Денсаулық

Биліктің биік бейнесі

Биліктің биік бейнесі

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күнімен ҚҰТТЫҚТАУЫ

Құрметті мемлекеттік қызметшілер! Қадірменді әріптестер! Әрбір өркениеттің өріне қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға апарушы мемлекеттік қызметкер екені белгілі.Сондықтан да, ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі міндет. Өйткені, мемлекеттік қызметші – биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді. Баршаға белгілі, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2003 жылы әр жылдың 23 маусымын мемлекеттік қызметшілер күні деп атап өту жөнінде ұйғарым жасаған болатын. Бұл шараның – халықаралық аренада мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік қызметшінің статусын көтеруге оң ықпал еткені ақиқат. Осыған орай Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өткен жылы 23 маусымды Мемлекеттік қызметші күні деп жариялап, арнайы Жарлыққа қол қойды. Бүгін осы Мемлекеттік қызметші күні кәсіби мерекесін тұңғыш рет ресми түрде атап өткелі отырмыз. Мемлекеттік құрылымдар мен мемлекеттік қызметші – халық пен қоғам арасын жалғастырып отырған алтын көпір. Ал, сапалы мемлекеттік қызмет көрсету – әрбір мемлекеттік қызметшінің парызы. Өйткені, ол өзі берген антына адалдық көрсетіп, мемлекеттік қызметшінің Ар-намыс кодексі мен этикасының эталоны болуы керек. Бүгінде облыста басқарудың «А» корпусы бойынша 16, ал, атқарушы «Б» корпусында 5157 қызметші мемлекеттік органдарда табысты еңбек етуде. Қазіргі таңда облысымызда мемлекеттік қызметте нәтижелі жұмыс атқарып, жаңадан келген мемлекеттік қызметшілерге үлгі көрсететін тәжірибелі әріптестеріміз баршылық. Ел игілігі үшін аянбай қызмет етіп, көпшіліктің алғысына бөленіп, мемлекеттік наградаларға қол жеткізіп жатқан қызметшілер саны жыл санап артуда. Бұл сан жылғы адал еңбектің әділ бағасы. Құрметті әріптестер! Халқымызда «Билігі мықты елдің – тірлігі құтты болады» деген дана сөз бар. Сондықтан да, қашан да жүгі ауыр билік міндетінің ауқымды және мақсатының биік болары барлық мемлекеттік қызметшілердің әрқашан жадында болуы керек. Бүгінгі таңдағы мемлекеттік қызметшінің басты міндеті – туған Отаны мен халқына адал қызмет етуімен бағаланады. Барша көпшілікті Мемлекеттік қызметші күні кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! «Басты міндет – елге қызмет!» деген мазмұны терең, міндеті жауапты сөзді еске сала отырып, әріптестеріміздің мемлекеттік қызметші деген абыройлы атаққа үнемі лайықты болуларына тілектеспін.