Әлеумет

Қоғамдық көліктер сын көтермейді

Қоғамдық көліктер сын көтермейді

Бүгінде қала ішіндегі қоғамдық көліктердегі қызмет сапасына көпшіліктің көңілі толмайтыны жасырын емес. Әрі қызметтің сапасынан гөрі қалтаның қамын көп ойлайтын кәсіпкерлер жолаушылардың жанайқайына құлақ аспай келеді. Қала билігінің де тасымал қызметін ұсынатындарға тоқтам салар түрі байқалмайды.

Дәл осы мәселелерді ретке келтіру жайы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалық етуімен өткен жиында талқыланды. Өңір басшысы болып тағайындалған сәттен Тараз қаласының сәулетін жақсартуға басымдық берген Асқар Исабекұлы қала ішіндегі қоғамдық көліктер қозғалысының да назардан шет қалмайтындығын айтты. Қала тұрғындарының наразылығын тудырған қоғамдық көліктердің мәселесі бір ай бұрын көтеріліп, түйткіл түйінін тарқату шаһар билігіне тапсырылған болатын. Алайда еш нәтиже жоқ. Құжаттарда жолаушылар тасымалын ұсынатын көлік құралдарының жағдайы жақсы деп көрсетілгенімен, олардың техникалық әлеуеті сын көтермейді. Көптеген автобус парктері әлі күнге тозығы жеткен көліктерді кәдеге жаратуда. Мәселен, бүгінде қала көшелеріне 465 автобус рейске шығатын болса, 2013-2017 жылдар аралығында олардың небәрі 58 пайызы ғана жаңартылыпты. Жиында қоғамдық көліктердің жай-күйінен бөлек, қала көшелеріндегі көлік қозғалысына кері әсер ететін жайттарды ретке келтіру туралы да тапсырма берілді. Облыс әкімі бағдаршамдардың ретсіз орналасқандығын әрі олардың кейбіреуінде секунд есептеу жүйесінің жоқтығын сынады. Сондай-ақ көршілес Қырғыз елінен ағылатын көлік легі де бақылауда болады. Әсіресе жергілікті жолдардың сапасына кері әсер етіп жатқан транзиттік жүк көліктерінің қозғалысы қатаң қадағаланады. Бұл орайда негізгі жұмысты ұйымдастыру облыстық ішкі істер департаменті мен жергілікті полиция қызметіне жүктеледі. Ал қала ішіндегі жолаушылар тасымалындағы жүйесіздікті ретке келтіру шаһар билігінің күнтәртібінен түспейді. Осы мақсатта құзырлы орган қызметкерлері мен жергілікті билік өкілдері бір ай бойы барлық көлік құралдарының түрлеріне рейд жүргізеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі