Өсім бар, түйткіл де аз емес
Өсім бар, түйткіл де аз емес
Шу ауданының әкімі Қайрат Досаевтың жергілікті тұрғындардың алдында 2017 жылы атқарған жұмыстары туралы қорытынды есебіне қарап, ауданда жан-жақты өсім бар екеніне көз жеткізуге болады. Әрине шешілмеген, қордаланған мәселе де, кезегін күткен түйткілді істер де көп.
Нақты қолға алынған шаруалар да жоқ емес. Соның ішінде тұрғындардың жұмыспен қамтылуы, өндіріс пен ауыл шаруашылығының дамуы жеделдегенін де көрдік. Ең бастысы, елді мекендерді таза сумен қамтамасыз ету, балабақшамен, мектеппен қамту, жұмыс орындарын ашу ісін жетілдіру, қылмыстық істердің азайғаны көңіл көншітеді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев қатысты. Аудан тұрғындары алдында есепті баяндама жасаған Қайрат Әскербекұлы биыл жүзеге асатын бірқатар инвестициялық жобаларға да кеңінен тоқталды. Олардың қатарында жалпы құны 2 миллиард теңгені құрайтын «STANDARDCONSTPUCTION» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Битум» зауыты бар. «ХОЗУ Агро Систем» ЖШС-ның «Қант қызылшасы мен қант құрағын өңдеу, қант және лимон қышқылын шығару» зауытының да құрылысы жуық арада басталады деп күтілуде. Жобалық құны 3 миллиард 500 миллион теңгені құрайтын зауыт күніне 200 тонна қант қызылшасын өңдеу әлеуетіне ие болмақ. Биылғы жылдың үшінші тоқсанында жұмысын бастайтын инвестициялық жобалардың бірі – «Комбайн Сази Иран» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің комбайн зауыты. Ол жылына 10551 үлгісіндегі 20 комбайнды құрастыруға қауқарлы болса, бұл жобаның жалпы құны 1,5 миллион АҚШ долларын құрап отыр. Сондай-ақ екінші жартыжылдықта «глифосат» және «үштекті фосфор хлоры өндірісі» біріктірілген химиялық кешені де өз жұмысын бастамақ. Аталған жобалар түгелдей жүзеге асқан жағдайда аудан бойынша 500-ден аса жұмыс орны ашылады екен. Баяндама аяқталғаннан кейін облыстық мәслихаттың депутаты Тұрсынбай Халық аудан әкімінің жыл ішінде атқарған жұмысына оң баға беріп, алда тағы да атқаратын жұмыстың көп екенін жеткізді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қазақбай Байжұманұлы ауыл шаруашылығына қатысты бірқатар мәселелерді қозғап облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаевқа құлаққағыс етті. Жиында сөз алған Мәден Тоқтарбайұлы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің ауыл шаруашылығы саласына көп басымдық беріп отырғанын жеткізді. «Қазір мемлекет тарапынан сала ісін жетілдіруге үлкен қолдау көрсетілуде. Біз мал тұқымын асылдандыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді арттыруға көңіл бөлуіміз қажет. Қазіргідей жаһандану мен даму дәуірінде қандай сала болмасын енжарлықты көтермейді. Біздің міндет – халықтың әл-ауқатын арттырып, жақсы тұрмысқа қол жеткізу. Тұрмысты түзеу үшін тынбай еңбек ету керек. Кәсіппен айналысамын деушілерге қолдау мен көмек көрсетуге әрқашан дайынбыз», – дей келе кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында берілетін несие, субсидия сынды қаржылай қолдау түрлерінің тиімді тұстарын жиналған жұртшылыққа түсіндіріп берді. Жиын соңында тұрғындар тарапынан бірқатар сауалдар қойылып, аудан әкімі барлық сұраққа толықтай жауап берді. Бұл жалпы аудан бойынша қол жеткізген көрсеткіштер. Дегенмен жекелеген ауылдарда түйіні тарқамаған түйткілдер көп. Ол мәселелер аудан әкімінің әр ауылдық округте өткізген есепті кездесулерінде толық айтылды. Су қоймаларынан төнген қауіп пен құбыр тарту қызметінің құнын қолдан шарықтатып отырған компаниялардың жайын айтқан тұрғындардың жанайқайына құлақ түрмей тұра алмайсыз. Жұрт ашына жеткізген менменсіген мемлекеттік қызметшілердің әрекеті де бас шайқатады, еріксіз. Біз осы жайттарды да көңілге түйіп, қойын дәптерімізге түртіп алдық. Оны алдағы санда жарияланатын мақалаларымызда айтамыз.
Ерғали Қартайған Шу ауданы