Құқық

Айыппұл азайды деп, алшаң баспа

Айыппұл азайды деп, алшаң баспа

Өткен жылдың 28 желтоқсанында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер енгізу туралы» Заңына қол қойғаны белгілі. Осыған орай, биыл ішкі істер органдарына бағынысты әкімшілік құқық бұзушылықтардың 40 құрамы бойынша әкімшілік айыппұл­дардың мөлшері төмендетілді. Бұл туралы бізге облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция инспекторы, полиция капитаны Шайзат Әліпбаев тарқатып айтып берді.

– Айыппұлдардың мөлшері мынадай баптар бойынша төмендетілді. Мәселен 128-бап, 123, 133-баптың 1, 2-бөліктері, 160-баптың 2-бөлігіне қатысты. Бұлар кәмелетке толмағандарға және мемлекеттік монополия саласына жатқызылған қызметті уәкілеттік берілмеген тұлғаның жүзеге асыруына қатысты. Сонымен қатар 434, 442, 444-баптардың жекелеген бөліктері ұсақ бұзақылық, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта жүруі, жиырма бір жасқа дейінгі азаматтарды құмар ойындармен, бәс тігумен айналысуға тарту және рұқсат етуге қатысты. Нақты мысалмен келтіретін болсақ, бұрын заңнамаға сәйкес, міндетті сақтандыру келісімшартын жасасудан жалтарғаны үшін 20 айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл салынатын, қазір 10 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Бұрын жаяу жүргіншілер және басқа да жол қозғалысының қатысушылары қозғалыс ережесін бұзғаны үшін 11 345 теңге айыппұл төлесе, бүгінде 4 810 теңге мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Әкімшілік жаза салынғаннан кейін бір жылдың ішінде қайтадан жасалған жаяу жүргіншілер және басқа да жол қозғалысы қатысушыларының қозғалысына басымдықтар бермегені үшін жазалау да өзгерді. Бұрын ол үшін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылатын, қазіргі уақытта – 15 АЕК. Ал сағатына 10 шақырымнан 20 шақырымға дейін жылдамдықты арттырғаны үшін айыппұл 10 АЕК-дан 5 АЕК дейін, сағатына 20 шақырымнан 40 шақырымға дейін жылдамдықты арттырғаны үшін 15 АЕК-дан 10 АЕК, 40 шақырымнан жоғары жылдамдықты арттырғаны үшін 30 АЕК-дан 20 АЕК-ке төмендетілді, осы баптың 2,3-бөліктерінде қарастырылған іс-әрекеті, яғни әкімшілік жаза салынғаннан кейін бір жылдың ішінде қайтадан жасағаны үшін айыппұл 40-тан 30 АЕК-ке дейін төмендетілді. Атап айтарлықтай төмендегені мүгедектердің көлік құралдарын қоюға арналған орындарға қойғаны үшін төленетін айыппұл мөлшері. Бұрын осы ережені бұзғандар 113 450 теңгесінен қағылса, қазір 24 050 теңге айыппұлмен құтылады. Сондай-ақ бұған дейін қарсы жолаққа шығып кеткендер бір жылға жүргізуші куәлігінен айырылатын болса, енді алты айдан кейін темір тұлпарын тізгіндей алады. Ал тәртіп сақшыларына бағынбай қарсылық танытқандар бұрын бір жылға жүргізуші куәлігінен айырылса, енді 72 мың теңге айыппұлмен құтылады.«Айыппұлды бірнеше жолмен төлеуге болады. Екінші деңгейлі банктердің кассалары немесе «Қазпошта» АҚ арқылы. Мұндай төлем нәтижесінде хабарлама Ішкі істер министрлігінің базасына бірден жіберіледі. Қазіргі уақытта екінші деңгейдегі 17 банк осы жүйеге қосылған. Төлем жасар кезде, бюджеттік сыныптама кодын (БСК) дұрыс көрсету қажет. Қате кетсе, ол жабылмаған болып есептеледі», – дейді Шайзат Әліпбаев. Тағы бір атап өтетін жайт, айыппұл жеті күннің ішінде төленсе, 50 пайыздық жеңілдік жасау мүмкіндігі бұрынғыдай қалдырылған. Алайда биылдан бастап төменгі айлық есептік көрсеткіш мөлшері артып, 1 АЕК мөлшері 2405 теңгеге тең болғандығын да ескерген жөн. Айыппұл мөлшері қанша көп болса да ереже бұзатындар әлі жетіп артылады. Оған өткен жылдың 12 айында облыста 133 959 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелгендігі дәлел. Яғни әкімшілік құқық бұзушылық дерегінің азаюы немесе көбеюі айыппұл көлеміне байланысты емес сияқты. Дегенмен «тек жүрсең, тоқ жүресің» деген мақалды естен шығармағанымыз абзал.