Білім

Қаржылық сауаттылық аса қажет

Қаржылық сауаттылық аса қажет

Қазіргідей кәсіптік білімнің көкжиегі айқындалған кезеңде қаржылық сауаттылық туралы мәселені ойласу керек. Себебі қаржылық үдерістер жайлы жалпы түсініктің жоқтығы – бүгінде көптеген тұрғындарды жарға жығып жатқаны жасырын емес. Осыны ескерген Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің «Экономикалық пәндер циклінің әдістемелік кеңесі» оқытушылары сала мамандарын шақырып, «Экономика және қаржылық сауаттылық» тақырыбындағы кездесу ұйымдастырды. Негізгі мақсат – студенттерге қаржылық сауаттылықтың маңыздылығы мен қажеттілігін түсіндіру, қаржылық сауаттылық мәдениетін қалыптастыру. Кездесуге Ұлттық банк республикалық мемлекеттік мекемесінің Жамбыл филиалы валюталық операцияларды бақылау бөлімінің басшысы В. Итмашева, экономикалық талдау және статистика бөлімінің бас маманы Т. Тасқараев, қаржы ұйымдарын бақылау және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Е. Әзімханов, «Вusiness Advice» консалтинг компаниясы «Sunkar ink» ЖШС-ның директоры Ж. Есжанов қатысты. Кездесуде колледж оқытушысы «Қаржы секторын қайта жаңғырту – заман талабы» тақырыбында баяндама жасап, білім алушыларға еліміздің қаржы-экономикалық жағдайы туралы кеңірек түсіндірді. Соңғы жылда қазақстандық банк секторында жұмыс істемейтін кредиттердің үлесі артқаны көпшілікке мәлім. Осыған байланысты Елбасы Н.Ә.Назарбаев Жолдауда банктердің балансын тиімсіз несиелерден арылту жұмысын жеделдетіп, қажет болған жағдайда олардың капиталын акционерлер тарапынан арттыруды қамтамасыз етуді тапсырып отыр. Ал қаржы секторын «қайта жаңғырту» бағыты бойынша мәселелердің негізгі бөлігі Ұлттық банкке тиесілі. Сондықтан Мемлекет басшысы жүктеген міндеттемелер іске асса, қаржы жүйесіндегі өзекті мәселелер түбегейлі шешімін табары анық.

Айжан Шүлембаева, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің оқытушысы