Қоғам

Жері бар, күтімі жоқ

Жері бар, күтімі жоқ

Шу ауданында суармалы алқаптың біраз бөлігі сортаңданып кеткен

Соңғы жылдары жер құнарлылығын арттыру жайы жиі сөз болып жүр. Өйткені елімізде, оның ішінде өңірімізде де суармалы жерлерге байланысты шешімін күткен түйткілдер аз емес. Мәселен, аудандағы кейбір елді мекендерде жерасты суының көтеріліп, соның әсерінен жердің тұзданып бара жатқаны алаңдаушылық туындатуда.

Аудандағы суармалы жердің жалпы көлемі 30 мың гектарға жуықтайды. Бұл алқаптарға ұзындығы 52,7 шақырым болатын «Тасөткел» магистральды каналы, сондай-ақ 48,3 шақырымдық Оңжаға, 38,8 шақырымдық Солжаға арналары арқылы су жеткізіледі. Бұдан бөлек, жалпы көлемі 141 шақырымды құрайтын шаруашылықаралық су жүйелері де бар. Алайда қазіргі кезде олардың басым бөлігі қызмет көрсетуге жарамсыз күйде. Бұрындары ел аумағындағы алқаптарға мемлекет тарапынан назар аударылып, жер құнарының кемуіне жол берілмеген-ді. Ал бүгінгі таңда аймақтағы суармалы жерлерге тиісті деңгейде көңіл бөлінбей жатқанын бүгіп қала алмаймыз. Мұндай жағдай, әсіресе Шу ауданына тән болып тұр. Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерболат Досымбаев бұған дейін бірқатар ауылдық округтерде барлығы 85 коллекторлы-дренаждық жүйе орнатылғанын айтады. Ол 70-жылдардың басында «Тасөткел» су қоймасы мен алабының, магистральды каналдың қалыптастырылуына елеулі үлесін қосқан, кейіннен су қоймасы мен магистральды каналға, шаруашылықаралық каналдарға және 85 коллекторлы-дренаждық жүйеге жауапты Тасөткел суландыру жүйесін пайдалану басқармасының басшысы болып қызмет атқарған екен. «Қазір де осындай мекеме құру керек. Бүгінгі күні аудандағы коллекторлы-дренаждық жүйелердің ешқайсысы жұмыс істеп тұрған жоқ. Осы жағдай қайталана берсе, тұзданған жердің көлемі артып, жері егін-терімге қолайлы өзге аймақтарда да үлкен мәселеге айналуы әбден мүмкін. Сонымен бірге кейбір ауыл тұрғындары басқа жерге қоныс аударуға мәжбүр болады. Әрі жергілікті егінші, диқандардың күні ертең кәсіпсіз қалуына әкеліп соқтырмай ма? Сондықтан да бұл жерлердің мүшкіл халіне бейжай қарап отыруға болмайды. Ол үшін ең алдымен дренаждық жүйелердің барлығын қайта қалпына келтіру қажет. Айта кетерлік тағы бір жайт – «Тасөткел» су қоймасының пайдалануға берілгеніне биыл 46 жыл толып отыр. Ал оның жарамдылығы 55 жылға ғана есептелген. Осы орайда, су қоймасының осы аралықта мүлде тазартылмағаны ойда болса дейміз. Тазаламас бұрын ондағы судың нақты мөлшерін арнайы құрылғы арқылы анықтау керек. Бұл да өз алдына бір мәселе», – дейді ол.

Расымен, осы аумақтан несібесін айырып отырған дала еңбеккерлері үшін елеулі қиындықтар туындауда. Кезінде инженерлік жүйеге келтірілген алқаптар тұзданып барады. Суармалы жерлердің мұндай күйге енуі баяғы дренаждық жүйелердің техникалық жағдайларының нашарлап, тозығы жеткендігіне тікелей байланысты. Сол себепті суармалы жерлердегі коллекторлы-дренаждық жүйенің жағдайы жерасты суларының деңгейін тиісті мөлшерде төмендете алмауда. Бұл өз кезегінде алыс-жақын елді мекендердегі егістіктер топырағына тұз жиналуына септесіп, қазіргі уақытта аудандағы суармалы жердің біраз бөлігі сорланып кеткен. Өткен жылы Ескі-Шу ауылдық округіне қарасты Белбасар ауылында осындай жүйенің істен шығуына байланысты, жерасты суы көтеріліп, кейбір тұрғындар толарсақтан су кешіп, үйлеріне кіре алмайтын жағдайға жеткен болатын. Тіпті ол жерлердің тұздануы әсерінен қара ағаштың өзі қурап, үйлердің ауласын қамыс басып кеткеніне куә болғанбыз. Бұл бағытта тиянақты тірліктің болмауы ауылдағы ағайынды әлі күнге дейін алаңдатып отыр. Қалай болғанда да экономика саласының елеулі бөлігін ауыл шаруашылығы құрайтын Шу ауданы үшін тұзданған жерлерді сауықтыру мәселесі күн тәртібінен түспеуі қажет. Осы ретте бұрынғы коллекторлы-дренаждық жүйелерді қайта қалпына келтіре отырып, жер құнарының жоғалмауына назар аудару су ысырабын барынша азайтуға, суармалы егіншілік жердің көлемін көбейтуге, мал шаруашылығын, қажетті жемшөп өндірісін молайтуға, ауыл халқының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайларын жақсартуға да болады. Көнекөз қариялар ілгеріде Шу өзенінің бойында көкорай шалғын, жыңғыл мен жусанның қаулай өскені сонша, тіпті ірі қараның өзін көздеп таса етіп, көрсетпей жіберетін еді деседі. Олардың орнына өңірді жағалай өскен ну қамыстардың қатары артып келеді. Бағзы кездегі табиғи жағдайды қайта қалпына келтіру үшін дренаждық жүйелер арқылы жер бетін жүйелі түрде шайып отыру керек екен. Шынында да осындай олқылықтардың орын алуы салдарынан қаншама іс кері кетіп, ел еңсесі тіктелуіне кері әсерін тигізуде. «Екпесең, жер қысырайды, күтпесең, көл қысырайды» демекші, жердің күтімін тездетіп қолға алмасақ, ертеңгі күні оның ауыр салдарлары болуы мүмкін. Суармалы жерлер – кепілді мол өнім беретін, қайтарымы жоғары, ауыл шаруашылығының «алтын қоры» ғана емес, сол өңір халқының өмірі, тіршілігі, әлеуметтік жағдайы, тағдыры. Айта кету керек, биылғы жылы облыс әкімі Асқар Мырзахметов ауыл шаруашылығы саласына басымдық беретінін айтқан болатын. Бұл саладағы ауқымды жұмыстардың қатарына Шу өңіріндегі суармалы жерлердің жағдайын жақсарту мәселесі де қосылса деген ниеттеміз.

Шу ауданы