Құқық

Бүлік іздеме, білім ізде

Бүлік іздеме, білім ізде

Өркениет үдерісінде болашағының жарқын болғанын қалайтын әрбір зайырлы мемлекет жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне, толыққанды азамат болып өсуіне жіті көңіл бөліп, мол мүмкіндіктер қарастырады. 2015 жылы 9 ақпанда қабылданған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жастар саясаты туралы заңында 14 жастан 29 жасқа дейінгі азаматтар жастар санатына жатқызылған. 2009 жылы өткен халық санағының қорытындысы бойынша осы санаттағылар eлiмiздeгi тұpғындap caнының 27,4 пайызын (4 510 435 aдaм) құpaды. Жастардың 2487826-сы қаланы, 2022609-ы ауылды мекендейді. Бұл – қай жағынан алып қарасақ та, үлкен күш, қуатты ресурс.

Қазіргідей алмағайып заманда осындай адами капиталға арқа сүйеп, оларға дұрыс бағыт-бағдар беру жауапкершілікті талап етеді. Себебі бүгінгідей әлемдегі діни ахуал шатқаяқтап тұрған кезеңде неге болса да сергек қараған абзал. Оның ішінде қазақ елі үшін жастардың діни көзқарастарының дұрыс бағытта қалыптасқаны, радикалды діни идеялардан мүлдем аулақ болғаны қажет. Уақыт өткен сайын жаһанда теріс діни ағымдардың уағыз-насихаты әсерінен адасушылар саны арта түсуде. Өмірлік тәжірибесінің аздығынан, діни сауаттылығының төмендігінен жастар деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсіп жатады. ДАИШ тәрізді теріс ағымның жалған насихатына еріп, бірқатар қазақстандықтар Сирия, Ирак аумағындағы соғыс ошақтарына аттанғаны белгілі. Адасушылардың зардабы олардың балаларына да тиіп отыр. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Н.Білісбеков Парламент Сенатының отырысында Сирия, Ирак аймағында 16 жасқа дейінгі 390 бала (214 ұл, 174 қыз) бар екенін мәлімдеген болатын. Бұл сан жас бүлдіршіндердің оқу оқып, білім іздейтін шақта жат елдегі қанды қырғында жүргенін көрсетеді. Ғаламтор жүйесі мейлінше дамыған заманда сан түрлі діни мағлұматтар алуға болады. Оның дұрысы да, бұрысы да бар. Бізге зияны – соның бұрыс бағыты. Сыртқы күш қоғамды іштен іріту үшін алуан айланы қолданып, өздерінің теріс идеологиясын үздіксіз жариялауда. Ораторлық қабілеті, харизмалық ерекшелігі бар жалған діни ілімдердің көшбасшылары адамдардың санасына әсер ететін психологиялық әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы оларды өз қатарына тартып отыр. Сәйкесінше жастар өздеріне қажетті ақпараттарды ғаламтор арқылы жылдам алады. Олар ақпараттардың дұрыс немесе бұрыстығын ажырата білмейді. «АСТ Қазақстан» компаниясы жүргізген зерттеулерге қарағанда қазақстандықтардың 70 пайызы әлеуметтік желілерді пайдаланады. Сауалнама алынғандардың 43 пайызы «Вконтакте» желісін, 34 пайызы «Одноклассники» желісін, 31 пайызы «Instagram» желісін, 21 пайызы «Мой мирді», 19 пайызы «Facebook» желісін, 5 пайызы «Twitter», 3 пайызы басқа әлеуметтік желілерді пайдаланатыны анықталған. 18-29 жас аралығындағы жастардың басым бөлігі «Вконтакте» (60%) және «Instagram» (62%) желілерін пайдаланатыны белгілі болған. Сайттар мен әлеуметтік желілердегі дәстүрлі дінімізге кереғар парақшаларда аудио, видео өнімдері, жазбаша үгіт-насихаттары кездесіп қалуына байланысты ғаламторды пайдалану кезінде ел азаматтарына барынша сақтық пен мұқияттылық өте қажет. Дін саласы бойынша ақпарат іздеген сәтте Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне және ислам дініне қатысты сұрақтармен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты сайттардан ақпарат алған жөн. Ал күмәнді сайттар мен әлеуметтік желілердегі парақшалар азаматтарды жарға жығады. 2017 жылы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі 10174 интернет-ресурстың мазмұнына сараптама жүргізіп, оның ішінде 3555 сайттың заң бұзушылық бағыттағы қызметін анықтаған. Осы жылы 15 азамат әлеуметтік желілерде террорлық үгіт-насихат жүргізгені үшін, 2 азамат діни араздықты қоздырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ел жастарының діни экстремизм мен терроризмге қарсы рухани иммунитетін күшейтуде патриотизмнің алар орны ерекше. Өзінің тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін біліп өскен, әрі соларды мақтан тұтатын ұрпақ мемлекеттің болашағына айналады. Міне, осы ойды қозғаған Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында былай деген еді: «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек». Яғни халық өзінің ұлттық бет-бейнесін анықтайтын құндылықтардан айырылмай, болашаққа қадам жасауы тиіс. Бүгінгі таңда деструктивті діни ағымдар өздерінің құрығына түскен жастарды Отанға деген сүйіспеншілігінен, сан ғасырлардан бері келе жатқан салт-дәстүріне деген құрметтен айырып келеді. Жалпы, Қазақстан жастарының діни фанатқа айналмай, діндарлығының ата-бабадан қалған дәстүрлі діни таныммен, патриотизммен үйлесім табуы үшін бірқатар кешенді іс-шаралар қажет. Сананы улаушы, кертартпа діни ағымдардың ілімдеріне қарсы тұру үшін идеологиялық қарсы насихат шараларының өткір де өтімді, санаға жетімді болғаны жөн. Жоғарыда келтірілген мысалдар ел жастарының әркімге еліктеуші емес, өзіндік пікірі бар, ұлттық тамырынан ажырамаған азамат болып қалыптасуына зор ықпал ететіні талас тудырмайды. Елбасы «Тәуелсіздік белестері» атты еңбегінде діннің тұтастығына ерекше баға берген еді: «...Діннің тұтастығы – қашанда елдің тұтастығы. Діни алауыздық ұлттық алауыздыққа соқтыратыны тарихтан белгілі». Бұдан түйетін ой – әрбіріміз қастерлі тәуелсіздіктің бағасын біліп, халқымыздың тұтастығына қауіп төндіретін теріс діни ағымдардан аулақ болғанымыз абзал. Қоғамымызды іштен ірітетін ниеті бұзық сыртқы күштердің арбауына түспей, соған қарсы отансүйгіштік, патриоттық иммунитетімізді шыңдап, азаматтық борыш биігінен көріну – баршамызға сын.

Елнұр ӘСКЕНҰЛЫ, «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ ақпараттық түсіндіру және талдау бөлімінің инспекторы