Саясат

Әкімдер тегіс «қанағаттанарлық» баға алды

Әкімдер тегіс «қанағаттанарлық» баға алды

Ал тұрғындар тарапынан көшенің тазалығынан бастап шешімін күткен талай түйткілді мәселе көтерілді

Жұрт алдында әкім уәде берген соң, ол орындалуымен маңызды. Ана жылдары елді жарықтың жиі сөнетіндігі, отын-судың тапшылығы, көп қабатты тұрғын үйлердің суықтығы жиі мазалайтын. Тіпті бес-алты тұяғына жемшөп сұрайтындар да кездесетін. Зейнетақысы мен жәрдемақысын айлап алмаған жұртты жеке бастарының жайы алаңдататын көбіне. Қазір тұрғындар ондай мәселені қозғамайды. Себебі оның барлығы шешілген. Жарық өшпейді, отын-су бар, үй жылы. Жұмысы барлар жалақысын, зейнеткерлер зейнетақысын, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар жәрдемақысын ай сайын алып отыр. Сондықтан жеке бастың жайы қозғала бермейді. Бүгінде елді бүтіндей ауылдың немесе қаланың түйткілі толғандырады. Әлгіндей алқалы жиындарда жұрт сондай өзекті мәселелерді көтереді. Мәселен, Жуалы ауданының аумағын қақ жарып, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолы өтеді. Кезінде халықаралық осы жол құрылысын жобалағанда аудан орталығы тұсынан жерасты немесе аспалы көпір салу ұмыт қалған. Енді міне, оның зардабын жолдан төрт-бес километр жердегі Қарасаз ауылынан бастап, күнбатыста жатқан бірнеше ауыл тұрғындары көріп отыр. Аудан әкімінің қорытынды есебінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарас Мұратай осы мәселені қозғады. Аудан орталығынан 60 километр жердегі Бауыржан Үсеновтей талантты ақынды берген Қошқарата ауылына газ құбырын тарту мәселесі де ардагерлер жетекшісінің назарынан тыс қалмады. Екі мәселе де өзекті ме, әлбетте аса өзекті. Енді ол қашан шешімін тапқанша аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов тыным таппайтын шығар. Т.Рысқұлов ауданының әкімі Асқар Қырықбаевтың есепті жиынында зейнеткер Айтмырза Мейманқұлов аудандық ауруханада көз және құлақ дәрігерінің жоқтығы жайлы дабыл қақты. Іргелі аудандардың бірінде адам мүшелерін емдейтін дәрігердің болмауы ақылға сыйымсыз енді. Қарағандыдан келетін дәрігерді күтіп отырмай бір әрекетін жасау қажет. Бұл жерде облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы да ауылдықтарды ауру әбден меңзеп, көзі көрмей, құлағы естімей қалғанша жайбарақат отыруларына болмайды. Кезінде Қаратау қаласының көркіне көз тоймайтын. Жайқалған жасыл желегі қандай еді шіркін! Талас ауданының әкімі Досмаханбет Әлиевтің тұрғындар алдындағы есебінде жұртшылық тарапынан сөз болған мәселелер ішінде Қаратау қаласының тазалығы да айтылған. «Көріктендіру-көгеріштендіру» мекемесі жекешеленіп кеткен соң, қалада тазалық сақталмайтын болыпты. Бұл мәселені Талас ауданының Құрметті азаматы Б.Тоқтыбаев көтерген. Шағын қаланың тазалығы аудан әкімінің қортынды есебінде сөз болғанына қарағанда қайран Қаратау баяғы көшесінде сіріңкенің бір талы жатпайтын айнадай жалтыраған шағынан айырылған екен-ау дедік. Басқа, басқа қаланы қыздың жасауындай құлпыртып қою сонша қиын шаруа емес қой. Тазалықпен айналысатын мекеме сатылып кеткенімен аудан орталығында қаншама мекеме, кәсіпорын, басқа да толып жатқан құрылым бар емес пе? Ұйымдастырып жіберсе, туған қаланың тазалығынан кім шет қалады. Қалалық әкімдік қайда қарап отыр?

