Білім

Төрт тілді қатар меңгереді

Төрт тілді қатар меңгереді

Облыс орталығындағы дарынды ұл-қыздарға арналған «Білім-Инновация» мектеп-интернаттарына бара қалсаңыз, тәрбиемен ұштастырылған білімнің жемісті боларына көз жеткізе түсесіз. Аталған мектептерде тәлім-тәрбиеге баса мән берілетінін еститінбіз, бірақ мән бермеген екенбіз. Бірқатар ата-аналар баласы сонда оқығалы мінезі көп өзгергенін айтатын.

Тараз қаласындағы Сыпатай батыр көшесіндегі Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» мектеп-интернатының ауласына кіргенде оқушылардың сабырлы, салмақты қалыппен, иба сақтап, ізетпен амандасқанына қарап, ойланып қалдық. Бала болып, абыр-дабырға басып жатқан ешкім жоқ. Сабақ арасындағы үзіліс кезі де у-шусыз. Көп уақыт өтпей аталмыш оқу орнының директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлфайруз Ілиясқызына жолығып, мектеп-интернаттың тыныс-тіршілігі жайлы әңгімелестік. 1994 жылы 12 қыркүйекте облыс әкімдігі және облыстық білім басқармасының ұсынысымен қазақ-түрік лицейі ретінде ашылған білім ордасында алғашқы оқу жылында 50 оқушы қабылданған екен. – Бүгінге дейін мектеп-интернаттан 737 оқушы білім алды. Қазір Елбасының тапсырмасына сай білім берудің жаңа стандарты енгізуде. Біздің басты бағытымыз – білім мазмұнын байыту мен жеделдету стратегиясына бағытталған базалық білім беруді дамыту және жаратылыстану-математикалық бағытта оқушыларға ерте кәсіптік бағдар беру. Сол арқылы дарынды және шығармашылық қабілеті жоғары оқушылармен жұмыс жүйесі нығаяды. Теориялық және іс-тәжірибеде мәдениетті жеке тұлға қалыптасады, оқу үрдісін ақпараттандыру жүйеленеді, мұғалімнің кәсіби үдерісі жетіледі, – дейді Гүлфайруз Ілиясқызы. Мектеп-интернаттың материалдық-техникалық базасы әлемдегі озық білім ошақтарын­дағыдай жабдықталған екен. 280 орындық жатақхана, 200 балаға арналған асхана, 1 спорт және тренажер залы, 1 би бөлмесі және акт залы, медпункт, кір жуатын бөлмесі бар. Оқуға қабылданғандарға 4 тілді еркін меңгеруге мүмкіндік мол. Мәселен, жаратылыстану-математикалық бағытта математика, физика, химия, биология және информатика пәндері – ағылшын тілінде, қазақ тілі, Қазақстан тарихы, Қазақстан географиясы, алғашқы әскери дайындық, дене шынықтыру пәндері – мемлекеттік тілде, орыс тілі мен әдебиеті – орыс тілінде оқыталады екен. Қосымша түрік тілі де үйретілетін көрінеді. Білім ордасы халықаралық білім беретін құрылымдармен және институттармен байланыс орнатқан. Олардың қатарында АҚШ, Англия, Жапония, Түркия мемлекеттеріндегі іргелі оқу орындары бар. Оқу үдерісінде британдық модель қолданылады. Соңғы жылдары инновациялық жұмыстарға да басым бағыт беріле бастапты. Соның нәтижесінде болашақтың энергиясы, робототехника, тұрақты энергия көздерін дайындау инженериясы, әлеуметтік ғылымдар бойынша жұмыстар қолға алыныпты. Латын әліпбиіне көшу де назардан тыс қалмаған. Мектеп-интернаттағы 34 мұғалімге қойылар талап та жоғары. Білікті мамандар –Жазира Құрманбекова, Ләйлә Әлімбаева, Фариза Тілеуқұлова, Мадина Оспанәлиева білім сапасын көтеру жолында тынымсыз еңбек етіп келеді. Үнемі ізденіс үстінде жүретін ұстаздардың шәкірттері де жерге қаратқан емес. Мәселен, былтыр Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан 48 оқушы 100-ден жоғары балл жинап, облыста үздік атанды. Облыстық, республикалық, халықаралық ғылыми жобалар жарыстарына да қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Жалпы түлектер ҰБТ-да жылдан-жылға жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, «Білім-Инновация» лицейлері арасында облыста бірінші орынға көтеріліп, 10 жылдан бері республикадағы «100 үздік мектептің» қатарынан түскен емес. Аталған мектеп-интернатта оқушылардың сыни ойлау қабілеті және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға баса көңіл бөлінеді. «Соның арқасында әрбір оқушының функционалды сауат­тылығы артып, көшбасшылық, өзін-өзі басқару құзыреттілігі арта түсті», – деді бізбен қоштасарда Гүлфайруз Ілиясқызы.

Сәулембай Әбсадықұлы, журналист

Тараз қаласы

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан