- Advertisement -

«Қара пиарды» кім тияр?

608

- Advertisement -

Бәсекеге қабілеттілік заманы кез келген тауарды жарнамаға тәуелді етіп қойды. Ондай тауардың бірден-бірі – әртістер өнері. Олар жарнаманың заманауи бағыты пиарды қолдануды әдетке айналдырған. Керек десеңіз, кейбір отандық өнерпаз­дарымыз «қиярға да пияр керек» деп қалжың таратуда.

Уақыт ағымына қарай «қазақ өнері», «қазақ эстрадасы» деген түсінік сәннен ығысып, «қазақ шоу-бизнесі» деген тіркес көбірек айтылып жүр. Тамыры батыстан бастау алатын шоу-бизнеске біз де көше бастаған екенбіз, ендеше бұл бизнестің ажырамас бөлігі саналатын пиарды пайдаға асырудың да еш сөкеттігі жоқ шығар. Алайда танымалдыққа жол табудың бұл әдісін байыппен қолданбасаң, қасықпен жиналған абыройдың шелектеп төгілуі де ғажап емес. Сондықтан түрі мен түсі көп пиарды таңдағанда адаспаған жөн. Мәселен, елге белгілі тұлға тартымды сұхбат арқылы танымалдылығын арттырса, бұл «ақ пиарға» жатады. Әртістің жеке концерттерін жиі беруін, ел аралап, гастрольдерге шығуын да қазір пиарға балаймыз. Ел аузынан түспеудің осы жолын өте сәтті қолданып жүрген әншінің бірі – Қайрат Нұртас. Ол үнемі жаңа әндер мен бейнеклиптер жарыққа шығарудан бөлек, елді елең еткізудің сан алуан тәсілін сатылап іске асырумен келеді: фильм түсірді, жеке киім дүкенін ашты, өз атымен журнал шығарды, ресейлік эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өткізуді жиілетті. Жуырда он жыл бойы жасырын ұстаған жұбайын халыққа таныстырып, фильм түсіргені де ұтымды пиар-қадам екені сөзсіз. Яғни Қайрат Нұртас «ақ пиар» арқылы халықтың өзіне, өнеріне деген сүйіспеншілігін сол күйі сақтап келеді. Ал елімізге ентелеп енген пиардың сары, сұр, жасыл, қоңыр деп бөлінетінін көбіміз біле бермейміз. Тек «қара пиардың» дәмін тата бастағандар бар екенін байқап жүрміз.
«Қара пиарға» бүгінде ресейлік әртістер әбден бейімделіп алған. Олар жеке өміріне қатысты жағымсыз жайттарды жариялап қана қоймай, оларды қолдан жасап, жалған ақпарат тарату жөнінен бірінен-бірі озуға тырысатындай. Мәселен, ресейлік әнші Филип Киркоровтың өзі «қара пиардан» қымсынбайды. Сондағы мақсаты, ескі жұлдыздар санатында қалып қоймай, жылдан-жылға жарқырай түссем деген ниет болса керек. Осыдан 4-5 жыл бұрын «Золотой граммафон» салтанатының режиссерін соққыға жығып, артынша «жындыханаға» жатыпты деген Киркоров туралы хабар желдей ескені естен кете қойған жоқ. Әншінің Николай Басковпен жанжалдасып, бір-бірін жұрт алдында кекетіп, ашық айқасқа шығуы, кейіннен татуласып, бірге ән шырқауы да «қара пиар» екені айдан анық. Сол сияқты, пиар үшін сахнада анайы қылықтар жасау, фотоға жалаңаш түсу, бір-бірімен махаббат құрғандары немесе айқасқан-шайқасқандары туралы қауесет тарату сынды әрекеттерден тайынбайтын ресейлік шоу-бизнес өкілдері аз емес.
