«Күмістен болған жүзігі, Алтыннан болған алқасы»
«Күмістен болған жүзігі, Алтыннан болған алқасы»
Алғашқы жұптың айтысы аяқталды
Газетіміздің 11 қаңтар күнгі №4 санында «Aq jol» басылымы мен облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бірлесе қолға алған жаңа жобамыз – «Арқа төсіндегі арман қала» атты ақындардың жазба айтысы басталған болатын. Елордамыз Астана қаласының жиырма жылдық мерейтойына арналған айтыс ақындарының жыр додасына үш жұп таңдалып алынғаны белгілі. Астананы жырына арқау еткен ақындардың алғашқы жұбы Ербол Қамбатыров пен Дархан Әбдіманат арасындағы сөз сайысы тұрақты түрде оқырмандардың назарына ұсынылып келді. Қаратаудың қара нары атанған Ербол мен төл өнердің туын көтеріп жүрген жас пері Дархан арасындағы аламан көпшіліктің көңілінен шыққанына күмәніміз жоқ. Редакциямызға хабарласып, айтыстың жалғасы қашан жарияланатынын сұраған әлеуметтің тілегінен де соны аңғардық. Өткен аптада газетімізге Ерекеңнің алғашқы жұптың айтысын түйіндеген, салмақты сөз, сүбелі оймен әдіптелген шумақтары жарияланған-ды. Бүгін соңғы сөзді оның қарсыласы Дархан Әбдіманат алып отыр. Осымен талай доданы көрген тәжірибелі ақын Ербол Қамбатыров пен республикалық айтыстарда жүлде алып жүрген жас талант Дархан Әбдіманаттың сөз сайысы мәресіне жетіп отыр. Таңдайына жыр ұя салған ақындарымыздың қайсысы басым түсті, кімнің ойы өтімді болды? Бұл сауалдарға, әлбетте мерейтой қарсаңында жауап беретін боламыз. Алдағы уақытта сөз тізгіні сарысулық Алик Бекмұсаев пен тараздық Райхан Мәселбекқызына тиеді. Келесі жұптан да қазақы қалжыңмен өрілген тосын теңеулерге толы жыр жолдарын күтеміз. Ендеше ақындарға сәттілік серік болсын!
[caption id="attachment_59654" align="aligncenter" width="500"] Дархан Әбдіманат:[/caption]
(Ербол Қамбатыровқа жауап)
Ереке біз едік қой шырақтарың, Шырақты сөндіруге құмартпағын. Тағы да қызық болды-ау, мойындамай, Сусылдап су жұқпаған сынап халің. Егерде естіп тұрып бармай қалсам, «Құлағым түссін» деп бір жұбатқаның. Көршіден хабар айтып жібергенге, «Бармаймын» деп кеше еді жылатқаның. Ер-аға, демек бəрін естігенсің, Сондықтан өз туыңды құлатпағын. Ақынның бірі едің кəрі құлақ, Таңғалдырып отырсың бірақ бəрін. Өзіңнен бұрын өліп кеткені-ай, Өзіңнен бұрын туған құлақтарың.
Қалың елдің қалқасы, Қаратаудың жартасы. Ошағы болған қазақтың, Көне Тараздың ортасы. Айналайын Ереке, Қосылмайтын бас емеспіз, Үш қайнаса да сорпасы. Тұлпар мен тай едік қой, Басымызға тимеген Батыраштың балтасы. Тілектеріңе рахмет, Жүдеткеніңе рахмет, Өрілмеген арқанмен, Өрмелей бермей тарқашы. Саған да қымбат Тараздың, Маған да қымбат əр тасы. Астананың тойы ғой, Күмістен болған жүзігі, Алтыннан болған алқасы. Нұрсұлтан қала қылды ғой, Жоқ еді тіпті қаңқасы. Астанадай бай болып, Қалыңдай берсін бар болып, Əр қазақтың қалтасы. Арқаның Арқа болғаны Елбасымның арқасы!