Жаңа әуе компаниясы 2015 жылы жұмыс істей бастайды
Жаңа әуе компаниясы 2015 жылы жұмыс істей бастайды
Жаңа әуе компаниясын құрудың алгоритмі қолдауға ие болды. Бұл туралы Үкімет отырысының қорытындысы бойынша ҚР Көлік және коммуникация министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті.
Азаматтық авиацияны дамытудың маңызды факторы ретінде ішкі нарықта жұмыс істейтін қосымша жаңа қазақстандық компанияның құрылуы қарастырылуда. «Бүгін бұл компанияны құрудың алгоритмі баяндалып, ол өз кезегінде қолдауға ие болды. Алдағы жылдың екінші жартысында, яғни үшінші немесе төртінші тоқсанда жаңа компания ішкі нарықта жұмыс істейтін болады», – деді Ж.Қасымбек. Естеріңізге сала кетейік, биылдың басында елімізде тағы бір отандық «Эйр Қазақстан» әуе компаниясы құрылатыны хабарланған еді. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» қоры «Bombardier» компаниясымен он ұшаққа серіктестік келісімін бекітті. Бұл ұшақтар өңіраралық әуе желілерінде пайдаланылады. Осы ұшақтарды қордың құрамындағы екінші отандық әуе компаниясы – «Эйр Қазақстан» пайдаланады.