Басты жаңалық

Пикассоның картинасының астынан белгісіз ер адамның портреті табылды

Пикассоның картинасының астынан белгісіз ер адамның портреті табылды

Вашингтондағы Филиппс жинағындағы Пабло Пикассоның ертедегі шығармаларының бірі «Көкшіл бөлме» астынан зерттеушілер белгісіз ер адамның портретін тапты. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.

Инфрақызыл сәулелердің көмегімен пиджак киіп, галстук таққан ер адам анық көрінеді. Ол шынтақтап отыр, қолының саусақтарында – үш сақина бар. Бұдан 60 жыл бұрын жаңғыртулар «Көкшіл бөлме» картинасының астынан тағы бір суреттің белгілерін байқаған. 1990 жылдары ғана бұл пайымдауларды рентген сәулесі арқылы тексеру мүмкін болды. 2008 жылы Филиппс жинағының, Вашингтондағы ұлттық өнер галереясының және Корнель университетінің мамандары инфрақызыл сәулелер арқылы анық емес бейнені көрді, ал өткен аптада жетілдірілген сканер технологиясының арқасында портреттің барлық егжей-тегжейі белгілі болды. Сарапшылар енді картинада кім бейнеленгенін анықтауға тырысып, бас қатыруда. Пикассо картиналары екі қабаттан тұратыны алғашқы оқиға емес. Оның Нью-Йорктегі Гуггенхайм мұражай коллекцияларындағы «Киім үтіктеуші» шығармасынан да жаңғыртушылар мұртты ер адамның бейнесін тапқан болатын.