Саясат

Ұлы Жібек жолы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді

Ұлы Жібек жолы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді

ПЕКИН. ҚазАқпарат - Ұлы Жібек жолы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар нысанына айналды.

Ұлы Жібек жолын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу туралы  Қазақстан, Қытай, Қырғызстан елдерінің бірігіп берген өтінімдері жексенбі күні Дохада (Катар) білім, ғылым және мәдениет жөніндегі мәселелері жөніндегі БҰҰ комитетінің 38-ші сессиясында бекітілді.

Өтінімге  Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан 33 тарихи ескерткіш енген, оның ішінде Қытай (22), Қазақстан (8) және Қырғызстан (3) бар.

Қытайлық БАҚ өкілдерінің мәліметтеріне қарағанда, бұл ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне тарихи ескерткіштер мен нысандарды енгізуге байланысты  Қытайдың шетел мемлекеттерімен бірігіп жасап отырған алғашқы жобаларының бірі болып табылады.

Қытайлық тарап Қазақстан мен Қырғызстанды Жібек жолы бойындағы ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз етуде бірігіп жұмыс жасауға шақырып, ЮНЕСКО-ның аталған шешімі елдер арасында мәдени байланысты бекіте түсетініне үміттенетіндерін айтты.

Еске сала кетейік, Катардың  астанасы Дохада 15-25 маусым аралығында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар комитетінің 38-ші сессиясы өтіп жатыр.