Шағын футболдағы үлкен жеңіс
Шағын футболдағы үлкен жеңіс
Үлкен футболымыз ғаріптің күйін кешіп тұрғанда шағын футбол шеберлері жанкүйерлерін жарқын жеңістерімен қуантып келеді. Осыдан екі жыл бұрын кәрі құрлық төрінде ғаламат нәтиже көрсетіп, Еуропа біріншілігінде кіл мықтылармен тайталасып қола жүлдені қоржынымызға салған саңлақтарымыздың толайым табысы жұрт есінде. Сол кезде жерлесіміз, жамбылдық жампоз Серік Жаманқұлов жасындай жарқырап, Еуропаның үздік шабуылшыларының қатарынан көрінген-ді. Қазақстандық шағын футбол шеберлерінің жеңісті жорығы биыл да жалғасын тауып келеді. Електік кезеңдерден іркілмей өткен ұлттық құраманың оғландары ширек финалда Сербия құрамасын 3:1 есебімен ұтып, жартылай финалға жолдама алды. Словения төрінде жалауы желбіреген аламанда Қазақстан ойыншылары сербиялық қарсыластарын әбден тықсыртты. Ойын барысында Серік Жаманқұлов, Тайнан және Дуглас Жуниор мергендіктерімен көзге түсіп, ұлттық құраманы жеңіске жетелесе, сербтер сапынан Слободан Райкович жауап гол соқты. Осылайша екі жыл ілгеріде Сербияда қола медаль еншілеген ел футболшылары Словенияда аталған елдің саңлақтарын тоқтатты. Енді ұлттық құраманың оғландары бүгін өтетін жартылай финалда Испания сайыпқырандарына қарсы алаңға шығады. Ширек финалда испаниялық өрендер Украина футболшыларынан 1:0 есебімен айласын асырды. Еуропа чемпионатының ақтық ойыны мен үшінші орын үшін өтетін кездесу 10 ақпанға жоспарланып отыр. Бұған дейін кәрі құрлықтың қола жүлдесін иеленген ұлттық құрамамыз енді чемпион атанып, айды аспанға шығарса, шіркін!
Әзиза Әзімбекқызы, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың студенті