Автопарктер неге алаңдаулы?
Автопарктер неге алаңдаулы?
Таяу арада тасымалдаушыларға қолдау көрсетілмесе, ескірген автобустардың жаппай істен шығуы ықтимал. Соның салдарынан қоғамдық көліктердің жолда қатынау қаупі артып, мұның соңы жолаушыларға қызмет көрсету сапасының едәуір төмендеуіне әкеліп соқпақ. Облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен брифингте «ӘулиеАтаТрансПасс» ЖШС басшысы Рашид Пірманов осылай деп мәлімдеді.
Бір өзінде 190-ға жетеқабыл жолаушылар көлігі бар Тараз қаласындағы ең ірі автопарктің тізгінін ұстап отырған Рашид Пірмановтың айтуынша, көптен бері қордаланған бұл мәселені шешудің мезгілі әбден жеткен. «Соңғы жылдары жанар-жағармайдың бағасы өсті. Бұл автопарктердің жұмысына салмақ салды, көлік компанияларын қымбатшылық қысты. Тасымалдаушылардың басым көпшілігінде несиеге алынған көліктердің өтеуі бар. Алайда біз тек парктерді жаңартуды мақсат етпейміз, сондай-ақ жолаушыларды тасымалдау жағдайы мен жұмысшыларымыздың қызмет көрсету сапасын арттыруды да көздейміз», – дейді ол. Тасымалдаушы кәсіпкерлердің сөзіне сенсек, бұл салаға түбегейлі өзгеріс қажет. Егер парктер мемлекеттің қолдауынсыз жұмысын жалғастырса, бірнеше жылдан кейін қолданыстағы көліктер ескіріп, қызмет сапасы төмендейді. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек атап өткендей, қазіргі таңда Тараз қаласында барлығы 11 автопарк бар. Компания көліктерінің 50 пайызы ескірген. Ал қоғамдық көліктерде жүру үшін төленетін қолданыстағы тарифтің өзіндік құнына қарағандағы айырмашылығы салада туындаған мәселенің басты себебіне айналуда. «Автомобиль көлігі» туралы Заңның 19-бабына сәйкес, бұл айырма жергілікті атқарушы билік тарапынан субсидиялануға тиіс. «Бізге қаладағы автобус парктерінен шағымдар келіп түсуде, көбісі қазіргі жағдайды жолақы тарифінің төмендігімен байланыстырады. Қолданыстағы 65 теңгелік жолақы құны несиені өтеу, қосалқы автомобиль бөлшектерін сатып алу, қызметкерлердің жалақысын көтеру сынды қажетті шығындарды жаппайды. Автобус парктері басшыларының ойынша, Тараз қаласындағы жолақының нақты бағасы 95 теңгені құрауға тиіс. Алайда қарапайым халық үшін мұндай жоғары баға әлеуметтік қиындық туғызары анық. Осыдан барып қаладағы парктерді субсидиялау мәселесі туындап отыр. Ол үшін барлық керекті нормативтік-құқықтық база қарастырылған. Қаладағы жолаушыларды тасымалдайтын автопарктерді субсидиялау арқылы жолақыны қымбаттату мәселесінен арылуға болады», – дейді Мәріпбек Шәкербек. Қазіргі таңда жоғарыда аталған қауымдастық пен Тараз қаласы «Жүк және жолаушыларды тасымалдау» ЗТБ жұмысының басым бағыттарын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспары әзірленді. Олардың бірі – жергілікті атқарушы органдар атына жолаушыларды тасымалдауда мемлекеттік қолдауға қатысты ұсыныстар енгізу. Бұл жоспар облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жіберілді. Нәтижесінде ағымдағы жылдың 6 ақпанында палата мен жолаушы тасымалдаушы мекемелер арасында келісімшарт жасалды. Жақын күндері палатада облыстық жолаушыларды тасымалдау қауымдастығы мүшелерімен кездесу өткізу жоспарлануда. Онда субсидияландыру мәселесі бойынша ұсыныстар әзірленіп, жергілікті атқарушы органдарға жолданатын болады.
Ақбота БАТЫРБЕКОВА, облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы