Мәдениет

Шырқалсын Астана деп татымды әнің...

Шырқалсын Астана деп татымды әнің...

 width=Ажарына әлем сүйсінген Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында «Aq jol» газеті мен облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бірлесе қолға алған «Арқа төсіндегі арман қала» атты газет-айтыс бастау алғалы бір айдан асты. Алғашқы жұп Ербол Қамбатыров пен Дархан Әбдіманат арасындағы сөз сайысы өткен аптада түйінделгені аян. Арынды ақындарымыз қаншалықты салмақты сөз, тосын теңеу, оймақтай ой айтқанын оқырман қауым өзі пайымдайды. Десе де екі ақынымыз аянып қалмағаны, елордамыздың сәулеті мен дәулетін өлең тілінде өрнектей білгені сөзсіз. Бүгін, міне, сөз тізгіні екінші жұпқа тигелі отыр. Талай айтыс аламандарында жасындай жарқыраған Сарысудың алмас қылыштай ақыны Алик Бекмұсаев пен тараздық Райхан Алмасбекқызы көркем ой, кестелі сөз айтуға тастүйін дайын. Сөз сайысын сарысулық Алик Бекмұсаев бастайды. Ақындарымыз елдігіміздің символына айналған Астананы жырына арқау етпек. Ал газетіміздің алдағы сандарының бірінде Аликтің қарсыласы Райханға сөз кезегі тиеді. Оқырман қауым екінші жұптан да әдемі айтыс күтетіні жасырын емес. Ендеше сүйегіне сөз қонған қанжар тілді ақындарымызға сәттілік серік болсын!