Ауыл шаруашылығы мен өндірісі қатар дамыған құтты мекен – Мойынқұм ауданы болса газға зәру. Сол «көгілдір отыныңыз» іргесінен, тіпті өз аумағынан да шығып жатыр. Дегенмен газ құбырын тарту жобасының құжатын дайындауға тиісті қаржы қаралғаны аудан әкімі Бақытжан Нүркеновтің есеп беру жиынында белгілі болды. Біраздан бері сөз болып жүрген «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолына биылғы мамыр айынан бастап жөндеу жұмыстары жүргізілетіні де жиынға қатысып отырған мойынқұмдықтарды бір серпілтіп тастаса керек. Тіпті бұл жолдың азабын бір аудан емес, бүтіндей облыс, арысы республиканың оңтүстік өңірінің халқы тартып отыр. Газ демекші, Сарысу ауданында өткен осындай жиында бұл мәселе тағы да әкімнің алдынан шықты. Аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі, ұзақ жылдар Тоғызкент ауылдық аймағын жемісті басқарған Әбдіманап Ермашев ауылдарға газ жеткізу мәселесін көтерді. Аудан әкімі Балабек Нарбаев Тоғызкент аумағындағы екі бірдей ауылдық аймаққа қарайтын төрт бірдей ауылға «көгілдір отын» тарту мәселесі шешіліп қойғанын жеткізді. «Сарысуға газ әне келеді, міне келеді» деген сөз биыл расқа айналатын сияқты. Облыс орталығына іргелес орналасқан Жамбыл және Байзақ аудандары әкімдері Бақыт Қазанбасов пен Рахматілдә Рахманбердиевтің есебінде де түйткілді мәселелер аз айтылған жоқ. Мәселен, Жамбыл ауданында былтыр жиналады деп күтілген 43 мың тонна қант қызылшасының бар-жоғы 15 мың 910 тоннасы ғана зауытқа өткізілген. Әлі күнге 13 ауыл газсыз отыр. Ал Байзақ ауданындағы Тараз қаласының түбіндегі Қызыл жұлдыз ауылына ауызсу қажет. Ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Әзімбек Дүйсенбаев осылай дейді. Тіпті ардагер оны қалай іске асырудың жолдарын да атап көрсетті. Аудан орталығындағы Маяковская көшесіндегі жарықтандырылудың нашарлығы мен қоқыстың уақтылы шығарылмауын да тұрғындар қозғады. Осы екі ауданның және Тараз қаласы әкімінің тұрғындар алдындағы қорытынды есебіне облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысып, әкімдерге бірқатар міндеттер жүктеді. Мәселен, Жамбыл ауданында жоғарыда сөз болған қызылшаны өткеруге қатысты мәселені де облыс басшысы алға тартып, тәтті дақылдың көлемін ұлғайту жайын сөз етті. Ауданда өсірілетін күнбағыстың өзімізде өндірілмейтінін де облыс басшысы еске салды. Байзақ ауданы мен Тараз қаласында да тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге жан-жақты тоқталған облыс әкімі қала іргесіндегі ауданның және облыс орталығының басшысына тұрғындар тарапынан қозғалған мәселенің барлығын шешуді міндеттеп, нақты тапсырмалар берді. Шалғай елді мекендерге газ, ауызсу құбырын тарту, тақтайдай тегіс жол салу үшін қазынаның миллиардтаған теңге қаржысы жұмсалады. Сонда да мемлекет ел игілігі үшін қаржыдан қысып отырған жоқ. Тек қана аудандық әкімдіктер тарапынан қай мекенге не керек, қай ауыл неге зәру соны зерделеп, облыстық тиісті құрылымдарға дер кезінде ұсыныспен шығып отыруы қажет-ақ.

Ал енді, қала мен ауыл көшелерінің қоқысқа толып кетуі, электр жарығының жарқырап тұрмауы, өндірілген өнімді ұқсата алмау, бос жатқан жерді игермеу, мектептің талапқа сай еместігі, ауылға клуб үйінің қажеттілігі сынды мәселелердің әлі де кездесуін немен ақтап алуға болады? Қолдан келетін тірлікті ұқсата алмаған басшылардан қатаң сұралатын болады әлі. Қордай, Шу және Меркі аудандарында да қордаланған мәселе аз емес. Оның барлығын аудан әкімдерінің әрбір ауылда және аудан орталықтарында өткізген қорытынды есебінде тұрғындар көтерді. Сегіз ауданда өткен аудан әкімдерінің қорытынды есептеріне облыс әкімінің бірінші орынбасары және орынбасарлары қатысып, қозғалған мәселелерді мұқият тыңдап, аудан басшыларына оларды шешу жолдарын қарастыруды тапсырды. Барлық ауданда да әкімдер үйіп-төгіп уәде берді. Сұрақ та, өтініш пен ұсыныс та қағазға түсіп, қатталды. Бұдан былай оның орындалуы газет тілшілерінің назарында болады. Тараз қаласының ахуалы, қала тұрғындарының көтерген мәселелерін өзіміз де күнделікті көріп, біліп жүргендіктен облыс орталығындағы шешілуі тиіс мәселенің бәріне басылым бетінде бұдан былай да жүйелі түрде орын беріледі. Газет тілшілерінің аудандардың және қала әкімінің есептерінен жариялаған мақалаларына шолу жасағанымызда тағы бір байқағанымыз – негізінен өзекті мәселелерді көтерген алдыңғы толқын ағалар. Сонда қалай, ауылдың, ауданның немесе қаланың мұқтажын айтып, жоғын жоқтау ардагерлердің ғана міндеті ме? Әр салада еңбек етіп жүрген қызметкерлер неге көбіне үнсіз қалды? Жастардың белсенділігі қайда? Осы түрлі деңгейдегі әкімдер халық алдына есеп бере бастағалы бері қанша жыл өтті. Бірде-бір әкімнің жұмысы осы уақытқа дейін «қанағаттанарлықсыз» баға алып көрмепті. Мүмкін ақыры екі алмайтын әкімдердің жұмысын үш, төрт немесе бес деген бағамен бағалау керек шығар?

Амангелді Әбіл