Елордада Шәмші Қалдаяқовты еске алу концерті өтеді
Елордада Шәмші Қалдаяқовты еске алу концерті өтеді
Астанада қала күні қарсаңы - 4 шілдеде Шәмші Қалдаяқовты еске алуға арналған «Әнім сен едің» атты концерт өтеді, деп хабарлайды Астана қаласының16 жылдығына арналған мерекелік шараларды дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің медиа-штабы. Танымал композитор, «қазақ вальсінің королі» атанған сазгер, Әнұранымыздың авторы - Шәмші Қалдаяқовқа арналған еске алу концертін «Қазақстан» ОКЗ өткізу жоспарланған. Ш.Қалдаяқов әлі күнге өміршеңдігін жоймаған сағынышқа толы әсем әндерімен есте қалған аяулы композитор. Оның әндерін бүгінде қазақ әншілерінің басым бөлігі орындайды және халық асқан сүйіспеншілікпен тыңдайды. Астана әкімдігі жыл сайын музыка өнерінің көрнекті тұлғаларының шығармашылығына арналған үлкен концерттер ұйымдастырады. Бұл ретте сәтімен өткен Мүслім Магомаев, Александр Зацепинге арналған кештерді атап өтуге болады. Жаңа жоба да танымал әншілердің орындауындағы сағынышқа толы ескі әндермен, тосын сыйлармен, күтпеген қойылымдарымен есте қалмақ. Концертте Шәмшінің көпке таралған таныс әндері ғана емес (композитордың 300 әні бар), көпшілікке жетпеген шығармалары да орындалады. Осы тектес Астана эстрада-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтетін концерттер дәстүрге айналды. Осы жолы да оркестр қатысуымен ұйымдастырылатын мерекелік концертте Роза Рымбаева, Әлібек Дінішев, Медеу Арынбаев, Маржан Арапбаева, Жұбаныш Жексенұлы, Алтынай Жорабаева, «МузАрт», «Rin'Go», «КешYou», «Melo'Men» топтары, опера жұлдыздары Гүлзат Дәуірбаева мен Сүндет Байғожин өнер көрсетеді. Айта кетерлігі, аталмыш кеште Әлібек Дінішев алғаш рет Шәмші әндерін орындайды Кеш жүргізушілері Азамат Сатыбалды, Ольга Спирина, Сырым Қашқабаев және Жанна Әубәкірова. Композитордың отбасы мүшелері кештің құрметті қонақтары болмақ. Концерттің теленұсқасы «Қазақстан» «Хабар», «Білім және Мәдениет» телеарналары эфирінен таратылады.
Ақпарат көзі: www.kazinform.kz