Спорт және туризм

Ақ Олимпиада

Ақ Олимпиада

Денис Тен жарысты мерзімінен бұрын аяқтады

Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан Қысқы Олимпиада ойындарында фристайл шебері Юлия Галышеваның қола жүлдесінен кейін қоржынымызға медаль түсер емес. Үміт күткен сайыпқырандарымыз әзірге сенім үдесінен шыға алмай жатыр. Әрине, ақ аламанның аяқталуына әлі бірнеше күн бар. Әйткенмен спортшылардың нәтижелері көңілге қонбай тұр. Конькиші қыз Екатерина Айдова 1000 метр қашықтықта сынға түсіп, небары 24-орынға ие болғаны мәлім. Одан кейін жарыс жолына шыққан саңлақтарымыз да сәтсіздік сериясын жалғастырды. Әсіресе ел үміт күткен биатлоншылар Галина Вишневская, Алина Райкова, Дарья Климина, Ольга Полторанина сынды спортшыларымыз жүлдеден тыс қалған соң, фристайлда үміт артқан спортшыларымыз да іріктеу кезеңінен әрі аса алмай, жанкүйерлерін жабырқатты. Біз үміт күткен мәнерлеп сырғанау спортының майталманы Денис Теннің спорттық бабына келмегені белгілі болды. Қысқа бағдарлама бойынша жарыс жолына шыққан отандасымыздың нәтижесі көңіл көншітпейді. Бар болғаны 70.12 ұпай жинаған Денис еркін бағдарлама дуынан тыс қалды. Ол қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша 27-орынға орнықты. Жоғары нәтиже көрсеткенде жүлдеге таласатын теориялық мүмкіндікке ие болушы еді. Амал нешік. Түйіп айтқанда, Денис Тен үшін Оңтүстік Кореядағы аламан мерзімінен бұрын мәресіне жетті. Бұл қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы көрсеткен ең төмен нәтиже саналып отыр. Төрт жыл бұрын Сочиде өткен Қысқы Олимпиада ойындарында қоржынымызға жалғыз қола жүлдені салған сайыпқыранымыздың жүлденің ауылынан алыс қалғаны өкінішті, әрине.

Табиғат АБАИЛАЕВ