Спорт және туризм

«Қазақстандық Месси» «Уфаға» ауысты

«Қазақстандық Месси» «Уфаға» ауысты

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері «қазақстандық Месси» атап кеткен Жамбыл футболының түлегі Еркебұлан Сейдахмет ақыры ресейлік «Уфа» футбол клубына ауысты. Бұл туралы аталмыш клубтың сайтында ресми хабарланды. Жерлесіміздің ресейлік командамен қанша жылға келісімшарт жасасқаны әзірге белгісіз. Дегенмен команда басшылары Еркебұланды бірнеше жыл бойы клуб құрамында ұстауға ниеттеніп отыр. Бұған дейін «Уфа» футбол клубымен бірге оқу-жаттығу жиындарына қатысып қайтқан Еркебұлан жақында ғана 18 жасқа толған болатын. – Ресей чемпионаты әлбетте тартысты жағдайда өтеді. Мен «Уфа» сапында өзімнің футболшы ретіндегі әлеуетімді дәлелдеп, алдағы уақытта тәуелсіз Қазақстаннан шыққан тұңғыш ағылшын премьер-лигасының немесе Испания ла-лигасының ойыншысы атанғым келеді. Сол үшін талмай тер төгуге әзірмін. Өкінішке қарай, қазіргі таңда ол біріншіліктерде бақ сынап жатқан қазақ ойыншылары жоқ. Осы олқылықтың орнын толтырып, болашақта қазақ футболының даму үдерісін бастан өткеріп жатқанын қарт құрлық Еуропаға дәлелдеуге тиіспіз, – дейді жамбылдық жампоз. Біраз уақыт бұрын Ресейде өткен Гранаткин мемориалы турнирінде жасындай жарқырап, мамандар тарапынан жылы пікірлер естіген тараздық талантты футболшының әлеуеті зор екені талас тудырмайды. Әйтсе де бірқатар сайыпқырандарымыз жарқырап тұрған шағында от болмай, жоқ болған еді. Еркебұлан солардың тағдырын қайталамаса деген ізгі ниетіміз бар.

Табиғат АБАИЛАЕВ