Әлеумет

Полиция пункттерінің жағдайы мүшкіл

Полиция пункттерінің жағдайы мүшкіл

Қандай болмасын қиын жағдайға душар болғанда бірінші кезекте полицейлердің қызметіне жүгінеміз. Әділдік іздегенде, құқығымыз бұзылғанда қорған болар арашашымыз деп білеміз. Алайда қоғам тыныштығы үшін күн-түн демей қызмет етіп жүрген тәртіп сақшыларына лайықты жағдай жасалып жатыр ма? width=

Полицейлер қарапайым халықтың қорғаны есебіндегі дәрежесін сақтап қалуы үшін әуелі олардың қалтқысыз қызмет етуіне жайлы жағдай жасалуы қажет. Өкінішке қарай, аймағымызда бұл ретте кемшін кетіп тұрған тұстардың барын жасыра алмаймыз. Әсіресе, тұрғындармен тығыз қарым-қатынас жасайтын учаскелік полиция пункттерінің халі өте мүшкіл. Соның бірі – Тараз қаласы Ішкі істер басқармасы №1 полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметіне қарасты №16 учаскелік полиция пункті. Ел арасында «Былғары комбинаты» аталып кеткен ауданда орналасқан пункттің жаншошырлық жағдайы туралы бұған дейін де айтылып жүрген еді. Аталған полиция пунктіне барғанымызда бұл мәселеге анық көз жеткіздік. Жекешелендірілген 5 қабатты жатақхананың ғимаратынан орын тепкен полиция пунктін маңдайшасындағы тақтайшадан танымасаңыз, бір қараған адам кеңшардың қараусыз қалған қоймасы деп ойлауы мүмкін. Сыртқы көрінісінің сұрықсыздығы соншалық, қарапайым тұрғындар мұнда арыз-шағымын айтып, көмек сұрай келуі былай тұрсын, маңынан өтуге де қорқатын сыңайлы. Пункттің неліктен мұндай халге түскенін сұрау үшін ішке енгенімізде қызметкерлерден әдеттегідей, «Жағдайдан басшылық хабардар. Жуық арада қолға алып, қалыпқа келтіреді» деген «кезекші» жауап алып қайтамыз ба деген ойдың болғанын жасырмаймыз. Алайда ондағы жағдай мүлде керісінше орын алды. Келген себебімізді түсіндіргеніміз сол-ақ екен, тәртіп сақшылары үй тапсырмасын айтқан оқушыдай кезек-кезегімен жұмыс жайының жайсыздығын айтып, мәселелерін тізбектеп түсіндіре бастады. Айтса – айтатынындай-ақ бар екен, пункттің іші де адам аярлық. Төбеден аққан судан сарғайған қабырғалары, тозған едені мен ескіре бастаған жиһаздары кірген адамға жағымсыз әсер қалдырады. – Бұл мәселені айтпауға да болар еді. Дегенмен іштен тынып қалсақ, мұндағы жағдайдың нашарлығын жеткізе алмаспыз. «Ұлы сөзде ұят жоқ» демекші, мұндағы қарапайым ғана әжетхананың істен шығып тұрғанына біраз уақыт болды. Бірді-екілі өз қолымызбен әрлеп, сырлап, бұзылған дүниелерді түзегенімізден пайда болмады. Сонда біз қоғамдық тәртіптің сақталуын бақылаймыз ба, жоқ, жөндеу жұмыстарымен айналысамыз ба? Екіншіден, «Былғары комбинаты» ауданындағы тұрғын үйлердің басым көпшілігі жатақханалар. Олардағы бөлмелердің құны арзан болғандықтан, пәтер алуға шамасы жетпегендердің барлығы осында тұрақтанады. Әркімнің жағдайы әрқалай ғой, көпке күйе жақпаймыз. Десе де мұнда қоныс аударған отбасылардың көпшілігі толыққанды емес. Не болмаса, ішімдікке салынғандар. Өздеріңіз білесіздер, мұндай отбасылардың балалары қараусыз қалады, бетімен кетеді. Осында тұратын жасөспірімдердің көпшілігі базарларда жүреді, бұзақылықпен айналысады. Бізге де доқ көрсететіндері бар. Біршама уақыт бұрын пунктке кіреберістегі тереземізді сындырып кетті. Қайта мұнда жылудың барына шүкір дейміз. Басқа учаскелік полиция пункттерінде ол да жоқ...– деп ағынан жарылды тәртіп сақшылары. Полиция пунктінің, полицейлердің жыларман жағдайы қашан түзелетінін білу мақсатында Тараз қаласы ІІБ №1 полиция бөлімшесінің жергілікті полиция қызметіне бас сұқтық. Аталмыш бөлімге қарасты жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Бауыржан Мейірбеков пен аталған бөлімнің жауапты аға учаскелік полиция инспекторы Дархан Әбішев жоғарыда аталған жағдайды жоққа шығармады. Алайда қолдан келер қайыр болмай, дымдары құрып отырғанын жасырмады. Жауапты тұлғалардың айтуынша, учаскелік полиция пунктіндегі мәселе мұнымен аяқталмайтын көрінеді. – Осыдан біраз уақыт бұрын №16 учаскелік полиция пунктінің қызметкерлеріне қызметтік көлік берілген болатын. Алайда бұрын қолданыста болған көлік пайдалануға жарамай, қазір жүрмей тұр. Қызметкерлердің жұмысын жергілікті тұрғындар да ауырлатып отырғаны да рас. Жуырда осы аудандағы «Дос-Нар» сауда орталығының алдындағы «Мәңгілік алау» маңынан шақырту түсті. Шақырту бойынша барған қызметкерлер тұрғындардың монумент алдында жанып тұрған отқа сойылған малдың бас-сирағын үйітіп отырғанына куә болған. Бұдан басқа жайттар жетерлік. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін полицейлер негізгі міндеттеріне қосымша тәрбиелік жұмыстар да жүргізуге мәжбүр, – дейді полицейлер. Осы ретте біз басбұзарларды сабасына түсіру үшін пунктке бейнебақылау камерасын қою жайын қарастыру туралы сұраған едік. Алайда полиция қызметкерлері «Орнатуын орнатамыз-ау. Дегенмен жергілікті бұзақылар оны да ұзақ тұрғызбайды» – деген күмәнін білдірді. Жоғарыда көрсетілген жайттарға байланысты Тараз қаласы ІІБ жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Мұрат Алтаевтың да пікірін білген едік. Полиция подполковнигі де жағдайдың ауыр екенін жоққа шығармады. Оған қоса Мұрат Абдуллаұлы облыс орталығындағы учаскелік полиция пунктерінің 80 пайызға жуығының басында осындай жағдайдың барын айтып қалды. Бұл жайт басылым бетінде жарық көрсе, қордаланған мәселелердің шешімі табылып қалар деген ойын да жеткізді. Расында, кез келген уақытта алдыңғы шепте жүретін полиция қызметкерлерінің мұндай жағдайда қызмет етуі облысымыз үшін үлкен сын. Өткен жылдың қарашасында облыстық Ішкі істер департаментінің қызметіне талдау жасаған облыстық прокуратура материалдық-техикалық базаны жаңартуға бағытталған қаржының 69 пайызы игерілмегені туралы ақпарат таратқан еді. Қыруар қаражатты қажетке жаратпай, кері қайтарғанша, осындай учаскелік полиция пункттеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет шығар.

Мұратхан Әлімхан