Жапон оқушыларының ерекшелігі қандай?
Жапон оқушыларының ерекшелігі қандай?
Жапониядағы балалар кішкентай күнінен-ақ мектепке өздері барып, келе береді. Оларды қате жауап үшін де мақтайды. Олар сабақ үстінде мұғалімді алмастыруға құқылы. Неге жапондық балалар мүлде басқа? Мұғалім тақтаға математикалық теңдеу жазады. Сосын сыныпқа бұрылып, күтіп тұрады. Сәл уақыттан соң бір оқушы қол көтереді. Мұғалім жанына келеді. Дәптеріне үңіліп, есептің жауабының астын сызады: бәрі дұрыс. Ары қарай қызық жағдай басталады. Енді әлгі оқушы орнынан тұрады да қолын көтерген келесі оқушының есебін тексереді. Осылай жалғаса береді. «Егер өзің білген нәрсені басқаға үйретсең, ақпараттың тоқсан пайызы миыңда қалады, – дейді жапондық мұғалім Кунито Иту. – Егер тақтаның алдына шығып жай ғана түсіндіріп берсем, онда ақпараттың қырық пайызы ғана оқушыға түсінікті болады. Өзара талқылай отырып, бір-біріне үйретсе, сонда ақпарат сіңімді болмақ». Оқушылар топтасып жұмыс істейді. Мұғалімдер әртүрлі жауапты тапқандарына қуанады. Немесе бірдей жауапқа әртүрлі жолмен келсе, жетістік деп есептейді. Сосын бәрі бірігіп кім қандай жолмен шығарғанын талқылайды. Америкалық журналист үзілісте ойнап жүрген бір оқушыдан ең сүйікті пәнің не деп сұрапты. Бала ойланбастан «математика» дейді. Сондықтан да шығар, Нобель сыйлығын алған физиктердің тең жартысы – жапондар. Қызықтың бәрі сабақ біткенде басталады. Алты-жеті жасар кішкентай оқушылар мектептен кейін үйлеріне өздері қайта береді. Бұған ешкім таңғалмайды. Жапондар соңғы жиырма бес жылдан бері «Менің тұңғыш тапсырмам» деген реалити-шоу көрсетіп жатыр. Онда үш жасар бөбектердің өзі нан сатып алуға өздігінен бара береді. Жол-жөнекей оларды камера түсіріп отырады. Неге жапондықтар балаларын жалғыз жіберуге қорықпайды? Неге олардың балалары соншалықты естияр? Америкалық мәдениеттанушы Дуэйн Диксонның айтуынша, мәселе тек көшеде қылмыстың аздығынан емес, жапондардың топтасып, ұжым болып өмір сүре алатындығында екен. «Жапон балалары қажет кезінде көшедегі кез келген жапоннан көмек сұрай алатынын біліп өседі» дейді. Оқушылар ұжымдық ынтымақ пен жауапкершілікті мектеп табалдырығын аттап басқан алғашқы сәттен үйрене бастайды. Оқушылар кезек-кезек кабинет жинастырады. Асханада кезекші болады, дәретхана жуады. Мұндай жұмыстарға арнаулы қызметшілер алынбайды. «Барлығы барлығына жауапты» деген ұстаным. Бұл ұстаным өмірдің барлық саласына қатысты. Қоғамда да маңызды рөл атқарады. Оның ішінде көлікте жүргенде: қоғамдық көлік жолаушы үшін өте ыңғайлы әрі қауіпсіз. Диксонның айтуынша, батыс өркениетінде өскен адамды «кішкентай бөбектердің ерте ес кіруінен» гөрі қоғам мүшелерінің бір-біріне деген «мызғымас сенімі» таңғалдырады екен.
Аударған Шынар Әбілдә