Жалған сөздері жарға жықты
Жалған сөздері жарға жықты
Қылмыстық кодекстің 419-бабының талаптарына сай, яғни «Көрінеу жалған сөз жеткізген» үшін 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жаза белгіленгенін біреу білсе, біреу білмейтін сыңайлы. Міне осындай оқиғалардың алдын алу және болдырмау мақсатында, орын алған жағдайда оның жауапкершілігі туралы мағлұматты төмендегі мысалмен жеткізгім келді. Атап айтқанда өткен жылдың шілде айында Е. өзінің сыныптасына ер-азаматтармен өз еркімен жыныстық қатынасқа түсуге, содан кейін үстерінен полицияға арызбен шағымданып, зорлады деп қылмыс жасағаны туралы көрінеу жалған сөз жеткізуді ұсынған. Өз кезегінде бойжеткен бұл ұсынысқа келісіп, бұрын танымайтын азаматпен танысып, оған оңаша кездесуді ұсынған. Сөйтіп, «Жеңіс» саябағында әлгі еркекпен кездесіп, өз еркімен жыныстық қатынасқа түскен. Содан әлгі бикеш ортақ қылмыстық іс-әрекеттерін соңына дейін жеткізу мақсатында, өзінің ұялы телефонынан Е.-ге көмектес деп хабарлама жолдаған. Сыныптасын ешкімнің зорламағанын біле тұра Е. пайдакүнемдік ниетпен қылмыс жасалғаны туралы көрінеу жалған сөз жеткізу мақсатында, өзінің қолданып жүрген ұялы телефоны арқылы оқиға орнына полиция қызметкерлерін шақырған. Сөйтіп, осы жалғандық бойынша Тараз қаласы ІІБ-нің 120-бабы, 2-бөлігі, 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру қылмыстық ісі қозғалып, жедел іздестіру шараларын қолға алған-ды. Алайда сыныптастардың көрінеу жалған сөз жеткізгендері анықталып, өздеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 419-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру қылмыстық ісі басталған. Себебі олар адамды ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен құқық қорғау қызметкерлерін аяғынан тік тұрғызған болатын. Міне, соның салдарынан Тараз қаласы №2 сотының үкімімен бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Ғани ҚҰРМАНОВ, Тараз қаласы прокуратурасының аға прокуроры