Иә, «қара пиар» – танымалдылыққа төте жол. Танымалдылық – өнер «жұлдыздары» үшін табыс көзі. Демек, «қара пиар» дегеніңіз қарапайым түсінікке салғанда, ақша үшін абырой сатудың дәл өзі емес пе? Ал адам баласы үшін арын сатудан төмен не бар? Ең өкініштісі, итің жаман десе намыстанатын қазақтың да қазір «қара пиарды» құп санауында болып тұр. Тіпті «Бұл – бизнес!», «Қара пиар да – пиар» деп белсенділік танытатын кейбір әртістеріміз «аты шықпаса, жер өртеуге» дайын жүргенге ұқсайды. Жаманын жасырып, жақсысын асырып, жеке өмірінің көлеңкелі тұстарын көзден, сөзден тасада ұстауға тырысудың орнына, шоу мен шуды көбейтуге құмарлық белең алып келе жатқаны көңіл құлазытады.
Жалпы, адамның миы жағымды жаңалыққа қарағанда, жаман ақпаратты жедел қабылдайтыны белгілі ғой. Осы психология «қара пиардың» пайдасына асуда. Бәсекелестік жолында бәріне де дайындар үшін бұл табылған тәсіл болды. Олардың алға тартатыны – «қара пиар» – жарнаманың заманауи әрі кәсіби түрі» деген желеу ғана. Осылайша «жұлдыздар» арасында атақ пен абыройдың таразысы тең болуы тиіс екені қаперден шықты.
Негізі шетелдерде «қара пиарды» ұйымдастыратын арнайы мамандар болады. Біз әлі ол деңгейге жете қойған жоқпыз. Жетпегеніміз де абзал шығар. Бірақ еліміздегі бірқатар әншілердің, продюссерлер мен дизайнерлердің, тағысын тағы танымал адамдардың «қара пиарға» бергісіз әрекеттері әлеуметтік желіде өріп жүр. Мысалы продюссер Баян Мақсатқызының соңғы уақытта өміріндегі болып жатқан әрбір оқиға – нағыз «қара пиар». Төреғали Төреәлінің даулы оқиғалары қаншама! Бейбіт Қорғанның біреуге жұдырық жұмсағаны, Асхат Тарғынның тойдағы төбелесі, әнші Меруерт Түсіпбаева мен дизайнер Жадоның соттасуы, әнші Айқынның, актер Дәурен Айдарқұловтың отбасыларын тастап, жас әншілермен көңіл қосуы сияқты жайттар оларға деген қызығушылықты еселеп арттырып тастады. Аты аталған шоу-бизнес өкілдері мұндай сорақы әрекеттерге «қара пиарды» көздеп бармаса да, жеке өміріне қатысты көлеңкелі оқиғаларды жасырмауының өзі жеткілікті емес пе? Кейбіреулер «қара пиарды» қолдан жасап, өздеріне қара күйені өз қолдарымен жағудың жолын іздеп дал. Себебі, шын өнермен, адал еңбекпен екінің бірінің жұлдызы жана бермейді. Ал «қара пиар» әп-сәтте атағыңды айға шығарады. Сондықтан ашкөздікке ұрынғандар абыройды ысырып қойып, атақ үшін ашықтан-ашық масқаралануға бар.
Бүгінде кез келген пиар мен жарнаманың алаңы – әлеуметтік желі. Сенің танымалдылығың желідегі жиналған «лүпіл» мен парақшаңа жазылған акаунттардың санымен өлшенеді. Осы орайда, кейбір блогер-жастар да «қара пиарға» жүгіне бастаған. Оқырман санын көбейту үшін балағат сөздер айтып, жалаңаштанып, біреумен жаға жыртысып, қасақана намысын аяққа таптап жүрген қаракөздеріміз көбейіп барады. Күннен-күнге олардың парақшаларына тіркелушілер де көп. Сондықтан бұл бейжай қарайтын мәселе емес. «Сынықтан басқасының бәрі жұғады» демекші, белең алып келе жатқан бұл бассыздыққа заң жүзінде тосқауыл керек.
Қазір еліміз ғылымда, технологияда да қарқынды дамуды көздеп отыр. Осындай салалардың қатарында шоу-бизнес те қатар дамыса дейміз. Бірақ ұлттық құндылық, қазақы менталитет биік тұрмайтын даңғаза шоу-бизнестің бізге қажеті шамалы емес пе?

Қарлығаш Есбергенова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support