді. Алайда, 70 жылдан бері батыр Рәтайдан еш дерек жоқ. Сүйегі қай жерде қалғаны белгісіз. Артында қалған жалғыз тұяғы Тілеулес те ер жетіп, отбасылы болып, үлкен шаңыраққа айналды. Төрт немере көріп, 61 жасында бақилыққа аттанды. Өмірінің соңына дейін әкесін бір көруге зар болып, арманда кетті. Соғыстың зардабы осылай еді.
Есіркеп Серікбайұлы, Байзақ ауданының Құрметті азаматы.